Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Бай» деп кімді айтып жүрміз?

«Бай» деп кімді айтып жүрміз?

Жақсылар бас қосқан жиындардың бірінде «пәлсафалық» әңгіме қозғала бастады. – Біздің баланың жұмысы жоғарылағалы, тұрмысы жөнделіп қалыпты. Өткенде өзім қалаға барғанда көрдім. Астарында бір-бір көлік, қымбат үйлері бар екен. Аллаға шүкір, сол деңгейге өзінің жетістігінің арқасында жетіп отыр, – дейді бір көкеміз. Ол кісінің де жағдайы жақсы екенін білетінбіз. Оның сөзін қоштай кеткен қасындағылар да: – Ол баланың біразға баратынын жастайынан байқайтынбыз. Өзі кішкентайынан оқуды үздік оқыған жоқ па еді? – деп сұраулы үнмен бір біріне тіл қатады. Қайдан білсін, әлгі кісіге жағына сөйлесек, бір шерепеті тиіп қалар деп ойлаған шығар көбі.
А. ҚАРАСАЙ

Сорпасы су татитын арзан әңгіменің арғы жағында құр мақтан, сасық пиғыл жатқаны анық аңғарылады. Амал жоқ, «аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін» деген арзан тіркес көп айтылатын қазіргі заманда «бай» деп әлгіндей жандарды айтып жүрміз. Жарайды, келістік делік. Бірақ санада бір-бірінен алшақтап қалған «бай мен кедейдің айырмашылығы неде?» деген бір сұрақ қалды. Шындығында, біз кімді бай, кімді кедей деп жүрміз? Осы сұрақ сізді де ойландыратын болар... Кезінде қазақ даласына келіп, жағдайды көзімен көрген орыс генералы Броневский: «Қазақтың байлары орыстың «богатый» сөзінің баламасы емес, қазақтың байы – ақыл-ойы, рухани жағынан барынша жетіліп, нағыз кемеліне келген адам. Соны ғана қазақ халқы «бай» дейді. Ал жай ғана материалдық құндылықтарды жинаған адамды қазақ ешқашан «бай» деп мойындамаған», – деп жазған. Расында, ұлтымыздың ұғымындағы «бай» сөзі арнайы әрі ауқымды статусқа ие болғанмен, қазір оның бағасын түсіріп алып жүрген жоқпыз ба?! Негізі, ол – тектіліктің баламасы емес пе еді?! Шындығында, белгілі ортаның, рудың арасынан шыққан төрелер мен байлар бақуатты қоғамның негізін қалаушы жандардың қатарында болған ғой. Шариғат талаптарына сәйкес әрбір бай өздеріне тиесілі мал-мүліктің белгілі бір бөлігін садақа қылып, құрбан шалып мұқтаж жандарға үлестіріп отырған. Өз руында қыста соғым союға жағдайы жоқ жандарға бір қара беріп көмектескен. Баласын үйлендіруге жағдайы жоқ немесе дертіне шипа іздеп, дәрмені таусылған жандарға да демеу болған. Сол ісі арқылы өзіне молынан сауап алып, ел арасында абыройы асқақтаған «байлардың» тарихта болғаны белгілі. Керісінше, қолында барды қиғысы жоқ, ниеті тар «Шығайбайлардың» ел алдындағы күлкілі тірліктері көбіне жағымсыз кейіпкер ретінде ел жадында қалған.
Тарих ғылымының докторы А.Тоқтабайдың: – Ру болу үшін қазақта үш нәрсе болуы керек болған: бірінші – бағатын байы, екінші – жаудан қорғайтын батыры, үшінші – топқа түсетін биі. Осы негізгі үш элементі болғанда ғана «жеті атаға толыстық, жеке ел болыстық» деп ту бие сойып, жаңа рудың шаңырағын көтерген. Сондықтан да қазақтың байлары қазіргідей өзіне бәлен үй салып алып, түген мәшине мініп, жеке бас мүддесін күйттеп кеткен емес. Бүгінгідей зейнетақы қоры, сақтандыру секілді дүниелер жоқ жалпақ жұртты әр рудың сол байлары асыраған: рудың соғымға соятын малы болмаса, жарлының баласы отау құра алмай жүрсе, тағы сол сияқты материалдық қажеттіліктің бәрін бай өз мойнына алып отырған. Қазақ қоғамының ең басты ерекшелігі де сонда, яғни орыс не Еуропа қоғамындағыдай бай мен кедейдің арасында өшпенділік болған емес. Бұл – біздің құр кеуде соғу, мақтануымыз емес, барлығы да белгілі орыс, түркі ғалымдарының кезінде жазып кеткен ғылыми деректеріне сүйеніп айтылған дерек, – деген пікірі бар. Міне, заманында жүрегіне иман ұялаған жандар Алла қолына қанша байлық берсе де асып-тасымаған. Керісінше, күйсізге пана, әлсізге қамқор болған. Уақыт өте бай мен кедейдің арасына жік салған орыс отаршылдығының салдарынан «бай» деген ұғымға ие болған адамдар қоғамнан өздерін бір саты биік санады. Қазір де сол сарынмен жалғасқан құлдық сана төрт құбыласы түгел көптеген жандардың өмірінен өшкен жоқ. Өткен ғасырдағы көптеген шығарманың байды болымсыз етіп көрсетуі, кедейді көкке көтеруінің астарында жымысқы ой жатқандай. Бұл да кеңестік кезеңде бай мен кедейдің арасын алшақтату арқылы жүдеу қоғам қалыптастыруға негізделген идеологиялық айланың бір түрі екен. Осылайша алтын тірек болған бақуатты азаматтарды қазақ қоғамына жиіркенішті етіп көрсетті. Соның салдарынан байларға деген көзқарас та, байлықтың өзі де алшақтап кетті. Бұл біздегі құлдық сананың әлі бойымызда жүрген кесел екенін аңғартады. Менің түсінігімде иман азығы толысқан, көкірек көзі ояу, жұртқа жақсылық қылуға жаны құмар жандарды бай деп айтуға толық негіз бар. Ондай жандар әлбетте материалдық құндылыққа қарағанда, рухани құндылыққа жақын келеді. Қолында байлығы болса да, өз туған жеріне немесе көрші-көлемі мен ағайын-туысына көмек көрсетіп, артына өшпестей із қалдыратын жандар қазірдің өзінде ортамызда жүр. Ондай жандар Сыр өңірінен де шықты. Қазір Сырдария ауданына қарасты Н.Ілиясов ауылына бара қалсаңыз, құдды бір қалаға келгендей кейіпке енетініңіз анық. Сол ауылды сондай жағдайға жеткізген елінің азаматы А.Ералиев есімді Қазақстанның Еңбек Ері. Ол мұндай атаққа ақша беріп емес, ауылына ақша бөліп жетіп отыр. Сол еңбегі ескерусіз қалмай Елбасынан марапат алып, ел азаматына айналды. Негізі, жақсылықтың жарнамасы аз болады. Бәлкім, арамызда «оң қолым істеген жақсылықты сол қолым білмесін» деген ниетпен жүрген жандар да бар шығар. Дегенмен ақпарат ағыны алға озған заманда қылған жақсылығын жарияға жар етіп жүргендер қаншама. Ал шын мәнінде нағыз «бай» деген атқа лайық азаматтарды халық өзі-ақ қолпаштап, көкке көтереді.
10 желтоқсан 2019 ж. 848 0