Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сыр сүлейлерінің сарқыты

Сыр сүлейлерінің сарқыты

Мұрат Сыдықұлы 1940 жылы Арал ауданы, Бөген ауылдық кеңесіне қарасты Қарашалаң елді мекенінде балықшы, өнерпаздар отбасында дүниеге келген. Әкесі Сыдық – мерген, аңшы, домбырашы, сауыққой-сері, анасы Болқын қолөнер және сөз шебері болған.
Ол бес жасынан домбыра тарта бастап, мектеп қабырғасында оқып жүріп халықтың, Қазанғаптың, Құрманғазының, Динаның күйлерін тартып өзі де өлең, ән жаза бастайды.
Мұрат Сыдықұлы – ән, күй-толғау, өлең-жыр жазумен 1958-1959 жылдардан бастап шұғылданып келе жатқан дарынды күйші, композитор, жыршы-ақын. Виртуоз орындаушы ретінде республикалық, Бүкілодақтық, Халықаралық өнер байқауларының лауреаты атанған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, бірнеше шәкірттер тәрбиелеген білікті ұстаз. Оның түрлі жанрдағы мазмұны терең, салиқалы шығармалары туған жері Аралмен өзектесіп, теңіз, даламен үндесіп жатады.
Сонау Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан, ұшқан құстың қанаты талатын, шапқан тұлпардың тұяғы кетілетін ұланғайыр Дешті-Қыпшақ даласын мекендеген алаш жұртының басқа ұлттар мен ұлыстардан айрықша қасиеттерімен дараланып тұратыны ақиқат. Мәселен, сүйегі қирап, сынып қалған адамды орнынан тұрғызған әруақты сынықшылар, алдағыны болжап білген көріпкел бақсылар, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен шешендер, айтатын ойын төрт тармаққа сыйғызып, сол бойда ұйқас құраған таңдайына Тәңір сөз салған ақындар қазақ елінің маңдайына біткен бақты, Қыдыр дарыған құт-берекені танытады емес пе? Осынау ұлан-байтақ Ұлы даланың перзенттерінің айтатын сөзін екі ішекті, тоғыз пернелі домбыраның шанағына сыйғыза білуінің өзі басқа халықта кездеспейтін дарын екені даусыз.
«Сыр елі – жыр елі» деп үнемі айтып жүргеніміздей, байтақ Тұран даласының ішінде Сыр өңірі өнерпаздарының алатын орны айрықша. Сонау Қорқыт, Асанқайғы бабалардан бастау алған жыршы-жыраулық мектептерінің өрісі кең, өресі биік. Біз мұны осынау сұрапыл сарынды күйлері бүгінгі күні жұртшылық арасына кең тараған күйші-композитор Мұрат Сыдықов шығармаларынан байқаймыз. Жас кезінен Үмбетәлі сияқты атақты Сыр сүлейінің жиын-тойларда, өзі айтқандай: «ағам Қуат жыршының үйінде жырлағанын көп тыңдап, оның талғампаз талантына таң қалдым. Әсіресе түрлі ән-мақамдарды оңашада домбырамен жырға қосып айтып үйреніп, жыраулық өнерді де насихаттауды алдыма мақсат еттім» дейді Мұрат Сыдықов «Жыр мәйегі – мақам» деген кітабына жазған «Жырау – сегіз қырлы, сан сырлы, әмбебап дара тұлға»  тақырыбындағы алғы сөзінде. 
Иә, есейіп, ат жалын тартып мінгеннен кейін қолына домбыра алып, өнер жолына түскесін-ақ халықтың алтын қазынасы – киелі өнердің бойына біткен сан түрлі шығармашылық ағыстары үйіріп әкеткені де шындық. Бір басына орындаушылық, ақындық, жыраулық, күйшілік қасиет қонған Мұрат Сыдықовты өмірдің асау өзені өз иіріміне ағыза жөнелген еді. Қазанғап халық оркестрін, әуесқой халық театрын, «Шағала», «Толқын» ән-би ансамбльдерін, Сыдықовтардың отбасылық халықтық ансамблін құрып, олардың жұмыстарын ұйымдастырудың өзі өнерлі жанға аз жауапкершілік жүктемейтіні кәміл. Аталған өнер ұжымдарының облыстық, республикалық, Бүкілодақтық, Халықаралық өнер байқауларына қатысып, маңдайалды ұжымның бірегейі атанулары –Мұрат Сыдықовтың аталған жолда аз тер төкпегенінің куәсі. «Аралды құтқару» қорына ақылы концерттер беріп, туған жерінің алдындағы өзінің перзенттік парызын адал өтеу жолында да өзгелерге үлгі болатындай қызмет жасағаны елдің көз алдында. Ауданның сан-салалы мәдени-көпшілік жұмыстарының сценарийлерін жазып, оны халыққа көрсету үшін де аянып қалмады. Жанкешті жұмыспен шығармашылықты бірге алып жүру – екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиет. Сонымен қатар мектептерде ән мен музыкадан сабақ беріп, жас ұрпақты өнерге баулыды. Жас өрендерге эстетикалық, патриоттық тәрбие беру жұмыстарын жан-тәнімен атқарғандықтан да Үмбетәлі жырауға мойын бұра алмай, шығармашылық байланыс сирегені айқын. Оның үстіне, қиындығы мол, тауқыметке толы тұрмыс-тіршілік те қысқа жіпті күрмеуге келтірмеді. Мекенжайларының алшақ орналасуы – өз алдына бөлек әңгіме.
