Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнер иесінің есімі ұлықталды

Өнер иесінің есімі ұлықталды

Сырдың бойы қашанда саңлақтардың мекені. "Сыр елі – жыр елі" атанып кеткен өлкеде өлең-жырдың, дәстүрлі өнердің даңғаза дүлдүлдері жетерлік. Соның ішінде топырағында туған жандардың аяғынан бұрын тілі шығатын Сырдың бойын жағалай қоныстанған ауылдарды, кіндік қаны тамған тарлан өнерпаздарды көптеп айтуға болады.
Солардың бірі Амандық Жүгінісов. 1963 жылы 2 қаңтарда Арал ауданы, Шөмішкөл елді мекенінде дүниеге келген. 1980 жылы №82 Қаратерең орта мектебін бітірген ол 1981-82 жылдары әскер қатарында болып, Отан алдындағы борышын өтеген. 1984 жылы Қызылорда политекхникумына түсіп, 1987 жылы техник-гидротехник мамандығы бойынша бітіріп шыққан.
Еңбек жолын 1987 жылы Аманөткел елді мекенінде ПМК 4-те мастер болып бастаған Амандық Әлімжанұлы 1988 жылы «Райым» колхозында товарлы көл шаруашылығының қарауылы, кейін техника кауіпсіздігі инженері болып жұмыс атқарды.
Алайда өнерге жаны жақын кейіпкеріміз 1992 жылы Қызылжар ауылдық Мәдениет Үйіне сантехник болып орналасып, 1994 жылдан бастап Қызылжар ауылдық Мәдениет Үйі жанындағы халық театры режисеры, одан әрі өмірінің соңына дейін Қызылжар ауылдық Мәдениет үйінің директоры болып қызмет атқарды.
2013 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін тарих бакалавры мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Осы саладағы еңбек өтілі жиырма бес жыл.
Мәдениет үйі осы уақыттар ішінде аудандық, облыстық, республикалық сараптамалардан үздік деп танылып, 2005 жылы Мәдениет министірінің «Үздік ауылдық клуб және Мәдениет үйі» номинациясымен, бір жылғы қаржылай сыйлығымен марапатталды.
Осы салада қызымет істеген жылдарда аудандық, облыс мәдениет үйі басшыларының және аудан, облыс әкімдерінің Алғыс хаттарына ие болды.
Тәуелсіздіктің 10 жылдығына байланысты Президенттің алғыс хаты мен «Тәуелсіздікке – 10 жыл» төс белгісін иеленді.
Еткен еңбек қай кезде де еш кетпейтіні белгілі. 2013 жылы облыс әкімінің «Құрмет грамотасы», 2016 жылы «Тәуелсіздікке – 25 жыл» медалімен марапатталды.
Осындай ерекше өнер иесі мәдениеттің маңдайына сыймай кетті. 2017 жылдың 4 қарашасы күні 54 жасында өмірден озды.
Алайда біз ерін іздейтін елі барына куә болдық. Өткен аптаның аяғында Қызылжар ауылы жастарының ұйымдастыруымен «№81 орта мектептің» спорт алаңында, ауылымыздың құрметті азаматы, мәдениет және спорт жанашыры Амандық Жүгінісовті еске алуға арналған шағын футбол және волейболдан аймақтық турнир өткізді.
Шара аясында ауылдың атын асқақтатып, мәдениеттің өрісін кеңейткен өнер иесінің өмірі жайлы естелік айтылып, ауылдағы «Оңғар ахун» мешітінде сырттан келген спортшы жастарға арналған қонақ асы берілді.
Шағын футбол 15 команда бақ сынап, бас жүлдені Сексеуіл, 2 орын Қызылжар, 3 орынды Аралқұм, 4 орын Ақбай командалары алды.
Шара соңында қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Ернар Амандықтың және ауыл өнерпаздарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылып, Амандық Әлімжанұлының ел есіндегі есімін қайта жаңғыртты.
Оңталап ЖОЛДАСОВ

Фото: автордан 
30 шілде 2025 ж. 43 0