Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Домбыра үйірмесі ашылды

Домбыра үйірмесі ашылды

Жақында қаладағы З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Халық алғысы», «Еңбек даңқы» медальдарының иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Арал ауданының құрметті азаматы, белгілі күйші-композитор, ақын Мұрат Сыдықов атындағы домбыра үйірмесі ашылды.
Салтанатты шарада алдымен өңірдегі өнердің атасына айналған күйші-композитор, ақын Мұрат Сыдықовтың өмір жолы, шығармашылығы, халқымыздың рухани байлығына қосылған әндері мен күйлері, тағылымды терме-толғаулары, өлең-жырлары көпшілікке таныстырылды.
Үйірменің ашылу салтанатына Арал қаласының әкімі Ербол Талекенов қатысып, бүгінгі бастау алған игі шараның мән-маңызына тоқталып, жас өрендердің ұлттық өнерімізді асқақтата беруіне тілектестігін білдірді.
– Домбыра – қазақтың жаны. Халқымызбен бірге ежелден жасасып келе жатқан, оның рухани жан серігіне айналған музыкалық аспаптардың бірі. Ата-бабамыздан бізге қалған асыл мұрамыз әрбір қазақтың төрінен орын алған. Домбыра үйренуші шәкірттің бойында ең бірінші ынта, талпыныс, сабырлық және төзімділік болуы керек,– деген Мұрат Сыдықыв үйірмеге алғаш қабылданған балаларға батасын беріп, домбыра аспабын табыстады.
Одан соң аталған домбыра үйірмесінің жетекшісі Сержан Сәрсембаев қазақ күйінің көкжиегін кеңейткен «Мұраттың төкпесін» нақышына келтіре орындады. Осылайша қазіргі заман талабына сай домбыра аспабын жақсы деңгейде меңгеруді, эстетикалық тәрбиелі, дүниетанымы жоғары, бәсекеге қабілетті тұлға даярлауды мақсат еткен жаңа үйірменің лентасы қиылды. Сөйтіп үйірмеге қабылданған жас домбырашыларға киелі аспапты шертудің қыр-сырын үйрету жұмыстары бастау алды.

"Толқын" ақпарат
15 шілде 2022 ж. 3 796 0