Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әлімжан КЕҢЕС: Мақсатым – тыңдарман жүрегін жұбату

Әлімжан КЕҢЕС: Мақсатым – тыңдарман жүрегін жұбату

Өмір – адам баласына берілген ең үлкен сый мен сынақ. Сол сынақтың әрбір сәті жүректің дүрсілінен, жанның тереңінде сақталған үннен тұрады. Осы сәттерде адам өзін тану, өмір мәнін ұғыну, ар мен ұяттың алдындағы жауапкершілікті сезіну секілді рухани ізденістерге толы болады. Сондайда жан сырын ашып, шындықты жүрекке жеткізетін әсерлі туындылар жетерлік.
«Жанымның жыртып ақ шүберегін,
Дертіңе дауа тапшы демедің.
Өтірік күліп өмір сүрем деп,
Өкініп тұрып жақсы көремін.
Көрінген едің шуақтай маған,
Шөлдесең жаным бұлаққа айналам.
Күйбеңім қанша қан жылатса да,
Сүйгенін бірақ жылатпайды адам» деген өлең жолдары баршаға таныс. Бұл ән – рухтың үні, жанның айнасы. Ән әуені жүректі тербесе, сөзі адамды терең ойға жетелейді. Оның әрбір жолында адамгершілік, ар тазалығы, шынайылыққа деген үндеу жатыр. Жақында ән орындаушысы Әлімжан Кеңесті әңгімеге тартқан едік.
 Үніңіздегі нәзік иірім мен лириканың лебі тыңдарман жүрегін лезде жаулап алады. Даусыңызға дөп келген, бағыңызды ашып, көпке танымал еткен ән «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?». Есіміңіз алғашында музыка кеңістігіне кеңінен таралып жатқанда қандай күйде болдыңыз? Төлқұжатыңызға айналған төл туындыңыздың тарихына да тоқталып өтсеңіз?
– «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?» тырнақалды туындым емес, репертуарым бұған дейін де бірнеше әнмен толыққан. Солардың ішінде Үкітай Ерниязов пен Ақжол Түменбайдың «Кімсіз?» атты әні бар. Бұл ән арқылы авторлармен шығармашылық жолымыз тоғысып, бір-бірімізді түсіндік. Кейін «Сүйемін» атты әнге қызығушылық таныттым. Бірақ ол туынды қазақ эстрадасындағы аға буын әнші Нұрболат Абдуллиннің орындауына бұйырды. Іштей қапаланғаным рас. «Мұндай әнді енді қайдан табамын?» деген күдік те болды.
Алайда, өнер жолы да өмір секілді – бір есік жабылса, екіншісі ашылады. Ақжол Түменбайдың ғаламторда жарияланған өлеңдерін оқып, «Ж-ға» деген поэзиясына көзім түсті. Әр жолы жүректі қозғайтын бұл өлең ерекше әсер қалдырды. «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?» деп аяқталатын жырдың бастапқы нұсқасы «Мұқағалиды тірілтіп алып, махаббатыма ішіп барсам ба?» деген түйінмен бітуі тиіс еді. Бірақ біз ақылдаса келе, бұл жолдарды ән мәтініне қоспауды дұрыс деп шештік.
Әннің аранжировкасын Есен есімді ағамыз жасап шықты. Оның жанды терберлік әуезі мен әсерлі әуені бізді толқытпай қоймады. Алғаш тыңдағанда көңілім босап, көзіме жас алғаным бар.
Дегенмен, туынды жарыққа шыққанда тыңдарман тарапынан аса қолдау таппай, аз таралыммен шектелді. Қанша жылғы еңбегім еш кеткендей, көңілім басылып қалды. Содан ауылға қайттым. Туған жерімнің топырағы, кең даласының самалы тыныштық сыйлағандай болды. Ауылдың интернетсіз тыныш өміріне үйрене бастап едім. Бірде шаруалармен Арал қаласына бардым. Базарға бас сұққан сәтте өз әнімді естігенде таңқалдым. Әннің әр нотасы дүкеннен де, көліктерден де шығып жатты. Бастапқыда «кездейсоқтық шығар» деп аса мән бермедім. Бірақ кейін «Instagram» желісінде тыңдармандардың осы әнге видео түсіріп, бөлісіп жатқанын көргенімде қуанышым шексіз болды. Сонда барып, туындының жұлдызды сәті туғанын ұқтым. Ауылға қайтқан соң ата-анам бәрін түсінгендей болды. Олар маған ақ батасын беріп, «шабытыңды жоғалтпа, өнердің өрінде жүр» деп Алматыға шығарып салды.
