Кенжалы Ерімбетов: қалам мен ғұмыр
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада «Қазақстанның құрметті журналисі», «Ақпарат саласының үздігі», Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Кенжалы Ерімбетовтің 70 жылдық мерейтойына арналған «Қаламгердің рухани әлемі» атты шығармашылық кеш өтті.
Шығармашылық кеште мерейтой иесіне облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Күлбаев, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі Қаршыға Есімсейітова, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Гуманитарлық-педагогикалық институтының директоры, т.ғ.к. Сағат Тайман ақжарма тілектерін арнады. Сондай-ақ мәдениет саласының ардагері Қабдеш Шағыров, ақындар Мұхамеджан Нұрханов пен Гаухар Қожахметова, Жетікөл ауылының әкімі Өмірбек Тоқмамбетов, сонымен қатар Жомарт Құлмағамбетұлы мен Қанат Көзейбаев та құттықтау сөз сөйледі.
Кеш барысында қаламгердің өмірі мен шығармашылық жолына арналған бейнеролик көрсетіліп, Кенжалы Ерімбетовтің туған жері – Жетікөлге арналған толғауы орындалып, ақынның туған ауылға, ата-анаға деген сағынышы мен перзенттік махаббаты сөз болды. Қаламгер балалық шағы, журналистикаға келуі және шығармашылық жолының бастауы туралы естеліктерімен бөлісті. Кеш көркін Кенжалы Ерімбетовтің сөзіне жазылған әндер де аша түсті. Әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ләйлә Насимханова ақынның сөзіне жазылған «Қазақстаным» әнін орындаса, Тоғжан Бауыржанқызы «Туған жер» әнін шырқады. Екі әннің де музыкасын композитор Талғат Нағашбаев жазған.
Кенжалы Ерімбетовтің өлеңдері оқылып, шәкірттері мен замандастары жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Кеш барысында Кенжалы Ерімбетовтің өзі де жырларын оқып, шығармашылық әлемінен сыр бөлісті.
Шара соңында Кенжалы Райымбекұлының «Көңіл күмбезі» және «Көл бетіндегі аппақ гүл» атты жаңа кітаптарының тұсауы кесілді. Тағылымды кеш қаламгердің жетпіс жылдық ғұмырын, журналистика мен әдебиеттегі еңбегін ұлықтап, шығармашылығына құрмет көрсеткен мазмұнды басқосуға айналды.











