Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сексеуілдік "Ақмешіт" ансамблі өнер биігінде

Сексеуілдік "Ақмешіт" ансамблі өнер биігінде

Қай халықтың да өнері мен мәдениетіне байыпты түрде көз салсақ, сол халықтың әдемілік талғамы мен танымына, эстетикалық көзқарасына орай белгілі бір өнер түрінің дамып отырғанына көз жеткіземіз. Соның бірі – халқымыздың рухани дүниесінде орны ерекше күй өнері. Бұл өнер қазақ халқының өмір тіршілігінен айрықша орын алып, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Сонау ХІХ ғасырда қазақ халқының тұрмысында анағұрлым кең тараған саз аспап екі ішекті домбыра болатын. Содан бері халқымыздың асыл мұрасын, қайғысы мен қуанышын, зарын біздің дәуірімізге жеткізіп отыр.Ұлы ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзінің зор мәні бар. Мұның астарында қазақтың осынау киелі аспабына деген құрметі жатыр.Музыка – адамдардың рухани қорегі. Қазақ халқы өзінің ұлттық аспаптарын құрметтеп, ән-күйлерін тыңдап, рухани ләззат алады. Әсіресе домбыраның үні естілгенде елеңдемейтін қазақ жоқ.
Бүгінде Сексеуіл кентіндегі №177 орта мектебінде "Ақмешіт" домбырашылар ансамблі Дәулеткерей мен Құрманғазы, Қазанғап пен Тәттімбет, Дина мен Сүгір сынды кемеңгер күйшілердің күйлерін елге дәріптеп жүр. «Ақмешіт» домбырашылар ансамблі осыдан үш жыл бұрын мектеп директоры Күлайша Тәниқызының бастамасымен «Үкілі домбыра» үйірмесінің жанынан құрылған болатын. Ансамбльдің аты аз ғана уақытта аудан, облысқа ғана емес, республикаға да танылып, халықаралық байқауларда үздік атанды. Домбыра өнерін балаларға үйретуді мақсат еткен жетекші Салиха Қабделованың тынымсыз еңбегінің арқасында талай шәкірттің таланты ашылды.
Салиха Қабделова 1978 жылы 24 қыркүйекте Атырау облысы, бұрынғы Новобогат ауданы, қазіргі Исатай ауданы, Хамит Ерғалиев ауылында Қабделов Жақия мен Құрбангүлдің отбасында дүниеге келген. Ата-анасы отбасында үш ұл, төрт қыз тәрбиелеп, оларды өнерге, спортқа бейім етіп өсірді. Ауыл шаруашылығы саласының майталманы атанған әке мен мейірімді де өнегелі анадан тәлім-тәрбие алған балалары жоғары оқу орындарын бітіріп, мұнайшы, кеден қызметкері, егінші, бейнелеу өнерінің маманы, домбырашы сынды мамандық иелері атанып, абыройлы еңбек етуде.
Ал Салиха 1986 жылы Алғадағы орта мектептің бірінші сыныбына қабылданып, 1995 жылы Чкалов орта мектебін бітіреді. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде өнерге ынтасы артқан Салиха музыка мектебінің 5 сыныбын мұғалімі Орынғали Дауылбаевтан дәріс алып, аяқтайды. Сөйтіп мектепті ойдағыдай тәмамдаған жас қыз арман жетегінде Дина Нұрпейісова атындағы музыка колледжіне түсіп, 1999 жылы ҚР Білім беру ісінің үздігі, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, еңбек ардагері Бағила Мұхтарованың домбыра класын бітіреді. Сол жылы Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясына "халық музыкасы" факультетіне түсіп, Қазақстанның халық әртісі, дәулескер күйші-домбырашы, композитор Қаршыға Ахмедияровтың домбыра класын тәмамдайды. Өнердің қыр-сырын жетік меңгерген жас маман Ақтөбе қаласында өткен Қазанғап атындағы конкурста лауреат атанса, Атырауда өткен Құрманғазы атындағы конкурста дипломант, М.Ерғалиұлы атындағы Орал қаласында өткен конкурста лауреат болып, мерейі арта түседі. 2003 жылы оқу бітіріп келген соң, Атырау облысында Н.Жантөрин атындағы филармонияда "Нарын сазы" атты ұлт-аспаптар оркестрінде концертмейстер қызметінде болса, содан кейін Д.Нұрпейісова атындағы академияда домбыра класынан студенттерге дәріс береді. Осы жылдары өнер шыңынан көрінген Салиха филармонияның 40 жылдығына орай "40 жылдық" медалімен де марапатталады.