Осылайша жүрегімнің оты қайта маздап, шабыттың жаңа толқыны басталды. Ән арқылы өзімнің рухани әлемімді жаңғыртып, тыңдармандарымның жүрегіне жол таптым. Әннің әр үні – өмір жолымдағы бір тағылым, ал әр тыңдарманның махаббаты – менің ең асыл олжам деп білемін.
 Аралдың өнерлі перзентісіз. Теңізден тыныс алған әншінің даусы да жар ұрғылаған толқын үніндей жағымды болары анық. Сіздің де елмен мақтанатыныңызды білеміз. Өнер өлкесінде Арал мәселесін көтеретін шығарма жазу ойда бар ма...
 Өлең мен ән – адам жанын тербейтін, жүректің тереңіндегі сырды жеткізетін киелі өнер. Сол қасиет менің де жүрегіме жақын. Өлең арқылы көп нәрсені айтуға, әнмен талай сезімді жеткізуге болады. Әрбір әуен – көңілдің күйі, ал әрбір өлең – өмірдің айнасы. Аралдың баласы, теңіздің ұлы болғандықтан, туған жердің тағдыры мені алаңдатпай қоймайтыны рас.
Кейде Ақтаудың толқынды Каспиін немесе өзге елдердің көк айдындарын көргенде, жүрегім қысыла түседі. «Шіркін-ай, менің Аралым да осылай шалқып жатса ғой!» деген сағыныш аралас арман көңілге тиіп, бір сәт көз алдыма толқыны жағаны ұрып, айдынына қайықтар жүзген, жасыл жағалауға туристер ағылған Аралдың сән-салтанаты елестейді. «Солай болғанда, мүлде басқаша дамыр ма едік? Туризмнің орталығына айналып, қаламыздың көркі ашыла түсер ме еді?» деген ойлар кейде жанымды мазалайды. Бірақ үміт бар. Үміт – жанның тірегі. Тарихтың қайталанатыны сияқты, мүмкін бір күні теңізіміз қайта оралып, толқындарының сылдыры жырға шабыт берер күндер келер.
Экология мәселесін өлеңге, әнге қосу – қазақ ақындарының көнеден келе жатқан дәстүрі. Табиғаттың тағдыры мен туған жердің мұңын өнермен жеткізгеннің жөні бөлек. Бекұзақ ағамыздың: «Аралдың табанынан су кеткенмен, халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ» деген сөзі санамда жаңғырып тұрады. Бұл ұлы сөздерде қаншама ақиқат жатыр!
Біз – Теңіз-Ананың баласымыз. Оған жыр арнамау, оның мәселесін қозғап, жүректі тебірентпеу мүмкін емес. Мен үшін де Аралдың тағдырына үн қосу – парыз. Егер дәл осы мәселеге жанашыр болып, оны тереңінен түсінетін ақын-композиторлармен шығармашылық жолымыз тоғысса, ойымыз бір арнаға түсіп жатса, бір әнімді міндетті түрде арнап, қоржыныма қосудан тартынбаймын. Бұл – менің перзенттік парызым.
 Ауылдың құмы да құйма алтыннан құнды. Білуімше, қарақұмдықсыз. Бала Әлімжанға қайта оралуға немесе оған хабарлама беруге мүмкіндік болса не айтар едіңіз? Ауылға барып тұрасыз ба?
 Иә, менің туған ауылым – Қарақұм. Арал ауданының кішкентай ғана, бірақ киелі мекені. Бұл ауыл – маған қанат бітіріп, жүрегіме ұлттың рухын сіңірген қасиетті орда. Қарақұм – ақ көйлекпен аунасаң да топырағы үстіңе жұқпайтын, аталарының батасы мен аналарының ақ тілегі үзілмеген, қазақы тәлім-тәрбие мен қарапайымдылықтың ошағы. Міне, дәл осындай жердің перзенті болып өскенімді әрдайым мақтан тұтамын.
