Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аралдың әнші бұлбұлын әлем білген

Аралдың әнші бұлбұлын әлем білген

Ғажайып әнші Роза Бағланова – қазақ ән өнерінің ерекше жарқыраған бір жарық жұлдызы. Оның құлақ құрышын қандыра ән айту шеберлігі, қандай қандай сахнада да өзін-өзі ғаламат ұстауы, әртістік әдеп-мәдениеті, талайды тамсандырған талғампаздығы елімізден асып жер-жаһан тыңдармандарын таңғалдырып құрмет қошеметіне бөленген. Көзі тірісінде-ақ күміс көмей әнші Роза Тәжібайқызы аңыз адамға айналды. Өнерінен басқа кеңестік қатқылдау кезеңдерде қоғамдық өмірдегі белсенділігі, жүрегінен мейірім төгілген адами асыл қасиеттері, шынайы да қарапайым келбеті кім-кімді де өлшеусіз әсерге бөлеген. «Қазақ қызы кім?» десе, өз заманында елдің көбі ғажайып әнші Роза Бағланованы көрсеткендей болатын. Ал көмейіне бұлбұл ұялаған әншінің біздің жерлесіміз деп білудің өзі аралдықтарды нағыз мақтаныш сезіміне бөлейтін, айдынын асыратын.
Осыдан бір-жар бұрын баспасөз бетінде» «Роза Бағланова айдынды Аралда туды ма?» деген мақала жазып, өзіміз дәлел мен дәйегін келтіре отырып, ұлы әншінің біздің киелі топырақтан нәр алғанын айдынды шалқар теңіздің жағалауында дүниеге келгенін жазғанбыз. Сол мақалаға көз жүгіртіп өтейін деймін.
«Қазақтың әлемге әйгілі күміс көмей, бұлбұл үнді әншісі Роза Бағланованы жұртымыз өте жақсы біледі. Көзі тірісінде аты аңызға айналған қазақ аруы қалай мақтасақ та тұрарлық жан. Оның өмірбаяндық деректері де әрқайсысымызға да жақсы таныс. Сан қайтара жазылған.
Роза Бағланова 1922 жылдың 1 қаңтарында Қазалы өңірінде Тәжібай деген белгілі кісінің отбасында дүниеге келген. Бүлдіршін қыз кішкентайынан өнерге өте әуес боп өседі. Әжесі Күндей мен анасы Ақкүріштің сызылта айтқан халық әндері оның көкейіне ұялап, әншіліктің ең алғашқы мектебі болды. Әжесі тігіп берген кәмшат бөрік пен қамқа бешпетін киіп алып, ауыл арасындағы тойларда жұрт алдына шығып ән айтып, балаң даусымен-ақ баршаны таңдандыратын.
Қазалы қаласындағы №67 мектепті бітірген Роза Тәжібайқызы облыс орталығы Қызылорда қаласындағы педагогика институтына оқуға түседі. Осы жылдары әкесі қайтыс болып, отбасындағы жағдай қиындап кеткендіктен, Роза сырттай оқуға ауысады. 1941 жылы Өзбекстан астанасы Ташкент шаһарындағы Әбдірахман атты туысын сағалап келген жас қызды өзбек филармониясының директоры Кари Якубов кездейсоқ ұшыратады. Оның әсем даусын естіп қалған ол Розаны филармонияға шақырып, ансамбльдің құрамына алады. Жас таланттың өнердегі жұлдызы осылай жарқ ете қалады. Әнші даусына тәнті болған Өзбекстан Компартиясының бірінші хатшысы Осман Юсупов қамқорлыққа алып, Ташкент шаһарынан, орталықтан үй беріп, Мәскеудегі консерваторияға жолдама да береді. Алайда ойда жоқта басталған сұм соғыс консерваторияда оқуға мүмкіндік бермеді.
Батыл қыз филармония әртістерімен бірге майдан шептеріне барып, жаңбырдай жауған оқтың астында Солтүстік, Батыс майданында, Калинин, Минск, Киев сияқты қалаларда айлап жүріп ән айтады. "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалін кеудесіне тағады.
