Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Күй анасы

Күй – қазақ халқының кешегісі мен бүгінгісі.  Қазақ халқы қанында күй ойнаған тума таланттарға кенде емес. Сондай дарын иелерінің бірі – қазақ өнерінде өзінің өшпес орны бар күйші, композитор Дина Нұрпейісованың туғанына биыл 160 жыл толды.
Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ ССР-нің халық әртісі, Құрманғазының сүйікті ізбасары, қос орденді күйші-композитор Дина Нұрпейісова бұдан 160 жыл бұрын, яғни 1861 жылы Бөкей ордасы, Нарынның Бекетай құмы жерінде қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Кенже қызының талабын байқап, бес жасынан бастап домбырашылық өнердің қыр-сырына үйрете бастаған. Тоғыз жасында домбырада еркін ойнай бастаған Динаны айналасындағылар «домбырашы қыз» деп атап кетеді.
Күй өнерінде есімі қастерлі Құрманғазы осы ауылға ат басын бұрып, сол сапарында Динаның домбырада ойнауын байқап, әкесіне болашақта қызынан жақсы күйші шығатынын айтады.
Динаның әкесі Кенже Шалұлы – руы төлеңгіт, орта шаруалы адам болса керек. Анасының есімі – Жәниха. Ахмет Жұбанов жазбаларында Кенженің жасында палуан болғаны, ат баптап, домбыра да тартқаны туралы да  айтылады. Атақты күйші Құрманғазы мен Кенже дос-жар адам болған, «Айжан қыз» күйін автордан үйреніп, Динаға алғаш үйреткен  әкесі көрінеді.
 «1870 жылы Құрманғазы Кенженің ауылына келіп, он жасар керемет домбырашы бар дегенді естиді де, Кенженің үйіне келеді. Кішкене қыздың домбырасын тыңдап, халық шығармашылығын дамытатын тағы бір адамның дүниеге келгеніне шексіз қуанады. Құрманғазы Кенжеден атақты домбырашылардың сайысы болатын жерлерге Динаны ертіп жүруге рұқсат сұрайды. Өзінің айтуы бойынша, Дина тоғыз жыл бойы, яғни он сегізге толғанға дейін Құрманғазымен жиі кездесіп, жиындарға еріп барып жүреді, көптеген атақты домбырашылармен кездеседі» деп жазады Ахмет Жұбанов.
«Құрманғазы жақын ағайын болатын, өзі де біздің үйге келіп жүргенде талай рет күйлерін де тыңдағанмын. Бірде әкем Құрманғазыдан менің домбыра тартқанымды өз көзімен көріп, егер өнерім көңілінен шықса, қол ұшын беруін өтінді, ұстаз болуын қалады», – дейді бір естелігінде Дина Нұрпейісова.
Сол сәттен бастап Динаның алғашқы ұстазы Құрманғазы кездескен сайын шәкіртінің домбыра тартысына мән береді. Ол үнемі: «Домбыраны қолыңа алғанда, оны тартпас бұрын ең алдымен құлақ күйін келтіріп, әбден баптап ал, тек осындай дайындықтан соң ғана домбыра тартуға кіріс», – деп домбыраның қыр-сырын үйрете бастайды. Динаның тырнақалды «Бұлбұл», «Байжұма», «Көгентүп» атты күйлерінде халықтың күйшілік дәстүрі айқын сезіледі. 1916 жылғы оқиғаға шығарған «1916 жыл» күйінде Құрманғазының Исатай мен Махамбетке арнаған «Кішкентай» күйінің әсері байқалады. Дина ата-ана шаңырағында бұлаңдап өскен жас кезінің өзінде-ақ Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, бала Майсаң сияқты күйшілердің күйін нақышына келтіріп орындайды. Ол көптеген домбыра сайыстарына қатысып, өнерін үнемі шыңдап отырған.
