Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әмірбектің ән әлемі

Әмірбектің ән әлемі

Ел іші – өнердің сарқылмас кеніші. Мәдениетімізді өркендетіп, ұлттық өнерімізді ұлықтап жүрген дарынды азаматтарымыздың биік белестерді бағындыруы – баршамыз үшін үлкен мақтаныш.
Жақында Сырдария ауданында КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ермек Бекмұхаммедұлы Серкебаевтың 100 жылдығына арналған «Қазақ операсының Құлагері – Ермек Серкебаев» атты облыстық әншілер байқауы өтті. Мұзбалақ өнер иесінің мерейтойына арналған дүлділдер бәсекесінде Қызылжар ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Әмірбек Ерғалиев бақ сынап, жүлделі ІІ орынды иеленді.
Әмірбек Ерғалиев 1983 жылы 1 қыркүйекте шұрайлы Қызылжар ауылында дүниеге келген. Өнерге құштар жас 2003-2008 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде «Дизайн» мамандығы бойынша білім алды.
Еңбек жолын 2003 жылы туған ауылындағы мәдениет үйінде «Көркемдік жетекші» болып бастаған ол 2008 жылдан бері Қызылжар ауылдық мәдениет үйі жанындағы халық театрының суретшісі болып жемісті қызмет атқарып келеді. Өз мамандығының шебері ретінде бейнелеу өнері мен театр саласында талай аудандық, облыстық байқауларда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген әмбебап дарын бұл жолы әншілік қырынан да суырылып шығып, табиғи талантын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бүгінде өнегелі отбасының отағасы, 5 бала тәрбиелеп отырған ардақты әке өнерде де, өмірде де өзгелерге үлгі болып келеді.
Сізді жеңісіңізбен құттықтай отырып, өнер жолындағы қадамыңыз әрдайым сәтті болып, алар асуларыңыз еселене берсін демекпіз. Ән әлемінде өзіндік дара қолтаңбаңызды қалыптастырып, тыңдарманның ыстық ықыласы мен қошеметіне бөлене беріңіз!
«Толқын» ақпарат
28 шілде 2026 ж. 35 0