1949 жылы Роза Бағланова Әлем жастарының дүниежүзілік фестивалі өткен Венгрия астанасы Будапештте өнер тарландарымен сайысқа түседі. Фестиваль жүлдегерлерімен қосылып, Венгрия, Чехословакия, Германия, Австрия, Польша елдерін аралап, концерттер қояды. Кейін де атақты әнші АҚШ, Франция, Дания, Канада, Испания, Жапония, Корея, Қытай, Иран сияқты ондаған мемлекеттің сахналарында ән шырқап, әлем халықтарының отыздан астам тілдерінде ән айтты.
Ел өнеріне сіңірген орасан зор еңбегі үшін 1955 жылы "Қазақстанның Халық әртісі" атағына ие болса, 1967 жылы "КСРО Халық әртісі" болды. Қазақ халқының ән өнерінде қайталанбас тұлға атанды. 80-90 жылдары қоғамдық белсенділігімен айрықша көзге түсті десек болады. Арал теңізі тартыла бастағанда шырылдап Аралға араша сұрағандардың алдыңғы сапында жүрді. Бірнеше рет Арал өңіріне келіп, экологиялық апатқа душар болған халықтың алдына келіп, жабыққан жұртқа рухты сөздерімен күш берді. Сол бір күндер әрбір аралдықтың есінде де болар. Сондай-ақ Аралдың талантты перзенті, дарынды сазгер Мұрат Сыдықов ағамызбен тығыз шығармашылық байланыста болды.
Бар ғұмырын әні мен халқына арнаған әнші Роза Бағланованың үлкен еңбегін үкімет бағалап, 1996 жылы "Халық қаһарманы" атағын берді. Ол қандай да марапатқа әбден лайық еді. Қазақ халқының қайталанбас бұлбұлы 2011 жылы 89 жасында мәңгілік сапарға аттанды. Қазақ халқы сүйікті әншісін ешқашан ұмытпақ емес. Ол – ән мен сұлулық бәйгесінің тәжін қоса киген алаштың ай маңдайлы аруы, жер шарындағы ең әдемі әйелдердің бірі, кезінде Ұлыбританияда өтетін жыл сайынғы "Әлемнің әйгілі әйелдері" атағын алған мега-жұлдыздардың бірі.
Ғажап үнді әнші Роза Бағланованың алдында болып, онымен сұхбаттасқан журналистердің бірі–жерлесіміз Ұлдай Ибайдуллаева апамыз. Бүгінде аурушаң болып жүрсе де, онымен әр хабарласқан сайын әнші апасы туралы үнемі ырзалықпен, сүйіспеншілікпен еске алып айтып отырады. Ол туралы жазған дүниелерін маған жібереді. Сол сұхбатының бірінде "Сізден шет елдік журналистер не туралы сұраушы еді?" деген сауалына Роза Тәжібайқызы: "Бізді орыс деп қабылдайды. Бар білгенімше қазақ деген ел барын айтуға тырысып бағамын. Бірде "Қазақтың қыздары сіздей көрікті ме?" деп сұрады журналистер. Мен Қыз Жібек, Баян сұлу, батыр Мәншүк, Әлияны айттым. Және Қыз Жібектің тарихи отанынан болатынымды да мақтанып айтып қалдым" деп жауап береді.
Роза апамыздың Қыз Жібек туралы айтқаны жайдан-жай емес деп ойлаймын. Осы орайда мақаламызға тақырып болған "Роза Бағланова айдынды Аралда туды ма?" деген сөздің себепсіз емес екенін білдіргім келеді. Кезінде, яғни әнші апамыз дүниеге келген 1922 жылдары Арал әлі аудан боп құрылмаған, Қазалы уезіне қарайтын-тын. Әрі атақты әнші мектеп жасында Қазалы қаласында тұрып оқығанын білеміз. Алайда біздің бұл сұрақты қоюымызға түрткі болған жай туралы айтқым келеді.
Облыстық "Сыр бойы" газетінің 2018 жылғы 5 сәуірдегі №49 санында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржановтың "Еліне еңбегімен елеулі есім" атты көлемді мақаласы жарияланған. Мақала Қазақстан Республикасының өндірісіне еңбек сіңірген қайраткері, өңірімізде үлкен құрметке ие болған Дәуқара Аймағамбетұлы туралы. Сол мақала ішінде біздер, аралдықтар үшін мынандай қызықты мәлімет бар.