Дина Кенжеқызы 1880 жылы Беріш ішіндегі Бесқасқа руынан шыққан Тұрманұлы Қанас деген жігітке тұрмысқа шығады. Қанас пен Динадан Нұрпейіс атты бір ұл туған. Алайда, алғашқы перзенті дүниеге келген соң Қанас көп кешікпей қайтыс болады. Дина ата салтымен қайын інісі Шәпекке қосылады. Күйеуінің атын атамайтын дәстүр бойынша Дина күйеуі Шәпекті «Жәпек» деп атайтын болған. Кейбір деректерде «Жәпек» деп жазылуы содан. Динаның алғашқы күйеуінен көрген перзенті Нұрпейіс 14 жасында қайтыс болады. Кейін ел ішінде санақ па, сайлау ма, әйтеуір бір тізім алу кезінде атын атай алмаған Дина фамилиясының орнына қайтыс болған тұңғышы Нұрпейістің есімін атаған. Міне, Динаның Нұрпейіс келіні атануының сыры осында. Жәпек пен Дина бақытты ғұмыр кешіп, берекелі жанұя құрған.
Ашаршылық жылдары Динаның отбасы Каспий теңізі жағалауына көшіп, Астрахан облысы Марфин ауданы, Козлово ауылына тұрақтайды. 1937 жылы Ахмет Жұбановтың тапсырмасымен домбырашы Смағұл Көшекбаев Динаны Алматыға алып кетеді. Сол жылдың күзінде Алматы қаласында ұлт дарындары бас қосқан екінші республикалық жиында Дина өзінің «Бұлбұл», Құрманғазының «Төремұрат» пен «Қайран шешем» атты күйлерін шебер орындағаны үшін ең алғашқы сыйлығын алады.
Дина Нұрпейісованың домбырада орындаушылық өнеріне қайран қалған композитор Ахмет Жұбанов: «Дина ұзын да сүйріктей саусақтарымен домбыра пернесінде, сағағында небір алшақ пернелер аралықтарын ешбір мүлтіксіз алады. Симфония сазындай сиқырлы әуен 62 тамырыңды бойлата, шымырлата, буырқана небір әсерге түсіреді» деп күйшінің өнеріне тәнті болған екен.
Кейін Дина Қазақ филармониясына жұмысқа қабылданып, күйшіге «Еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы берілді. Осы жылы ол Жамбыл Жабаевпен танысады. Ол 1939 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ұлттық аспапта орындаушылар байқауында бірінші орынды иеленеді. 1944 жылы 83 жастағы Дина Ташкентте өткен Орта Азия республикалары музыкасының 3-ші онкүндігінде өнер көрсетіп, сол жылы ол «Қазақ ССР-інің халық әртісі» атағын иеленеді. Д.Нұрпейісова ғұмырының соңғы кезінде шығарған «Той бастар», «Домалатпай», «Науысқы» («Науаи»), «Әсем қоңыр», «Жігер» сынды аса айшықты шығармаларымен өнерсүйер қауымның жадында қалды. Қазақтың дарынды күйші қызы Дина халық алдына соңғы рет 1952 жылы 91 жасында шықты. Ал 1955 жылдың 31 қаңтарында күйші-композитор Алматы қаласында дүниеден өтті.
Бүгінде күйші атында музыкалық мектептер мен көшелер бар. Атырауда Д.Нұрпейісова атындағы облыстық қазақ халық аспаптар оркестрі жұмыс істейді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында күйші Дина Нұрпейісова туралы А. Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» атты монографиясы, Қ.Орынғалидің «Дина күйші» жинағы сақталған.
Дина Кенжеқызы 94 жыл ғұмыр кешіп, сол саналы өмірін өнерге, халқының рухани игілігіне арнаған дана да дара күйші. Күй – ұлтымыздың рухани бейнесі. ХІХ ғасырда өнер көгінде өшпес жұлдыз болып жарқыраған Дина Нұрпейісовадай әлемдік тұлғаның өнегелі өмір жолы, асқан дарыны  күйшілік дәстүрді жалғастырушы жас буынға жұғысты болғай.
Дайындаған К.КӨЗДІБАЕВА
05 тамыз 2021 ж. 909 0