Ауыл арасында әншіліктен бұрын бұзықтықпен танылғаным есімде. Еркелігім шектен шығып, үлкендердің қытығына тисем де, кешірімді болар деп еркін өстім. Жеңешелерге еркелеп, көрші-қолаңды әбігерге салатынмын. Ауылдың адамдары менің жайымды жақсы білетін. Көршілердің үйінде той-томалақ немесе құдайы ас болса, «Әлімжан келіп қалмасын, келсе, қолына тәттісін беріп, қайтарыңдар» деп алдын ала сақтанып отырады екен.
Отбасымда да қызықты естеліктер жетерлік. Анамның алдында кінәлі болып, жазаланатынымды сезсем, ауылдағы Қарасақал руының үлкендерін немесе танитын ақсақалдарды жинап, өз үйіме құдайы асқа шақырып жіберетінмін. Олар марқұм Қыдыралы атамызды ертіп, «Келінжан-ау, Әлімжан бізді құдайы асқа шақырды, расымен бе еді?» деп сұрайтын көрінеді. Мұны естіген анам ренжісе де, дереу самаурынға шайын қойып, бір табақ ет асып, келген кісілердің көңілін қалдырмайтын. Осылайша, еркелігіме де, кісілігіме де кешіріммен қарайтын ауылдың кең жүректі адамдары мені өмірге үйретті.
Отбасымда келін болмаған соң, үйдің шаруасы қиындық тудыратын. Сондықтан ата-анамды қалаға көшіріп, тұрмысын жеңілдетуді парызым деп білдім. Бүгінде олар Арал қаласында тұрады. Бірақ өзім үлкен қаланың тіршілігінен қолым босамай, туған ауылға барып, төрде шай ішуге әлі де уақыт таппай жүрмін. Қазір кеудемді сағыныш кернейтіні жасырын емес.
Ауыл – жүрегімнің төрінде. Оның тыныштығы, ошақтағы түтін иісі, төрт түліктің үні мен үшін сағыныш. Онда барған сайын шетке шығып, сағымға қарап, сырласамын. «Ауыл – елдің айнасы» демекші, мен үшін Қарақұмның әрбір тасы, әрбір күні жазылған өлең сияқты. Алла қаласа, көктем шыға туған жерге баруды жоспарлап жүрмін.
 «Эстрадада бәрімен бірдей араласа бермеймін. Өзімнің сыйласатын ағаларым бар, солармен жақсы қарым-қатынастамын» дейсіз. Оған не түрткі болды? Ал аралдық ағалардан кімдерді үлгі тұтасыз...
 Мен бала кезімнен адам таңдап араласуға бейім болып өстім. Бұл қасиет маған ата-анамнан дарыса керек. «Қадіріңді білмейтінге қадам баспа» деген нақыл сөзді өмірлік қағидама айналдырдым. Себебі адамды биікке жетелейтін – айналасындағы жақындары мен тілеулестері. Сол себепті, өзіңді де, сені де сыйлайтын жандармен араласу – мақсаттарыңа жету жолындағы басты құндылық.
Эстрада әлемінде барлық аға-әпкелерімді құрметтеймін. Олардың шақырған жерінен қалмай, әрдайым іні ретінде қолдау көрсетуге әзірмін. Дегенмен өнер жолында сырласып, кеңес сұрап, жақын араласатын ағаларым бар. Олар – Өмірқұл Айниязов, Асылбек Боранбаев, Жанболат Ербатыров сынды аға буын өкілдері. Олардан тек өнердегі ғана емес, өмірдегі маңызды сабақтарды да үйренемін.
Сыр елінен шыққан өнерпаздар қай кезде де бір-біріне бауырдай болып, жақын тартады. Қайда жүрсек те, бір-бірімізбен құшақ жая көрісіп, елдің салтына сай «ақұдайлап» жататынымыз – елдің дархан мінезінің көрінісі.
 Ескі ән мен есті әннің аражігін ажырата алатыныңызды білеміз. Дегенмен той мен ойдың ортасында жүрген музыкалар бар! Өзіңіз қазіргі «халтура» деген ұғымды қалай топшылайсыз...
 Маған есті ән айтуды алғаш үйреткен жан – қазір ауылымдағы №59 орта мектептің директоры, маған ән-әуез сабағынан берген Үміт Ақжанова апайым. Ол кісі бала кезімнен Шәмшінің сырлы да жүрекке жақын әндерін айтқызып, өнерге баулыды. Балалар байқауына дайындап, сахнада өзімді еркін ұстауды үйреткен ұстазымның еңбегі маған үлкен өмірдің есігін ашты. Әннің қасиетін, сөздің құдіретін түсіндіруде ол кісінің тәлімі мен үшін әлі күнге алтынға тең.
