Азамат Сатыбалды жаңа қызметке тағайындалды
Азамат Сатыбалды Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның президенті болып тағайындалды, деп хабарлады turkystan.kz Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Киностудия ұжымына жаңа басшыны Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов таныстырды. Министр «Қазақфильм» киностудиясының жұмысын үйлестіру абыройлы әрі жауапты міндет екенін атап өтті.
«Отандық киноөнерінің «қара шаңырағы» саналатын Қазақфильм – ауқымды және күрделі өндірістік ұйым. Былтыр киностудия жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылды. Мемлекет басшысының киностудия жұмысын жаңғырту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында 87 техникалық жабдық сатып алынды. Алдағы уақытта, модернизацияның 2 кезеңін бастау керек»,- деді Асхат Оралов.
Мәдениет және спорт министрі 2030 жылға қарай жалпы кинопрокаттағы отандық фильмдердің, оның ішінде анимациялық фильмдердің үлесін 35%-ға дейін арттыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл ретте прокаттағы қазақ тіліндегі картиналардың үлесін 30%-ға дейін жеткізу көзделген.
Айта кетейік, Азамат Сатыбалды 1977 жылы 02 қарашада, Жамбыл облысы, Мерке ауданы, Т.Рысқұлов ауылында дүниеге келген.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын театр және кино актер мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2000 жылдың маусым айында Қостанай облыстық қазақ драма театрында артист лауазымынан бастады.
2001 жылдың қарашасынан бастап 2018 жылдың желтоқсанына дейін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында актер болып қызмет атқарды.
2013 жылдың желтоқсаннан бастап 2018 жылдың тамызына дейін «Қазығұртфильм» ЖШС кадр және шығармашылық жұмыс жөніндегі атқарушы директоры болды.
2018 жылдың желтоқсаннан бастап 2022 жылдың ақпанына дейін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры лауазымын атқарды.
2022 жылдың ақпанынан бастап осы уақытқа дейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарды.