Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазақ музыкасының алтын ғасыры

Қазақ музыкасының алтын ғасыры

Х1Х ғасырды қазақ музыка әлемінде алтын ғасыр деуге болады.Себебі, небір ғажайып сазды күйлер мен әсем әндердің  көпшілігі осы ғасырда  туған.Мәселен, екі ғасыр бойы халық жүрегінен өшпестей орын алған асқақ  әндермен күйлерді өмірге әкелген Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Дина Нұрпейісова, Қазанғап, Байсерке, Абыл, Ықылас, Сармалай, Біржан сал, Ақан сері, Мұхит Мералыұлы, Жаяу Мұса,Балуан Шолақ,Мәди Бапиұлы,ҮкіліЫбырай, Сары Батақов, Әсет Найманбаев, Сүйінбай  Аронұлы, Жамбыл Жабаев секілді халық композиторларының барлығы да дәл  осы Х1Х  ғасырда өмірге келген екен.Олардың шығармаларының осынша ұзақ өмір сүруі де оның халықтығында еді.Әрине,кейінгі ХХ  ғасырда да Кенен,Нартай, Сүгір, Н.Тілендиев, Ә.Бейсеуов, К.Дүйсекейов, Ш.Қалдаяқов, Ілия Жақанов, М.Төлебаев, А.Жұбанов, Е.Брусиловский, Е.Хасанғалиев, Т.Момбеков, С.Тұрысбеков сияқты шығармаларының қай-қайсысы да төрт аяғы тең түскен  мықты композиторлар болды.
Жалпы,қандай шығарма болмасын,оның өзіндік туу тарихы,бір себебіболады.Мұхит Мералыұлының:
Уа Зәуреш сенің үшін елден келдім,
Баяғы өзің көрген жерден келдім, - деп басталатын «Зәуреш» аттытамаша бір әнін жұрттың бәрі біледі.Мұхитпен замандас,әрі үзеңгі жолдас Медеу деген байдың көп әйелінен туған 30 ұл,Зәуреш атты бір қызы болады.Сол 30 ұл бір жылда шешектен қайтыс болып,тек Зәуреш қана қалады.Медеу сауда кәсібімен бір жаққа ұзақ жолаушылап кеткенде сол Зәуреште қайтыс болып,Медеу қызының өлгенін келгендебіледі.Мұхит Медеудің ауылға  келгенін біліп,көңіл айту үшін оның үйіне келсе,Медеу Зәурештің басына кеткен болып шығады.Мұхитта сонда барып,Медеудің Зәурештің қабырін құшақтап жылап отырған қайғысына шыдамай,қабырғасы қайысып осы әнді шығарыпты.
Мұхиттың тағы бір әні «Айнамкөз».Мұхит жолаушылап келе  жатып,  Ақтөбеге соғады. Сонда ескі танысының үйіне түседі. Танысының көзі айнадай жарқыраған Құралай атты сұлу қызы бар екен,сол Мұхитқа шай құяды. Мұхит қыздың әдемілігіне қызығып, сол жерде Айнамкөз деген әнді шығарған екен.
Қазанғап  жолаушылап келе жатып,жайлауда отырған бір үйге түседі.  Шәй құйып отырған келіншек Қазанғаптың кесесін ұмытып кетіп,біразға дейін шәй құймапты.Сонда Қазанғап қолына домбырасын алып, келіншекке арнап «Шыны аяқ тастар» деген күйін шығарған екен.
Дәулеткерейдің «Жігер» деген күйі ешқандай  жігерге арналмаған,күйде жігердің нышаны да жоқ.Күй Дәулеткерейдің өткен өміріне ой жіберіп,толғанып отырып шығарған ең соңғы философиялық шығармасы. «Көрғұлы» деген тағы бір күйін түрікпен достарына арнапты.Дәулеткерей   түрікпендермен қоныстас,олардың ішінде достары көп болған.Күйдің  Көрғұлы аталуы Көрғұлы дастанының түрікпендер ішінде кең  таралуынан.
Секен Тұрысбековтың «Ақ жауын» күйі сырттай қарағанда ақ жауынға арналғандай, бірақ  мүлде олай емес. Бірде Секен  отбасымен Талдықорғанға қыдырыстап барғанда Секеннің 3-4 жастағы ер баласы ауладағы құдыққа  түсіп қаза табады. Секен баласының қазасына күйініп, ақ жауындай аққан өзінің көз жасына арнап осы күйді шығарыпты.