Өнер – адамның жан дүниесінің айнасы. Әр әншінің өз жолы, өз таңдауы бар. Бірақ соңғы 4-5 жылдың ішінде шетелден, әсіресе Қарақалпақ пен Қырғыз елінен алынған плагиат әндер қазақ сахнасында көбейіп кетті. Ондай әндерде біздің ұлттық болмысымыздың, қазақы рухымыздың жұрнағы да жоқ. Бұл – тек әуенді емес, онымен бірге өзге елдің тілін, ділін, мәдениетін қабылдау деген сөз. Мұның ақыры жақсылыққа апармайтынына сенемін.
Өзбек ағайындардың өнеріне қарап қызығамын. Олар үшін әрбір ән өз ұлтының болмысына сай болуы шарт. Егер ән өзбек халқының нақышына, талғамына келмесе, ол халыққа таратылмайды. Өнерді қадірлеудің тамаша үлгісі емес пе?! Бізге де осындай талап керек деп ойлаймын. Себебі шын өнердің қадірі ұлттық ерекшелігімен артады.
Менің де есті әндерге ден қоюым осы себептен. Ән тек тыңдарманды көңілдендіріп, уақытша шаттық сыйлайтын дүние емес, жүректің түкпіріне жетіп, рухани азық беретін құдірет, адамның жан әлемін емдейтін дәрі болуы керек. Сондықтан мен халыққа ұсынған әрбір туындым арқылы ана мен баланың арасындағы нәзік махаббатты, туған жерге деген сағынышты, адамгершілік пен ізгілікті жырлағым келеді.
Қазір көңілді, жеңіл ырғақтағы, билеуге арналған әндер тым көбейіп кетті. Мұндай әндер уақытша құбылыс, жалыны лезде сөніп, ұмытылып қалады. Менің мақсатым – тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, жүрегін жұбату. Ұлы Абайдың «Әннің де естісі бар, есері бар» деген сөзі мен үшін шығармашылық жолымдағы басты ұстаным. Әнге деген махаббатым мен құрметім оның сөзінің мәні мен тереңдігіне мұқият болудан басталады. Сондықтан мен тойдан түсетін ақшаны немесе бір сәттік танымалдықты емес, мәңгілікке қалатын өнерді қастерлеймін. Өнер адамының басты міндеті – уақытша «хит» емес, ел жүрегінде мәңгі сақталатын рухани мұра қалдыру.
 Шығармашылығыңызда дауыл алдындағы үнсіздік пен үзіліс бар секілді. Тыңдарманды тың туындылармен қуанту жоспарда бар ма?
 Шығармашылығымда тоқырау болды деп айта алмаймын. Карантин кезеңінде жүзімен емес, жүрекке жеткен әнімен танылған әншілердің қатарынан табылдым. Сондықтан өткен жылы өзімді таныту мақсатында Жезқазған, Қарағанды, Семей, Қызылорда, Шымкент, Тараз қалаларында гастрольдік сапармен жүрдім. Олардың ішінде 17-18 жыл бойы концерт өтпеген кішкентай ауылдар да болды.
Халықтың мейірімі – дарияның суындай, шегі мен шеті жоқ. Олар жылы шыраймен қарсы алып, жүрекжарды батасын беріп, кең дастарханын жайып, қонақжайлылығын көрсетті. Бұл менің өнеріме берілген ең үлкен баға, асқан мәртебе деп білемін.
Дегенмен сол сапарлар кезінде жаңа ән жазуға уақыт таба алмадым. Сахна мен сапардың қарбаласы шығармашылыққа терең бойлауға мүмкіндік бермеді. Сол себепті, алдағы уақытта тыңдарманды жүрегіне жететін есті әндермен қуантқым келеді.
 Әңгімеңізге рақмет. Теңізбен тілдесіп, оның толқынынан шабыт алатын өлке тұрғындары сізге шығармашылық табыс тілейді. Халықтың ақ батасы мен ықыласы сізді әрдайым биікке жетелей берсін!
Гүлмарал САҚТАПОВА
18 қаңтар 2025 ж. 22 0