Белгілі күйші-композитор, ақын Мұрат Сыдықов атындағы домбыра үйірмесі ашылды
Бүгін З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Халық алғысы», "Еңбек даңқы» медальдарының иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Арал ауданының құрметті азаматы, белгілі күйші-композитор, ақын Мұрат Сыдықов атындағы домбыра үйірмесі ашылды.
Салтанатты шарада алдымен өңірдегі өнердің атасына айналған күйші-композитор, ақын Мұрат Сыдықовтың өмір жолы, шығармашылығы, халқымыздың рухани байлығына қосылған әндері мен күйлері, тағылымды терме-толғаулары, өлең-жырлары көпшілікке таныстырылды.
Үйірменің ашылу салтанатына Арал қаласының әкімі Ербол Талекенов қатысып, бүгінгі бастау алған игі шараның мән-маңызына тоқталып, жас өрендердің ұлттық өнерімізді асқақтата беруіне тілектестігін білдірді.
Шара барысында күйші-композитор Мұрат Сыдықыв: -«Домбыра – қазақтың жаны. Халқымызбен ежелден жасасып келе жатқан аспап. Ата-бабамыздан біздерге қалған асыл мұра. Сондықтан да әрбір қазақтың төрінен орын алған. Домбыра үйренуші шәкірттің бойында ең бірінші ынта, талпыныс, сабырлық және төзімділік болуы керек.»- деп еліміздің жарқын болашағы саналатын, үйірмеге алғаш қабылданған балаларға батасын беріп, домбыра аспабын табыстады.
Одан соң аталған домбыра үйірмесінің жетекшісі Сәрсембаев Сержан қазақ күйінің көкжиегін кеңейткен «Мұраттың төкпесін» нақышына келтіре орындады.
Осылайша жаңа үйірменің лентасы қиылып, үйірмеге қабылданған жас домбырашыларға киелі аспапты шертудің қыр-сырын үйрету жұмыстары басталды.
"Толқын" ақпарат