"1968 жылдың жазында Аралға КСРО халық әртісі Роза Бағланова апай келді. Мақсаты – Арал теңізінің оңтүстігіндегі Ұялы елді мекенінің төңірегіндегі әке-шешесінің басына барып қайту. Аудан басшысы Тәкей Есетов Ұялыдағы Дәуқараны қызметтік катермен шақырып алып, қасына ауаткомның орынбасары Түгелбай Пірімбетов деген азаматты қосады. Розаның аман-есен барып қайту жауапкершілігін тапсырады. Олар апайды жақсы құрметпен апарған. Ата-анасының жатқан жерінде болған апай тебіреніп, риза болып қайтады".
Міне, әнші апамыздың осындай бір сапары болған екен. Егерде әкесі Тәжібай мен шешесі Ақкүріш Арал өңірінің бір пұшпағы Ұялы маңында жатса, ол жер – ата қонысы болмай ма?! Осы кішкентай мағлұматқа қарап атақты әншіні біздің нағыз жерлесіміз десек, ешкім ештеңе дей қоймас. Қалай болғанда да, туған жеріміздің бір жұлдызы, мақтанышымыз деп ауыз толтыра айтып жүруімізге қақымыз бар сияқты. Тарихи айғақ бізге осыны айтып тұр.
"Би ортақ, батыр ортақ" деген халқымыздың тамаша бір сөзі бар. Айтпақшы, осы мәліметті әлеуметтік желіге салғанымызда, көптеген сұрақтар мен өтініштер болды. Арал қаласында қазақ бұлбұлының есіміне бір көше де берілмегені қозғалды. "Ештен кеш жақсы" деген емес пе, әншінің кіндік қаны тамған өңірде оның есімін құрметтеп, еске алу шаралары жүргізілсе дейміз. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әнші есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырғанын айта кеткен жөн. Президент өз жазбасында: "2022 жылдың 1 қаңтарында қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толады. Ол – Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның Халық қаһарманы. Майдан даласында ән салған Р.Бағланова қазіргі күнге дейін еліміздегі және шетелдегі ән сүйер қауым арасында аса танымал. Оның есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырдым" деген еді.
Бірнеше қалада, соның ішінде Қызылордада көше мен музыкалық мектепке Роза Бағланованың аты берілді. Бұдан бөлек, Ұлттық банк мерейтойға арнап монета шығарды, қазақстандық пошта маркасы да басылды.
Ұлы әншінің туған жері Арал өңірінде түрлі шаралар дер кезінде қолға алынады деп сенеміз».
Иә, Роза Тәжібайқызының Арал теңізінің жағасында балықшылар ауылында туғанымен, бертінгі балалық шағы, мектептегі оқушылық кезеңі Қазалы қаласында өткені анық. Дегенмен әнші апамыздың Аралға деген, туған топырағына деген шексіз махаббаты, перзенттік парызы әрдайым көрініп отыратынын оның ғұмырбаянынан, өмірі туралы естеліктерінен қылаң береді. Әнші апаның келіні Маралмен жүргізген сұхбатында журналист Дина Бөкебай қойған сұраққа («Жаны да, тәні де таза кісі еді» атты сұхбат) былай деп жауап береді: «Иә, көбісі білмеуі мүмкін. Меркіде тұрақтап қалсақ та, атам-әжем, арғы тегім Сыр өңірінен шыққан. Атам Аралдың тумасы, әжем Қазалының қызы. Балалық шаққа көз жүгіртсем, Меркідегі үйімізге Арал, Қазалыдан үнемі қонақтар келіп жататыны ойға оралады» дей келіп, өзі тұрмысқа шыққан соң, үлкен шаңырақтағы жайды: «Тойымыз біткеннен кейін жақын танысып, арғы тегімізді білісе келе апам (Р.Бағланованы айтады) «Келінім өзімнің топырағымнан екен. Құдалар жерлестерім ғой деп әбден қуанды. Сол кезде көз жасына ерік беріп, айналып келіп өз жерінен қыз алғанына мақтанып тұрғанын жасырмады» дейді. Қара шаңырақ келінінің бұл сұхбаттағы сөзі де апамыздың жүрек түкпіріндегі туған жерге деген сағынышын жеткізіп тұр. Қиын бір шақтарды бастарынан өткергенін айғақтап тұр.