Қыз Жібек жырында  Төлегеннің:
Әуелеп ұшқан алты қаз,
Еліме сәлем айта бар, дейтін жері бар.Қыз Жібек фильмінде сол көрністі түсіру үшін алты аққу таңдап алынады. Аққуларды көлге қондырып, одан қйқулатып ұшыру үшін кино түсірушілер айдан аса су жиегінде жатыпәуреленеді, бірақ ойдағыдай нәтиже шықпайды.Сол кезде даңқты композиторН.Тілендиеватақты «Аққу» күйін шығарып,музыканың ырғағымен аққуларды ырыққа көндірген екен.       
Еларасында «Ақсақ құлан» күйін естімеген адам кемде-кем. Бұл күйді  көбінесе халық күйі дейді.Ал аңызда авторы Кет-Бұқа деп айтылады.Кет-Бұқа  Шыңғысхан әскерінің түменбасы,даңқты қолбасшы, әрі Шыңғысханның  данагөй ақылшысы,дәулескер күйші болған тарихи тұлға.Жошының өлімін  Шыңғысханға Кет-Бұқа осы  күймен  естіртеді. Аңызда Жошыны Ақсақ құлан  тебеді дейді. Құлан аттан кіші,оның үстіне аттың үстіндегі қарулы адамды құлан қалай теппек. Шындығы, құлан Жошының қолының қарынан тістеп, жұлып алып сол тістеуімен алысқа алып кеткен. Әйтпесе, қол сол жерде жатар еді де, жасауылдар оны тауып алған болар еді.1949 жылы әйгілі архиолог-ғалым Ә.Марғұлан Жошының қабірін аршып, онда бір қолы жоқ адамды  тапты, яғни қол табылмаған.Ал, М.Мағауйн «Шыңғысхан және оның  заманы» дейтін 4 томдық кітабында Жошының қолын тарпаң жұлып алып  кеткен дейді. Орта ғасырларда тарпаң деп аталатын жабайы жылқылар  Қыпшақ даласында үйір-үйірімен жүрген. Мексиканың елсіз даласында сондай жабайы жылқылар күні бүгінге дейін кездесетін көрінеді. Мексикалықтар оны  мустанг  дейді. Аса қауіпті, жалғыз-жарым келе жатқан аттылы адамға шабул жасап, өлтіріп кетеді. Сондықтан жергілікті жұрт оларға көрінбеуге тырысады. М.Мағауиннің тарпаң жұлған дегеніне де келісуге болмайды.Өйткені,күйдің аты Ақсақ құлан, яғни Жошының қолын жұлған құлан және оның ақсақ екені анық.Әйтпесе, күйге «Ақсақ құлан» деп ат қоймаса керек еді.
Біржанның өмірінің соңында шығарған әні «Теміртас».Теміртас Біржанның баласы. Ел аралап, ән айтып қалған Біржанға үлкейдім деп үйде отырып қалу оңай ма,қартайса да сол әдетін қоймапты. Ел аралап жүргенде әкем айдалада арам өліп қалса, ел-жұрттың табасына қалармын деп, Теміртас әкесін киіз үйге қамап қояды. Бұл Біржанға ауыр соққы болады. Сол кезде Біржанның баласы Теміртасқа арнаған ең соңғы әні екен бұл.
Осылай тізе берсек, әрі қарай кете береді.Бұлардың шығармаларын тыңдағанда құлақ құрышың қанып, бір рахат сезімге бөленіп отырасың. Ал қазір ше? Дігі-дік,қиқу-жиқу,ча-ча-ча. Сахнаға шығып алып, әкелері биден өлгендей алба-жұлба билеу.Не мән, не мағына жоқ.Әннің сөздері М.Шаханов сынағандай күзде піскен бидайды, комбайнмен жинайды болып келеді. Піскен бидайды комбайнмен жинамағанда,енді айырмен жинай ма? Және шеттерінен бесаспап, әнді де, сөзді де өздері жазады, орындайтын да өздері. Онымен қоймай, кино түсіреді, оның режиссері де, сценарисі де актері де өздері. Бұл не деген талант,не деген дарын.Түсініп көр. Ғасырлар бойы халықтың жүрегінен өшпестей орын алған композиторлардың әндері мен күйлерінің шығу тарихын зерттеп, жинақтаса, үлкен бір кітап болар еді, әрине, ондай адам табылса кәнекей.
Ж.Төребеков,
Мәдениет саласының ардагері
11 қазан 2022 ж. 3 450 0