Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Қайтадан» фильмі: қоғамға айтылған үлкен үн

«Қайтадан» фильмі: қоғамға айтылған үлкен үн

Соңғы уақыттары еліміздің кино индустриясы біршама дамып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүргенін байқаған шығарсыз?! Расымен де, кино әлемі көпшілік көрерменді баурай да, қызықтыра да білді. Соның ішінде соңғы шыққан Қазақстандағы «Dala Cinema» алғашқы апат туралы «Qaitadan» фильмін тамашалап көрдіңіз бе? Ендеше бұл киноны талқылай отырып, пікір де білдіре отырайық.
Бұл фильмнің бас кейіпкері – Рауан. Ол қала баласы, ұлттық біріңғай тестілеуден өте төмен балл жинап, әкесі оған жаза ретінде жазғы демалысын ауылда өткізуін тапсырады. Дегенмен қала баласын тағдыр күтпеген сынаққа салады. Яғни, ол бір күннің тұзағына қалады. Оның әр күнінің соңында дамбы қирап, ауылда апат болады. Ал бас кейіпкер қайталана беретін уақыт ілмегінен құтылу үшін, бүкіл ауылды құтқару керектігін түсінеді. Осы ретте Рауанның күндері күнде қайталана беруі фильм атауының мағынасы екендігін түсінуге болады. Бірақ ол ауылға ескерту бергенімен оны ешкім тыңдамайды. Керсінше оған «науқастанып қалғансың ба?», «басыңнан күн өткен бе?» деп күле қарайды жұрт.
«Апат айтып келмейді. Осы фильм арқылы қандай да бір тосын жағдай болса, еліміздің әрбір азаматы қалай әрекет ету керегін көрсетуге тырыстық. Жалпақ тілмен айтар болсақ, бұл – есею туралы фильм. Қиын-қыстау заманда, ел басына күн туғанда жеке басын ойламай, жауапкершілік алатын батыр, ержүрек жастарымыз болса, бірлесіп жүкті көтеруге үндейді. Еліміз, жеріміз бізге ғана керек екенін сезіндіру мақсатында сценарийге көптеген дүниені сыйдырдық. Бізге уақыттың қымбат екенін көрсеткіміз келді. Кинодағыдай бізге екінші мүмкіндік берілмейді. Бұл фильмде барлығын өзгертуге болады, ал шынайы өмірде бір қате жіберсек, бірнәрсеге бей-жай қарасақ сол нәрсенің зардабын шегеміз. Сондықтан көрермен фильмнің айтарын түсініп, тереңнен бойласа екен», – деді фильмнің бас продюсері Жалын Тілеуберген бір сұхбатында.
«Қайтадан» фильмі – ауылдағы дамбының жарылу қауіпі төңірегінде өрбитін, бірақ шын мәнінде бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік жайлы ой салатын туынды. Дамбыдағы жырық – тек техникалық ақау емес, ұлттық деңгейдегі ескерту белгісі сынды. Бұл фильмнің басты құндылығы – қоғамды бірлікке, сақтыққа, ортақ іске жауапкершілікпен қарауға шақырады. Көрерменге ой салып ғана қоймай, сақтық шараларын жасап, әрекет етуге итермелейтін тұстары айқын.
Думан Еркімбек информбюро тілшісіне берген ақпаратында фильм шынайы шығу үшін ауылдың макетін жасап, қолдан дамбы тұрғызған екен.
«Көрермен графикаға сенбейді. Сондықтан дамбыны, ауылды қолдан тұрғызуды жөн көрдік. Дамбыны өзіміз жарамыз деп шештік. Қазақстанда ешкім істеп көрмеген соң қиын болды. Қоюшы суретші Бекен Нарбай іске кірісіп, дамбыны тұрғыздық. Бірнеше рет жарып көрдік. Ауылдың өзін екі-үш ай жасады. Нәтиже көңілден шықты. Классикаға айналған "уақыт ілмегі" элементі әлемдік кинода көп кездеседі. "Қайтадан" фильмінің өзіндік мағынасы, айтар ойы бар. Елімізде қаншама жыл бойы бір мәселе, апат, қате қайталанады. Сондықтан осы элементті таңдап алдық. Адам уақыт ілмегінен шығуы үшін өз-өзімен жұмыс істеп, өз-өзін жеңуі керек. Сол сияқты біз де қоғам ретінде мәселелерді шешу үшін онымен күресуіміз керек», – деді фильм режиссері Думан Еркімбек.
Әлемдік кино тарихында уақыт ілмегі мотиві қолданылған туындылар өте көп. Бұл түсінік әсіресе дүниежүзі халықтарын дүрліктірген пандемиядан кейін өзекті бола түсті. Яғни, бұл кездері барлық отбасы мүшелері үйде. Жұмыс, оқу барлығы дерлік онлайн болды. Онлай адамның бір күні бір күніне ұқсас болады. Үйлеріне қамалып, қалыпты жұмысынан, әлеуметтік ортасынан айырылып қалған адамдар уақыт ілмегінің тұтқынында өалғандай болды.
«Ей, сен, бұл дамбаны кімдердің салғанын білесің бе? Советский союз! Әлі жүз жыл тұрады бұл дамба!» дейді фильмдегі оқиға өрбіп жатқан Қарағаш ауылының әкімі. Бұл – оның апат болар күні дамбаға түскен сызатқа қарап тұрып айтқан әңгімесі.
Жалпы кей мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан аумағында жалпы саны 300-ден аса дамба бар екен. Бұл дамбалардың басым бөлігі – Совет кезінде салынған, тозығы жетіп тұрған ескі нысандар. Сондықтан бізге келешекте фильмдегідей көп Рауандар мен Жігерлер қажет болады-ау.
«Қайтадан» фильмі – жай ғана ауылдағы апат туралы драма емес, қоғамға қарата айтылған үлкен ескерту. Ол бізді бізді қауіпке дейінгі кезеңде әрекет етуге, ұсақ нәрсенің үлкен салдары болатынын түсінуге шақырады. Бұрыннан қалған "мұралардың" бір уақыттары кез келген уақытта жарылып кетуі әбден мүмкін. Ал ондай жағдай орнаса, фильмдегідей күн қайталанып келмейтінін ұмытпаған абзал.
А.НҰРЛАНОВА
24 қыркүйек 2025 ж. 188 0