Қази Данабаевтың 75 жылдығына арналған еске алу кеші өтті
Қази Данабаевтың 75 жылдығына орай Әбділда Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханада қаламгердің рухына тағзым етіп, шығармашылық мұрасын ұлықтауға арналған еске алу кеші өтті.Тағылымды шараға жазушының ұрпақтары, әріптестері мен шәкірттері қатысып, естеліктерімен бөлісті. Кеш аясында жас ақындар Қази Данабаевтың болмысы мен шығармашылығына арналған мүшәйрада бақ сынады.
– Қази аға бөлек адам, бөлек жазушы, бөлек ақын еді. Бізге “сен шәкіртімсің” демеді, біз бірақ оны іштей ұстаз санадық, оның жанында жүруге тырыстық. Риза болғанда “айналайын” деп еркелетіп, ренжісе, үнсіз қалатын мінезді кісі болды, – деп еске алды ”Qyzylorda” телеарнасының директоры Нұрбек Әмиша.
Кешке Астанадан арнайы келген жазушының ұлы Нұрлан Сұңғыбайұлы да қатысты.
Қаламгердің өнегелі өмірі мен мол шығармашылық мұрасы – кейінгі ұрпаққа аманат. Оның «Шоңтөбе. Шотай. Балдаурен» повесі 1988 жылы республикалық «Жалын» журналы жариялаған жабық бәйгесінде жүлде алған. «Сағыныш екен бала кез», «Нартұлға», «Достарым менің, достарым» секілді кітаптары әр кезеңдерде жарық көріп, оқырман жүрегінің төрінде орын тапқан. Одан бөлек «Ұлан» газетіне, «Ақ желкен» журналына жарияланған әңгімелері қазақ балалар әдебиетінің қоржынын толтырды. Ақын Фариза Оңғарсыновамен, Хасен Оралтаймен болған шығармашылық байланысы жазушының прозадағы қарымын күшейтті.
Айта кету керек, Қази Соңғыбайұлы 1951 жылы Арал ауданы Қарақұм ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ қалам мен қағазды жанына серік етеді. Сөйтіп тырнақалды шығармаларын да дүниеге әкелген. Ол алғаш еңбек жолын кіндік қаны тамған өңірде мұғалімдік қызмет атқарудан бастайды. Жылдар өте облыстық кәсіподақ шығармашылық ұйымының директоры, облыстық телерадио хабарларын тарату компаниясында аға редакторлық қызметтерін абыройлы атқарған. Мұнан кейін өмірінің соңына дейін облыстық «Сыр бойы» газетінде қызмет атқарып, сан түрлі тақырыпта қалам тербеді. Ол «Жалын» баспасының екі мәрте жүлдесін иеленіп, «Гүлдәурен», «Қыран қия» секілді бірнеше кітаптарын жарыққа шығарған.
syrboyi.kz










