«Ақмешіт» ансамблі – ұлттық өнер дәріптеушісі

Сексеуіл кентіндегі №177 орта мектебіне 2020 жылдың ақпан айында Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын оқытушы және оркестр артисі мамандығын иеленген Қабделова Салиха Жақияқызы жұмысқа қабылданып, сол уқытта «Үкілі домбыра» үйірмесіне жетекші етіп бекітілді. Осы уақытта үйірме жанынан «Ақмешіт» домбырашылар ансамблі құрылып, бастауыш сыныптан бастап ниетті оқушылар қабылданды. Ансамбльдің аты аз ғана уақытта аудан, облысқа ғана емес, республикаға да танылып, халықаралық байқауларда үздік атанды. Домбыра өнерін балаларға үйретуді мақсат еткен жетекші Салиха Қабделованың тынымсыз еңбегінің арқасында талай шәкірттің таланты ашылды. Алғашқыда 20 оқушы қамтылған үйірмеде бүгінгі таңда 107 өнерпаз ұлттық аспапты үйреніп жүр. Үйірмедегі 56 оқушы «Ақмешіт» ансамблінің мүшелері болып табылады. «Ақмешіт» ансамблі қазіргі таңда жас ерекшеліктеріне байланысты «Кіші топ» (7-10 жас), «Орта топ» (10-13 жас), «Үлкен топ»(14-17 жас) болып үш топқа бөлінеді.
Бүгінде кіші топта – 18 өнерпаз, орта топта – 20 өнерпаз, үлкен топта – 18 өнерпаз өнер көрсетуде. Ансамбль құрамындағы Амедулла Қадіржан, Тәни Нұрдаулет, Жолдыбай Рустам, Рахметқали Қарақат, Көпберген Әділжан, Қазиева Гүлсезім сынды жеке орындаушылар республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары. Ансамбль құрамында үш оқушыдан құралған «Ақмешіт » триосы да үлкен сахналарда өнер көрсетуде.
Ашылғанына 4 жыл уақыт болған ансамбль облыстық, республикалық, халықаралық конкурстарда және жекелей орындау байқауларында жеңімпаз атанды. Оқушылар Құрманғазы, Дина, Қазанғап, Түркеш, Дәулеткерей секілді күйшілердің 20-дан астам күйлерін орындап жүр.
Ашылған жылы-ақ Республикалық «Дарын» жас өнерпаздар байқауына қатысқан «Ақмешіт» домбырашылар ансамблі «Бас жүлде» иеленді. Сол жылы Қызылорда қаласында өткен облыстық «Бозторғай» және Украина қаласында өткен халықаралық «Яскрави таланты осени» конкурстарында Амедулла Қадыржан жеке орындауда жүлделі І орынмен марапатталды.
Бауыржан Момышұлы: «Мен қолына домбыра ұстаған қазақтың қара баласын көрсем қуанамын. Сол баланың бойынан имандылық, тазалық, қазақ өнеріне, соның ішінде қастерлі домбыраға деген махаббатын сеземін» дегендей, сахнаға шыққан өнерпаздарды көргенде көз сүйсінеді. Үстіндегі ұлттық киімі, қолында домбырасы қандай керемет, жарасымды.
Сол сүйкімді бүлдіршіндерден құралған ансамбль 4 жылдан бері көптеген жетістікке жетті. Соның ішінде 2021 жылы Республикалық «Тәуелсіз елімнің жұлдызымын» атты балалар мен ересектер байқауында аспапта орындау номинациясы бойынша домбырашылар ансамблінің екі кіші «Ақмешіт» тобы Бас жүлдеге, үлкен «Ақмешіт» тобы I орынға, кіші «Ақмешіт» ансамблі II орынға ие болған болатын.
Сонымен қатар 2022 жыл «Балалар жылына» орай Астана қаласында өткен республикалық «Дарынды оқушы – Ұлт болашағы» атты форумға қатысқан 5 сынып оқушысы Амедулла Қадыржан Абдул-Хамитұлы күй жанры бойынша жеңімпаз атанып, I дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен бірге дарындылығы мен көшбасшылық қабілеті үшін «Қазақстанның үміт артар дарынды оқушысы» төсбелгісін иеленген еді. Және жас дарынды өнер бәйгесінде баптап жүрген музыкалық жетекшісі Салиха Қабделова мен оқушының ата-анасы да арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Одан кейін де Алматы қаласында 3-5 маусым күндері өткен «БОЗТОРҒАЙ» халықаралық шығармашылық фестиваль-конкурсында «Ақмешіт» домбырашылар ансамблі (кіші тобы) жеңімпаз атанды. Байқауда топ жарған домбырашыларымыз «БОЗТОРҒАЙ» балаларға арналған халықаралық фестивалінің жиырма бес жылдық мерейтойына қатысып, қос ішектен күй төкті. Байқау нәтижесінде Бас жүлдеге ие болып, Супер Гран-При сыйлығын иеленді. Талантты балаларды тәрбиелеудің шебері, еңбегімен ерекшеленген Қабделова Салиха Жахияқызы да «Тайжарыс-Талант» Алғыс хатымен марапатталып, еселі еңбегінің жемісін көрді.

Бала – біздің болашағымыз. Олардың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіріп, дәріптеу – біздің басты міндетіміз. Ол біздің мәңгілік ел болып қалыптасуымыздың алғышарты. Сондықтан олардың жан-жақты тұлға ретінде қалыптасуы үшін біліммен қатар өнер және спорт үйірмелеріне қатысуын қамтамасыз ету әрбір ата-ананың борышы әрі парызы екендігі ақиқат. Ал жас дарынға қолдау етіп, дара жолын салуға атсалысып жүрген «Ақмешіт» ансамблінің болашағына артылар сенім мол.
Г.САҚТАПОВА