Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аралдың көгі жырға бөленді

Аралдың көгі жырға бөленді

Адырна ауыз, жебе тілді жыр жүйріктерінің мекені айдынды Арал өңірі десек қателеспейміз. Талай поэзия тарландарының кіндік қаны тамған бұл топырақта ақындықты өзгеден биік қойып, өлеңшілерін өрден көруге асыққан, жыр десе ішкен асын жерге қоятын жандар өте көп. Міне, сол жандар осы аптада тағы бір ауыздығымен алысқан азулы ақындардың жыр бәйгесіне куә болды.
Ашып айтар болсақ, аудандық мәдениет үйінде Қызылорда облысының 85 жылдығы, Арал ауданының 95 жылдығы аясында, мемлекет және қоғам қайраткері Т.Есетовтың 100 жылдығына арналған «Айдынды Аралдың ардалы ұлы» атты аудандық жазба ақындар мүшайрасы өтті. Ауданның дамуына айтулы үлес қосқан қайраткер тұлға Тәкей Есетовтың өмірі мен еңбегі расында бір өлеңге сыймайды. Десе де осынау толағай еңбекті көркем тіл мен жағымды жырға сыйдырып, көрерменге кестелі өлеңмен жеткізуді мақсат тұтқан аудан өнерпаздары өлеңсүйер қауымның ықыласына бөленді.
Шараның шымылдығын түруге аудан әкмінің орынбасары К.Бержанов арнайы қатысып:
– Бүгін аймағымыздың дамуына үлес қосып, ел ілтипатына бөленген абыройлы азамат, қайраткер тұлға Тәкей Есетұлының 100 жылдығына орай аудандық жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылып отыр. Сыр елінің ардақты ұлы аудан тізгінін ұстап, өзі басқарған жылдары өңірдегі қиын істің ұтырын тауып, бойдағы азаматтық пен адамгершілік мінезі арқылы теңізді өлке жұртының алғаусыз алғысына бөленді. Бұқара халықтың сенімін арқалаған білікті басшы ретінде Арал ауданын әлеуметтік және экономикалық даму жағынан ең жоғары деңгейге көтеруге лайықты қызмет жасады. Бүгінгі өткелі тұрған мүшәйраның болашақ ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеудегі үлесі зор болмақ. Бұл бір жағынан, асылды ардақтаудың үлгісі, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі болатыны сөзсіз, – деп жырдан жақұт терген ақындарға сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, Тәкей Есетовтың баласы, зейнеткер, Қазақстанның «Құрметті құрылысшысы» төс белгісінің иегері Әділбек Есетов сөз алып, шараға арнайы келген қонақтарға шынайы алғысын білдірді.
Кіл жүйріктің арасынан шын жүйрікті анықтау барысында өткен тартысты дода талайдың көңілінен шығып, бір топ ақынның арасынан жеңімпазды анықтау қиынға соқты. Дегенмен «тұлпардан тұлпар озар жарысқанда» дегендей қорытындысы бойынша Ақбасты ауылынан келген Данияр Тәңірбергенов бас жүлде иеленіп, жеңісті қанжығасына байласа, Арал қаласынан қатысқан Аңсаған Алмасбай жеңіске тір табан жетпей қалды. Осылайша І орынды иеленді. Ал шөмішкөлдік Мөлдір Әбдірауышова мен қарашалаңдық Айгүл Күзенова ІІ және ІІІ орынды өзара бөлісті. Жүлдегерлер арнайы марапат пен қаржылай сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар тағы екі қатысушы қайреткердің ұрпақтары ұйымдастырған «Т.Есетов» атындағы арнайы жүлдемен марапатталды.
Мүшәйраның жүлдегері А.Күзенова:
– Түсіне білген адамға өлеңде өмір болады. Ақынның басты қаруы өлең дейтініміздің де себебі сол. Себебі өзінің төл туындысы арқылы іштегі сезімін, айтар ойын, ақиқатын жалпақ жұртшылыққа жеткуге мүмкіндік туындайды. Бұл екінің біріне беріле бермейтін үлкен сый. Біраз уақыт өлеңнен алыстап кетсем де, соңғы жылдары қайтадан қалам алып, топқа түсуге мүмкіндік туып жүр. Аймақтық мүшәйраларда да бой көрсетіп, жырсүйер қауымның қошеметіне бөленгенімізбен «табалдырықтан биік тау жоқ» деген рас екен. Бүгінгі жазба ақындар бәйгесінде жүлдегерлер қатарында болуым маған зор мақтаныш болып отыр. Алдағы уақытта да аға буын ақындардың ізін жалғайтын жастардың қатары арта береді деп ойлаймын.
Қызылорда облысының 85 жылдық, Арал ауданының 95 жылдық мерейтойы мен Т.Есетовтың 100 жылдығы барша аралдықтарға құтты болсын. Уайымсыз жыр оқитын бейбіт күніміз мәңгілік, келешегіміз кемел болғай, – дейді.
О.ЖОЛДАСОВ

10 қараша 2023 ж. 1 379 0