Осыдан он бес жыл бұрын Салиха сексеуілдік Сырымжан Ахметовпен табысып, жарасым тапты. Өмірлік серігі бүгінде "Қамқор локомотив" депосында мастер болып аянбай еңбек етуде. Өнер мен отбасын қатар алып жүрген Салиха Жақияқызы жолдасы Сырымжан Арыстанұлымен бірге Назым, Назерке, Сауран, Жан, Нұрасыл есімді балаларын жан-жақты білімді, ұлтжанды, өнерлі етіп тәрбиелеуде.
Бауыржан Момышұлы: "Мен қолына домбыра ұстаған қазақтың қара баласын көрсем қуанамын. Сол баланың бойынан имандылық, тазалық, қазақ өнеріне,соның ішінде қастерлі домбыраға деген махаббатын сеземін" дегендей,сахнаға шыққан өнерпаздарды көргенде көз сүйсінеді. Үстінде ұлттық киім, қолында домбыра. Қандай керемет! Бүгінгі таңда "Үкілі домбыра" үйірмесіне 80-ге жуық оқушы қатысуда. "Ақмешіт" ансамблі құрамында 40-қа жуық оқушы үлкен, орта, кіші топта дәріс алуда. Жас домбырашылар былтыр Астана қаласында өткен "Дарынды оқушы – ұлт болашағы" атты республикалық форумға қатысып, жүлделі І дәрежелі диплом мен "Үміт артар дарынды оқушы" атты төсбелгісін иеленсе, Алматыда өткен "Серпер" республикалық фестиваль-байқауында гран-при иегері атанды. Қызылорда қаласында өткен "Қазақстан үміті" республикалық шығармашылық конкурсында І дәрежелі дипломмен марапатталды. Осы конкурста өнерімен көпшілікті тәнті еткен өрендеріміз Алматы қаласында өтетін "Жеті өнер" VІІ халықаралық шығармашылық фестивалі конкурсына қатысуға жолдама алды. Сонымен қатар Астана қаласында өткен ХV халықаралық "Ақ көгершін" балалар шығармашылығы фестиваль-байқауында ІІ дәрежелі лауреаты дипломын еншіледі. Аз ғана уақытта білімді де білікті ұстаздан тәлім алып, осындай биіктерден көрініп, аудан мерейін асырып жүрген Рустам Жолдыбай, Қадыржан Амедулла, Әділжан Көпберген, Гүлсезім Қазиева, Нұрдәулет Тәни, Нұрбақыт Тәниева, Инабат Қайроллаева сынды және де басқа өрендеріміздің еңбегі қандай мақтауға да лайықты. Осы тұрғыда осы мектептің мұғалімі Венере Аймолдаева:
– Ансамбльдің бағыт-бағдары мен мақсаты зор. Мектеп қабырғасында күй күмбірін естісеңіз қуанып қана емес, ризашылық сезімге бөленесіз. Домбыраның сабындағы сырғыған кіп-кішкентай саусақтар күй құдіретін мойындатпай қоймайды. Әрине, "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" дегендей, мектебіміздің басшысы Күләйша апайымыз бен Салиха ұстазға ата-аналар атынанөнерге сусындап өсіп жатқан жас өнерпаздардың жетістіктері үшін ерекше ықыласымыз бен алғысымызды білдіреміз. Балаларымыз "жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" атанып, қазағымның атын шет елге танытатын нағыз күйшілер атансын деген тілегіміз орындалсын, – дейді ағынан жарыла.
"Арманыңыз қандай?" деген сұрағымызға Салиха Жақияқызы:
– Адамда арман таусылмаған ғой. Қарапайым жұрт күйді тыңдап отырып, оның көңілді не қайғылы екенін ажырата алмайтындығына талай реткуә болдым. Сондықтан қазір қазаққа күйді түсіндіруге жұмыс жасау керек деп ойлаймын. Сонда ғана бабадан қалған әуез құлағымызға сіңісті, жүрегімізге жұғысты болады. Келешекте осы істі тындырсам, өнердің биігіне шықсам деймін. Алдағы уақытта осындай өнерге жақын балалар үшін кенттен бір өнер мектебі ашылса деген тілегім бар. Ол бір құптарлық іс болар еді, – деді ол тебіреніс құшағында.
Байқағанымыздай, бұл мектепте үйірмеге қатысушыларды пән мұғалімдері ең алдымен мәдениеттілік пен эстетикалық тәрбиеге және тәртіпке үйретіп қана қоймай, әр баланың бейімділігіне байланысты қажетті қағидалар сіңіретіні аңғарылады. Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан олардың жан-жақты тұлға ретінде қалыптасуы үшін біліммен қатар өнер және спорт үйірмелеріне қатысуын қамтамасыз ету әрбір ата-ананың борышы әрі парызы екендігі ақиқат.
К. МАХСҰТ 
14 қаңтар 2023 ж. 2 207 0