Алайда қат-қабат жұмыстың арасында, Үмбетәлі жырау Арал ауруханасында жатқан кезде бірде Қуат ағасының үйінде, бірде өз шаңырағында арнайы қолқа салып, жыраудың өз аузынан кейіпкеріміз Нұртуғанның «Қарасай-Қази» дастанын, Кердері Әубәкірдің, Нұрсұлтан Жұбатовтың ән-термелерін, Сары жыраудың, Бижан, Молда Дәулет, Жаңаберген, Жаппарберді, Жәмет, Дәріқұл, Жалғасбай жыраулардың және өзінің ән-мақамдарын жырлатып, бұрынғы ленталы магнитофонға жазып алған екен. Осыдан-ақ Мұрат Сыдықовтың өнерге ғашықтығы, өнер адамдарына құрметі, қазақ халқының рухани байлығын сақтауға деген ынтасы көрінеді емес пе?!
Иә, қазірде сексеннің сеңгірінен асып отырған кейіпкеріміз – өзінің бүкіл ғұмырын қазақ руханиятына, қазақ өнеріне арнаған адам. Қай кезде де шын дарынның алдынан кедергі көп кездесетіні рас. «Тумысынан тұмарлы туған тұйғын» демекші, тума таланттың алдынан ор қазып, омақастыра түсуге құмар, жымысқы әрекет ететін жандайшаптар да оларға көп қатер тудырады. Алайда саф алтынды тот баспайды, оны қаншама күлмен көмем десе-дағы жарқырай түсіп, жұртшылықтың көзін де, көңілін де баурап алады. «Алтын кездік қын түбінде жатпайды», бір күні бір жерден тесіп шығатыны сөзсіз. Сол сәтті күн туды, ендеше! Мұрат Сыдықов шығармалары бүгінде жарқырап, жайнап, халық кәдесіне жарауда. Алаштың асыл туған ұлдары, біртуар тұлғалар – Тәңірінің елге берген теңдесі жоқ аманат-сыйы. Сондықтан оларды бағалап, баптап, туындыларының елдің жүрегінен орын алатындай жағдай жасамау – нағыз өнерге жасалған қиянат. Ақын, жырау Ығылман Шөрековтің «Исатай-Махамбет» дастанында: «Ел қамын жеген ерлердің Сөз білген жанда хақы бар» деген сөзі бар. Осынау афоризмге айналып кеткен жыр жолдарының Мұрат Сыдықовқа да қатысы бар екені даусыз. Олай дейтін себебіміз – «Махамбет толғауы» атты күйі. Өзі Арал жағасында өсіп, Сыр сүлейлерінің өнерінен сусындаған өнерпаз жан Еділ-Жайық арасында «қара қазан, сары баланың қамы үшін» патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы шығып, қаһарланған хандардан, қарны жуан билерден ақырып теңдік сұраған Махамбеттің жан-дүниесін түсініп, күй арнауы – Тәңір берген таланттың жаңа бір қыры емес пе?!
Республикалық «Сарайшық» әдеби-мәдени, тарихи-танымдық журналына «Махамбет толғауы» күйін нотасымен беріп, күйшіні өнерсүйер оқырмандарға таныстыруды парыз деп санадық. «Өнерліге – өріс кең» дегендей, Махамбет баба әруағына арналған күйдің де өрісі кең, ғұмырлы болғай!
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,
республикалық «Сарайшық» әдеби-мәдени, тарихи-танымдық журналы
02 шілде 2022 ж. 1 728 0