Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жалықтырмайтын жарнамалар

Жалықтырмайтын жарнамалар

Теледидардан жарнаманың уақыты өткенге дейін үйреніспей, кейін соған етіміз өліп, дағдыланып қалыппыз. Үйренгеніміз соншалықты, «тәп-тәуір» жарнаманы көріп отырғанда ойда-жоқта арасына киноны тығып жібергенде көңілің құлазып шыға келеді. Өзіме киноға қарағанда жарнама «қатты ұнайды». Соның арқасында ненің не екенін біліп алдым.
Ашуды да басатын, қарныңды да аштырмайтын «Сникерс пен Марс» баяғыда болғанда ғой, мұндай ызақор, тамақсау болмас едік. Шаршағанда үзіліс жасау үшін «Твикс пен Кит-Кат та» – таптырмайтын шоколад. Аталардың сақал қырғыштары бір алмастан тұрса, қазіргі «Джилеттерде» төрт-бес алмасты қатарластыра орналастырған. Байқаусызда бір алмасы мүлт кетсе, ізе-шала қалған төртеуі дайын тұрады. Сол алмастарың кезіндегі қайратты аталарымыздың сақалына әлі келер ме екен? Меніңше, бұл бұйымдар қазіргі мінезі жұмсақ көселерге арналған болса керек. Баяғыда, жарнамадағы кір жуатын ұнтақсыз-ақ көйлегіміздің кірі кір сабынмен үйкелесе кететіндей көретін едік. Оның барлығы жалған екен. Қазір ысқыламай-ақ жылы суға салып қойсаң болғаны, сосын өзің шаруаңнаң қалма. Жарнама деген жақсы болды, онсыз өміріңнің мәні жоғалған тәрізді. Өз әйеліне «Сен ыдыс жуатын машина емессің, сен әйелсің»- дегеніне қарағанда, бұрынғы әйел азаматшалардың барлығы машина болғаны-ау, сірә. Бұл өз алдына. Қызығы, жарнама болмағанда әйел азаматшалар «кішкентай қанатшаларды» қай жеріне салатынын білмесе керек. Жарнамадағы қыздар ұнтақтарын, сусабындарын қонаққа барса да, көшеде жүрсе де өздерімен бірге сөмкесіне салып жүргеніне қарағанда, қол босаған кезде тек кір жуумен, бас жуумен айналысады-ау, сірә. Қайда кездестіріп қалсаң да, әйтеуір сөмкелерінен табыла қалады. Іштегі нәрестені болдырмаудың, оны жарыққа шығармаудың неше түрлі бұйымдары бар екенін жарнаманың арқасында білдік. Сосын амал жоқтықтан бұрын он бала туған анаға беретін орденді бес-алты балалы анаға шүкіршілік танытып беруге тура келеді. Байқағаным, жарнамадағы бұйымдар ораза тұтатындарға таптырмайтын бұйым, бірақ оны ешкім елемей жүр. Енді біліп қойыңыздар: «Әсіресе ораза тұтқанда жоғарыда аталған «Сникерс пен Марс» таптырмайтын ас. Ауыз бекітер алдында біреуінен ауыз тиіп алсаң, күні бойы қарның ашпайды екен. Сөк пен талқанға ақша шығарғанша, осылардан 30 түйірін алып қойса не қылсын, ауыз ашарға дейін қарның бүлк етпейді. Сондай жарнамалардың бірінде: «Менің көйлегім» - дей берген кезде «Ваниш» ана қыздың сөмкесінен шыға келіп, лезде тазартып бере қояды. Сөйтіп бір су жаңа көйлек пен жаңағы бүлінген көйлекті қатарластырып қойып, «көрдіңіз бе, қандай айырмашылық бар?» деп, не айтқанын түсінбей мәз болып, соны алуға базардан бір-ақ шығамыз. Әрине су жаңа көйлек пен тот басқанның айырмашылығы жер мен көктей. Байқаусызда өкшеңді қайырып, көгертіп алсаң, неше түрлі мазь бен гельдер әрқашан көмекке келеді, сынықшының керегі шамалы. Көрдіңіз ғой «Фастум гельдің» арқасында ана егде тартқан қария ортекедей ойнақшып шыға келіп, киімін оп-оңай іле қойғанын. Егер де жұмыстан бір-екі сағат кешігіп, таңғы асты «президентпен» тамақтандым десең, бастығың сөкпейді, қайта қолпаштайды екен. Қазір мал мен құстың сом-сом етінің де қажеті шамалы. Баяғыдай дорбаланбасын деп, «халықтың қамы болса керек» екеуін де мылжалай келе сығып бастарын қылқитып, тіпті шырпының қорабынан да кішкентай қорапқа ыңғайлап қойды. Ет демекші, баяғы мысықтар: «ет тәттілігін қойса, мен ұрлағанымды қояр едім» десе, қазіргі мысықтар ол етті пысқырмай, «Вискас, Кит э кэт» деген консерві жейтін болды. Бірақ сол консервінің сыртына «говядина» десе, адам да айыра қоймас. Ең қызық жарнама ол 10000 теңгені көпсінетіндерді қорқытып алмау үшін бұйымдарға 9999 теңге 99 тиын дейді, әйтеуір он мың емес қой, қандай жеңілдік десеңізші?! Әйелдер дүкенде «50%» дегенді көрсе, сонымен қоса олардың да миы сол деңгейге түсетін көрінеді. Айта берсең жарнаманың қызық жері жетерлік. Бұлардың бәрі нарық дәуірі алқымнан алғанда адам қиялының қаншалықты іске қосылатынын білдірсе керек. Нәтижесінде атағы жер жарған жарнамалардың арқасында көптеген шетелдік өнімдер бізде үздік «брендке» айналды. Тек бір өкініштісі, «құрт пен май, айран мен ашыған, қазы-қарта, қымыз-қымыран» сынды қазақы өнімдер қиял қалтарысында қалып бара жатқаны болмаса?! Бәлкім, оларға жарнаманың да керегі жоқ шығар. Қайткенмен бағасы қолжетімді болса, қазаққа одан басқа астың керегі не?
Жұбатқан Жарас,
Арал қаласы
21 желтоқсан 2019 ж. 1 362 0