«Халық қаһарманы» атағын да иеленген ән падишасы Роза Бағланованың батыл қасиеттері оның өткен ғасырдың 80-90-жылдары Арал теңізінің тартылуына, экологиялық апаттың қатері көріне бастағандағы қимыл-харекеттерінен көрінеді. Сол жылдары Арал қаласындағы аудандық Мәдениет үйі орналасқан «Маяк» клубының сахнасына қамыққан жерлестеріне талай-талай дем беріп сөйлеген, баяғы телегей теңізінен айрылып жасыған халықты рухтандырған. Кейін бұл бағыттағы азаматтың және қоғамдық белсенділігі үлкен ауқымдарға көшкені де мәлім. Бұл орайда «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, белгілі журналист Айгүл Аханбайқызының «Ұлттың үні» мақаласында жан-жақты қамтып жазғаны бар. Әншінің қаймықпай айтар батырлығын көрсеткен. «Жайшылықта жұрт алдына ән салуға шыққанда жадырап, жайнап кететін Роза Тәжібайқызы салмақты мінезбен сөйлегенімен, мінберге арнайы баяндама жазып әкеліп, әзірленіп шықпағаны байқалады. Алдына жайылған ақ қағазы жоқ, сонда да Аралына арнаған сөзін жүрегінен суырып алып, түйдек-түйдегімен сілтеп жатыр, сілтідей тынған залды семсер сөздің қуатымен кескілеп тастағандай, сондағы орыс-қазағы жым-жырт қалпы кірпік қақпастан көз алмай қадала қарап қалған» дей келіп, Роза апамыздың отты да ойлы сөзін береді. «Мен соғысты көрдім. Алайда Аралда болып жатқан жайды бір ауыз сөзбен тоқтату мүмкін емес. Соғысты тоқтатуға болады, атом бомбасын тоқтауға болады, аспандағы ұшақты тоқтатуға болады, бірақ мұны тоқтату мүмікін емес. Біз мұнда айтып жатырмыз, ал анда табиғат өз дегенін жасап жатыр. Біздің «ұлы ғалымдарымыз» тұтас ұлтты жатырында өлтіріп жатыр». Батыр мінезді апаның халық басына төнген алапат экологиялық қатерді көре білгені, жан-дүниесімен сезіне білгені таңқалдырады. Туған халқына деген жанашырлығы, бауырмалдығы ол заманда екінің бірі айта алмайтын сөзді айтқызған. Қазірде әнші апамыздың аталмыш сөзі таспаланған бейнетаспа әлеуметтік желіде жүр. Осы 1988 жылы айтылған сөздердің айтылу тарихын терең зерттеген журналист А.Аханбайқызы ойын: «Арал мен Қазалының төл перзенті Роза Тәжібайқызының намыс ширықтырған мінезбен елінің басындағы қасіретті айтып сөйлеген екі минуттық сөзінде, сол кезеңнің өлшемімен қарағанда, асқан ерлік жатыр...» деп түйіндейді. Және де оның «Арал мен Қазалының төл перзенті» деп баса айтуына да атақты әншінің ғұмырбаянына тереңірек бойлағанын, көп жайда сараптағанын білдіреді. Және де сол жылдары атақты ақын Мұхтар Шахановтың ұйытқы болуымен Арал-Балқаш мәселелері жөніндегі Халықаралық комитет құрылып, өте ауқымды жұмыстар атқарғанын білеміз. Ал Роза Тәжібайқызы бұл бастаманы бар ынтасымен қолдағанын, қолдап қана қоймай, бірнеше мәрте айдынды өңірге белгілі азаматтармен бірге табан тіреп келгенін, көкейтесті экологиялық мәселелерді көтергенін аралдықтар жақсы біледі. Оның аузымен айтылған жақсы-жақсы әр лебізіне қуанып қалатын.
