Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "СЫР ТОЛҚЫНЫНЫҢ" тұлпары

"СЫР ТОЛҚЫНЫНЫҢ" тұлпары

Домбыра – қазақтың қасиетті мұрасы, ал күй – домбырадан төгілген тағдырлы тарихтың тілсіз шежіресі. Ұлттық домбыра күні – осы рухани байлығымызды ұлықтайтын ерекше мейрам. Мереке аясында Сыр өңірінде атақты күйші, Сыр сазын толғаған Мырза Тоқтаболатұлының 175 жылдығына арналған «Сыр толқыны» II Республикалық күйшілер конкурсы тағылымды шарасы өтті. Ел ішіндегі күйшілік мектептердің басын біріктіріп, жас таланттарды өнер жолына қанаттандыруды мақсат еткен бұл байқау ұлттық болмысты жаңғыртып, дәстүр сабақтастығын тереңнен танытты. Өнер додасына республикамыздың 10 өңірінен талантты 24 талапкер қатысып, өзара бақ сынады.
Байқауға күй өнерінің танымал шеберлері, күйші-композитор, Құрмағазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, «Құрмет» орденінің иегері, академик Төлепберген Төреахметұлы, күйші-композитор, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Жұмашұлы, Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледжінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Мүсілім Балтабайұлы, күйші, Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледжінің оқытушысы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әлімжан Нағызханұлы, күйші, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Педагогика және дәстүрлі өнер» институтының оқытушысы, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Алдияр Шағдатұлы қазылық етті.
Қазақстанның әр өңірінде қалыптасқан күйшілік дәстүр мен оны таратып жеткізушілер бас қосқан күйшілер конкурсы Сыр бойы күйлерін қайта жаңғыртып, жергілікті күйші-композиторлардың мұрасын жас жеткіншектерге насихаттау арқылы халқымыздың көне, фольклорлық-этнографиялық домбыра аспабын меңгеруде кәсіби шеберліктеріне ықпал жасау, өнерпаздар қатарын дарынды, жаңа буын өкілдерімен толықтыруға мол мүмкіндік берді.
Байқауға қатысушы, Арал топырағынан түлеп ұшқан жас күйші Ерімбет Орынбасаров өзінің ерекше талантымен және кәсіби деңгейдегі орындаушылығымен дараланып, қазылар алқасының жоғары бағасына алды. Туған жерінің текті өнерін жастайынан бойына сіңіріп өскен Ерімбет – Арал ауданындағы өнер ордасында күйге құштар болып жетілген, шебер ұстаздардан тәлім алған дарын иесі. Оның орындау мәнері, домбыраның шанағынан төгілген үні, шеберлік пен сырлы сезімге құрылған техникалық орындауы оның кәсіби деңгейін айқындап берді.
Сайыс қорытындысымен Арал ауданынан Ерімбет Орынбасаров, Қармақшы ауданынан Мадияр Жасаңбаев және Қарағанды қаласынан келген өнерпаз Алтынай Махмутқа ІІІ орын бұйырса, маңғыстаулық Жәнібек Жұмабаев пен астаналық Айшолпан Қасымова II орын иегері атанды. Жүлделі I орынды Алматы облысынан Саят Нұрәли қанжығасына байласа, қызылордалық дарын Махамбетхан Досымжан үздіктердің үздігі атанып, бас жүлдені жеңіп алды.
Өнер аламанында қарсыластарынан оқ бойы оза шапқан Шымкент қаласынан Серік Асқар, Жамбыл облысының намысын қорғаған Әбілжан Тәттімбет, Қызылорда қаласынан Көшербай Мұхамеддин және Алматы қаласынан келген Жұмағали Серік пен Жұлдызай Кенгесбаеваға байқаудың арнайы жүлделері табысталды.
«Сыр толқыны» конкурсы – жас таланттарға бағыт-бағдар беретін үлкен мектеп. Қазақ күйінің тектілігі мен тереңдігін насихаттаған өнер додасы дарынды орындаушылардың тың серпінмен өсуіне мүмкіндік берді. Осылайша, Сыр елінің тереңінен бастау алатын күйшілік дәстүр қайта жаңғырып, ел көңілінде әуезді үнін қайта жаңғыртты.
"Толқын" ақпарат
09 шілде 2025 ж. 89 0