Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жезтаңдай әнші

Жезтаңдай әнші

Сан қырлы сахнаның сәні болған,
Мұрат сынды сазгердің әні болған.
Роза, Шара, Асқардың батасымен,
Басына ұлы өнердің бағы қонған Базар Қостайқызы биыл 75 жаста. Сыдықовтар отбасылық халық ансамблінің ұйытқысы, әншісі Базар Қостаева 1946 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Ансамбльдің анасы, әншісі әрі ұйытқысы. 1964 жылдан бастап бүкіл саналы өмірін халықтық өнер мен мәдениетін дамытуға арнаған «аудан өнерпаздарының анасы» атанған абзал жан.
Сонымен бірге Мұраттай жан-жақты талант иесін дәл танып, оның кеудесіндегі тұнып жатқан кәусар бұлақтардың көзінің ашылуына қозғаушы күш болған абзал махаббаттың иесі. Ұлы өнер жолында бәйгеге қосар бапкері. 1965 жылдан атақты Қазанғап атындағы халық оркестрінің мүшесі болып, осы оркестрмен 1974 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінде өнер көрсетуге қатысқан.
1980 жылы жолдасы Мұратпен бірігіп, өздерінің отбасы мүшелерінен Сыдықовтар ансамблін құрып, оның жоғары шығармашылық жетістіктерге жетуіне өзінің өркенді өнерімен, аналық қамқорлығымен еңбегі сіңген. Оның жан-жақты өнері мен қамқорлығының куәсі болған атақты әдебиет, өнер қайраткерлері Роза Бағланова, Шара Жиенқұлова, Асқар Тоқпанов, Фариза Оңғарсынова бастаған белгілі ақын-жазушылар, сазгерлер жоғары бағалап, ақ батасын берген. Көптеген шетелдік журналист, режиссерлар арнайы келіп, дастарқанынан дәм татқан, жаны көктем, көпке үлгілі асыл ана.
Базар Қостайқызы ансамбльмен бірге 1987 жылы Алматыда өткен республикалық байқауда, 1988 жылы Мәскеуде өткен I Халықаралық фольклор фестивалінде халық әні «Шилі өзен», Мұрат Сыдықовтың «Сыр гүлі», «Балықшы қыз» әндерін шырқап, Бүкілодақтық, Халықаралық фестивальдердің лауреаты болды. 1990 жылы Алматыда өткен «Арал шақырады!», 1994 жылы «Домбыра-жүрек жырлайды!», 2017 жылы «Жырлайды Арал перзенті!» атты Қызылордада өткен М.Сыдықовтың авторлық кештерінде автордың «Шалқи бер, дала!», «Еркетайым-ертегім» әндерін, халық әндері «Шилі өзен», «Гүлдерайымды» орындап, телеарнаның «Алтын қорына» жазылды.
Сыдықовтар отбасылық халық ансамблімен бірге 1987-1992 жылдар аралығында өз еңбектерімен тапқан 7000 сом қаржыны «Аралды құтқару» қорына аударып, патриоттықтың шынайы үлгісін көрсетті.
Оның өнер мен мәдениетті өркендетудегі көп жылғы еңбегі ескеріліп, 2000-2001 жылдары аудан әкімінің «Үздік ұйымдастырушы» дипломымен, 2006 жылы облыстық өнер жылы «Сырдария – Жырдария» фестивалінің төсбелгісімен, облыстық мәдениет басқармасының Алғыс хатымен, 2009 жылы облыс әкімінің, облыстық ардагерлер кеңесінің Алғыс хатымен марапатталған. 2014 жылы ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, 2020 жылы Мəдениет министрлігі кəсіподағының «Еңбек даңқы» медалімен марапатталды.
Құтты болсын 75 жасың, жан жарым,
Өзіңсің мәңгі аялап өтер арманым.
Өрісім кеңіп, ұрпақтарымды аймалап,
Биікке шықсам сенің арқаң, ардағым! – деп жырлаған өмірлік жан серігіңіз қайраткер Мұрат ағамызбен бірге 100 жасап, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге бола беріңіздер!
А. ҚАРАСАЙ

06 наурыз 2021 ж. 703 0