Роза Бағланованың Аралға қатысы туралы айтқанда оған арнап композитор ағамыз Мұрат Сыдықовтың «Сыр гүлі» атты әнін шығарғанын білеміз. Және де кейін Мұрат ағамыздың белгілі авторлық кештерінде осынау әнді тамылжыта орындаған екен. Бұл туралы Арал өнерінің анасы Базар Қостайқызының керемет естеліктері бар.
Біздің «Роза Бағланова Аралда туды ма?» атты мақаламыз газетке шыққан соң да, әр тараптағы әнші туралы айғақ-деректерді көңілімізге түйіп жүрдік. Соның бірі – оның «Менің өмірім» циклымен шыққан «Роза Бағланова» атты кітап. Осында ол: «Әкем менің балалық шағымда өз әкесі туралы көп әңгіме айтатын. Күндей әжемнің әкесі-Айсалтөре бай болған, анасы-Қорасан қожаның қызы екен, ал ол кісінің арғы аталары Абылай хан тұқымынан тараған төрелер деседі көнекөздер. Әжемнің бірге туған ағалары: Әмірбай, Мақарбай–Аралдың Барсакелмесінде талай жылдар бойы би болған адамдар» деп мақтанышпен атап айтып өтеді. Бұрын өзінің ата-тегінің бай болғандығын айтуға қорқып келгенін де жасырмайды. Бірақ әкесінің көзі кеткен соң, жинаған мал, дүние-мүліктің де берекесі кеткенін, айналасы 2-3 жылда тақыр кедей болып шыға келгендерін сөз етеді.
Әнші ғұмырбаянын зерделегенде бір хабарласқан адамым қазалылық бөлесі Өтеп Теңізбаев деген қарт еді. Ол Ұялыда туған, кейін көрші ауданға қоныс аударған. Ол әншінің есімі, шыққан тегі жөнінде былайша әңгіме тарқатады.
–Менің атам Қанатбай деген кісі. Әжемнің азан шақырып қойған есімі Үрбибі. Бірақ не себепті екенін білмеймін, жұрт оны Қаз деп атап, солай құжаттарға жазылып кеткен. Осы әжем – Роза Бағланованың кіндік шешесі. Қаз әжем жаңа туған қызға ыстық ниеті құлап: «Менің құлағыма азан шақырып қойған есімім Үрбибі еді, бірақ ешкім оны айтпады. Қаз атанып кеттім. Мына жарық дүние есігін ашқан сәбиге менің сол аталмаған Үрбибі атымды берейік, бақытты ғұмыр сүрсін» дейді ақ батасын беріп. Үлкен де сыйлы ананың сөзін бәрі құп алып, сол есімді қояды. Бірақ, қызығы сол,Үрбиібі аты бұған да есім болмады. Барша ел-халыққа, өнер әлеміне ол Роза болып танылды. Тарихта солай қалды. Сосын Роза апамның Ұялыға, Бектаудың басына 1968 жылдардың аяғында барғанын білемін. Ол кезде Ұялыда Дәуқара колхоз басқармасы болатын. Менің Қошқарбаев деген інім есепші болып істеді. Бірақ апамның кімнің басына барып құран бағыштағанын анық білмеймін. Розаның өз руы Асанның Өтебі, кейде оларды Бөлек Асан деп атайды. Және бір білетінім Розаның шешесі Күріштің немере апасы Күмістен тараған ұрпақтар Қазалы ауданының Өркендеу ауылында тұрады». Қал-қадерінше әншінің өмірдеректерінен мәліметтер берген Өтеп қарт оның кіндік қаны тамған туған жері туралы сұрағымызға нақты жауап бере алмады
Қазақ ән өнерінің қайталанбас үнді, сирек кездесетін әсем аққуы Роза Бағланова туралы әрбір дерек тәмәм жұртшылық үшін қызықты да маңызды болатынын білеміз. Әлемге әйгілі әнші–бүкіл халқымызға ортақ тұлға, өнер тарланы. Ал ән-апаның, аңыз апаның жерлесі болу аралдықтар үшін үлкен де айтулы мақтаныш екені мың қайтара айтсаң да, көңіліңді аспандата берері, шалқыта берері сөзсіз.
Е. ЗЕЙНЕТҰЛЫ
23 қазан 2024 ж. 268 0