Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазақ әнінің бұлбұлы

Қазақ әнінің бұлбұлы

Әлемге әйгілі әнші Роза Бағланованың туғанына биыл 1 қаңтарда  100 жыл толды. Ол Қызылорда облысы, Қазалы қаласында дүниеге келген. Кіші жүздің Жағалбайлы руынан. Әншінің өмірі мен шығармашылық жолы халыққа деген қалтқысыз қызметтің, сахнаға деген адалдық пен көрерменге деген шексіз құрметтің үлгісі іспетті.

Роза Бағланованың әкесі Тәжібай бақуатты кісі болған.Ол әке-шешесі туралы: "Менің әкем екі әйел алған адам. Менің ұлты неміс тәрбиеші, күтушім болды. Аналарым мен тәрбиешім сол заманның сауатты адамдары, әрі текті әйелдер еді", – деп еске алады. Бағланованың әжесі де, шешесі де әнші болған адамдар. Олардың арнайы білімі жоқтығына қарамастан, ұдайы Розаға халық әндерін үйретіп жүрген.
Ол үшін өнердің айқын жолы, шығармашылық ғұмыры Ташкентте бастау алды. Ерекше дауыс иесі қазақ қызы өзбек елінде көптеген жетістікке қол жеткізіп, сол заманғы өнерпаздар арасында танымал болады. Ол  еңбек жолын өзбек филармониясынан бастайды. Содан соң Мәскеу консерваториясына жолдама алады. Алайда Ұлы Отан соғысы басталып, ансамбльмен бірге майданға аттанады.
Роза Бағланованың репертуарында халық арасына көп тараған «Ах, Самара-городок» және түрлі халықтың әндері мен заманауи композиторлардың әндері болды. Әнші сол заманның атақты өнер тарландары  А.Вертинский, Г.Уланова, М.Плисецкая, И.Ильинский, Д.Шафранмен бірге бір сахнада өнер көрсеткен тұлға. Әнші гастрольдік сапармен Польша, Мажарстан, Австрия, Қытай, тағы да басқа бірнеше елдерді аралады.
Әншінің өнер саласындағы жеке шығармашылығы қалыптасқан шақта сұрапыл соғыс басталып, қарапайым халық қайғыға оранды. Ел азаматтары сап түзеп, майдан даласына аттанып жатты. Ал өнерпаздар болса Кеңес әскерінің жігерін жанып, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыратын әуендерді от пен оқ бораған майдан даласында орындады. Осы тұста Роза Бағланова өз естелігінде: "1943 жыл. Соғыстың қызған шағы. Кезекті концерт кезінде майдан даласында жауынгерлерге ән салып тұрмыз. Кенет фашистер минометпен атқылай бастады. Енді еңкейе бергенімде көзімнің алдында қараңғылық орнады. Көзіме снаряд жарқыншағы тиген екен",– деп еске алады. Роза Тәжібайқызы осы жарақатқа байланысты көзіне бірнеше мәрте ота да  жасатыпты.
Берлинде 1945 жылдың 9 мамырындағы жеңіс концертінде ән салған елінің мақтанышына айналған қазақ қызы осынау өнер жолында көптеген жетістікке жетті. Ол қазақ өнерін шет елдерге танытып, қазақ әндерін бүкіл Одаққа насихаттау жолында қажырлы еңбек етті. Еліміздің мәдениеті мен өнерін дамытудағы орасан зор қажыр-қайраты мен еселі еңбегі үшін Роза апамыз "Халық қаһарманы" атағына ие болды. Одан бөлек, "Ленин", "Еңбек Қызыл Ту" және "Халықтар достығы "ордендерімен марапатталып, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығына ие болған еді.
Ол өнер жолында 1947-1949 жылдары Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының әншісі, 1949-1960 жылдары Жамбыл атындағы республикалық филармониясының солисі, 1960 жылдан бастап "Қазақконцерттің" әнші-солисі, жетекші сахна шебері болып абыройлы қызмет атқарды.
Р.Бағланованың 90 жыл ғұмырының 70 жылы шығармашылықпен астасып жатты. Әлемнің 54 елінің сахнасында қазақ, орыс, венгр, өзбек, қырғыз және бірнеше ұлттың  әндерін нақышына келтіре орындады. Жергілікті жердің халқын осылайша құрметтеу арқылы өзі де үлкен құрмет-қошеметке ие болды, алғысқа кенелді.
КСРО және Қазақстанның халық әртісі, "Халық қаһарманы", қазақ өнерінің майталман әншісі Роза Тәжібайқызы 90 жасқа қараған шағында 2011 жылы 8 ақпанда дүние салды.
Бүгінде Қазалыда әнші Роза апамыздың мұражайы, ол кісінің аты берілген көше бар. Алматы қаласында да ол кісінің атынан бір көше аталды. Әйтеке би кентіндегі орталық көшеге және мәдениет орталығына да есімі берілген.
Роза апамыз туралы көптеген кітаптар мен көркем суреттер және осыдан 15 жыл бұрын «Айналайын халқымнан еркелеткен» атты өмірбаяндық кітабы жарыққа шықты. Өткен жылы «Хабар» телеарнасы әншінің өмірі мен шығармашылығы жайында «Бұлбұл» биографиялық көркем телесериалын шығарды. Оның есімі М.Тетчер, Э.Тейлор сынды ұлы әйелдермен бірге англо-американдық «Кімнің кім екені» энциклопедиясына енгені өз алдына бөлек әңгіме. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы әншінің шығармашылық жолын дәріптейтін «Біздің Роза» деректі фильмін түсірді. Өткен жылы ЮНЕСКО-ның 41-ші Бас конференциясында 2022-2023 жылдарға арналған Атаулы күндер күнтізбесіне әнші Роза Бағланованың 100 жылдығы кіргені мақтаныш етуге тұрарлық дүние.
Қазақстан Республикасында ұлы қазақ әншісі жайында естелікті сақтау мақсатында Роза Бағланованың 100 жылдығын мерекелеу аясында осы жылы елімізде және шетелде бірқатар мерейтойлық іс-шаралардың жоспарлануы кейінгі жастарға тәлім-тәрбиесі мен өнегесін көрсете білген аса талантты апамызға деген ел құрметінің бір парасы болар. Осындай өнер майталманы Роза апамыз қазақ әнінің бұлбұлы болып халықтың жадында мәңгілік қалатыны сөзсіз.

К. МАХСҰТ 
27 тамыз 2022 ж. 2 639 0