Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Рухы жырға айналды

Рухы жырға айналды

Өткен жұмада көрнекті ақын, белгілі қаламгер Қази Данабаевтың рухына арнап, ұрпақтары, әріптестері мен шәкірттері еске алу кешін ұйымдастырды. Оған көзкөргендер арнайы қатысып, қайталанбас тұлға жайында естеліктер айтты. Әбділда Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханадағы кеште жазушының ұлы Нұрлан Соңғыбайұлы әке есімін жаңғыртуға атсалысқан барша тілеулестерге ризашылығын білдірді.
Айтыскер ақын Бексұлтан Орынбасаровтың арнау жырымен ашылған шарада қоғам қайраткері Биғали Қаюпов, жазушы Сайлаубай Жұбатыров сөз сөйледі. Қази болмысының қайталанбайтынын ортаға салды. Бөлек адам, бөлек жазушы болған оның өлмес өлеңдерін ұлықтау мақсатында жас ақындар арасында мүшайра ұйымдастырып, тірі болғанда 75 жасқа толатын Данабаевтың даңғыл жолын жырға қосты.
Бұл шарада да өмірі өнеге жанның өлмес мұралары кеңінен сөз болып, әріптестері ақын Дүйсенбек Аяшұлы әсерлі әңгімесімен бөлісіп, өлең оқыды. Ақын Бексұлтан Орынбасаров арнау жырын ортаға салды. Шәкірттері «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабаддинов, облыстық телеарна директоры Нұрбек Әмиша кештің басы-қасынан табылып, қиял көкжиегін кеңейткен Қазидай көкелерінің журналистика жолындағы бағыт-бағдары өлшеусіз екенін айтты.
Аралдан арнайы келген жазушы Толыбай Абылаев, «Арал әлемі» газетінің редакторы Ерғали Абдулла естеліктерімен бөлісті.

А.ЕЛЕШ
03 қараша 2026 ж. 105 0