Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Адырлы қырдың арланы еді...

Адырлы қырдың арланы еді...

Бүгін аудандық мәдениет үйінде қазақ журналистикасы мен әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған көрнекті қаламгер, ақын, жазушы, журналист Қази Соңғыбайұлы Данабаевтың туғанына 75 жыл толуына орай «Адырлы қырдың арланы еді...» атты еске алу кеші өтті.

Кештің негізгі мақсаты қаламы қарымды қаламгердің өнегелі өмір жолын, бай шығармашылық мұрасын насихаттау, есімін ұлықтау және кейінгі ұрпаққа тағылым ету.

Рухани шара барысында көрермен назарына Қази Данабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнебаян ұсынылып, қаламгердің жүріп өткен жолы мен әдеби мұрасы кеңінен таныстырылды. Кеш аясында кітап көрмесі ұйымдастырылып, қаламгердің шығармалары оқырман назарына ұсынылды.

Тағылымды кеште аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмасбек Жақсылықұлы Молжігітов құттықтау сөз сөйлеп, қаламгердің руханият әлеміндегі орнына тоқталды.

Кештің шырайын аша түскен естелік әңгімелерде Қази Соңғыбайұлының азаматтық болмысы, шығармашылық ізденісі, журналистикадағы ізгі ізі мен адами қасиеттері кеңінен айтылды. Қаламгердің көзін көрген замандастары мен әріптестері жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Ал қарындасы Бибайша Соңғыбайқызы ағасының өмірі мен артында қалған асыл мұрасы жайында сыр шертті.
Әдеби-сазды кеш барысында Қази Данабаевтың сөзіне жазылған әндер орындалып, ақынның ізін жалғар шәкірттері атынан арнау өлең оқылды.

Қаламгердің шығармашылық мұрасын арқау еткен бұл кеш өткенге тағзым ғана емес, сөз өнеріне деген құрметтің, рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі болды.

Қарақұмның қарапайым топырағынан түлеп ұшып, Сыр елінің руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Қази Данабаевтың есімі ел жадында, шығармалары оқырман жүрегінде мәңгі сақталмақ.
05 қараша 2026 ж. 37 0