Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Теңшелетің жөндеу..." Қазақтілді жарнамалардағы өрескел қателер қашан түзеледі?

"Теңшелетің жөндеу..." Қазақтілді жарнамалардағы өрескел қателер қашан түзеледі?

Бүгінде қала көшелеріндегі қате жарнамалардан көз сүрінеді. Мағынасыз аудармалар, әріптік қателер мен оңды-солды қойылған тыныс белгілері. Тіл мамандары көрнекі ақпараттардың сауатсыздығын айтып, дабыл қаққанымен, жарнамадағы қателер азаяр емес.Алматы қаласының тұрғыны ретінде ономастика туралы заңның талаптарына сай келмейтін, орфографиялық қателіктер жіберген түрлі жарнама билбордтарын күніне бірнешеуін көремін. Басым көпшілігінде жарнаманың қазақ тіліндегі нұсқасында қателіктер жиі кетіп жатады. Ономастика бойынша жаңа заңға жүгінсек, жарнамадағы орфографиялық қателік үшін жарнама иесіне 10 АЕК-тен 50 АЕК көлемінде айыппұл салынуы керек. Бір айлық есептік көрсеткіштің қазіргі таңда 2 525 теңге екенін ескерсек, мемлекеттік тілде ғана қателіктер жіберіп жаңылысатын жарнама берушілердің әрекетіне бұл жаза тым жеңіл жаза секілді. Өйткені жарнама берушіге ең көп 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды дегеннің өзінде айыппұл көлемі 126 250 теңгені құрайды екен. Ал қазақ тілін қорлағандар үшін 130 000 теңге болмашы ақша емес пе?!Әйтсе де жарнама берушілер орфографиялық қателіктерге қоса осы заңнама талаптарын орындау кезінде де жиі қателіктерге ұрынады екен. Көбінесе жарнаманың жоғары бөлігіне орыс тіліндегі нұсқасы орналасады немесе қазақ тілінде мәлімет беруді мүлдем ұмытып кетеді. Осы орайда мамандар «бұрынғыдай емес, қала жұртшылығы көшедегі қателіктерге деген наразылығын жиі білдіреді. Жарнамадағы қателікті көре сала әлеуметтік желіге салып, жұртшылықтың сынына, талқысына салады немесе жауапты органдардың сайтына салады. Бұл өз кезегінде көшедегі қателікке толы жарнамалардың азаюына ықпал етіп тұр» - дейді. Әсіресе, дүкен сөрелеріндегі тауарлардың сыртындағы мәліметтерді орыс тіліндегі нұсқасы еш қателіксіз жазылады да, мемлекеттік тіл нұсқасы қателіктерге толы болады. Бұл қазақ тілінің мәртебесіне де кері әсер ететіні сөзсіз. «Сондықтан жарнама берушілерге салынатын 130 мың теңге айыппұл аз» - дейді, қазақ тілінің жанашырлары.
Алысқа бармай-ақ, қаланың басты орталық көшелеріне ғана көз жүгіртсек, сондағы беделді сауда орталықтар мен белгілі дүкендерде орын алып отырған жарнамалық олқылықтардың басым көпшілігі грамматикалық қателіктерден тұратынын көреміз. Кейде тіпті қазақ тіліндегі аудармаға қарап сөз мағынасын түсінбей жатамыз. Жақында Желтоқсан және Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысындағы бір ғимаратқа жұмыс бабымен бардым. Қайтар уақытта жолдың бойымен аялдамаға қарай жүрдім. Қаз қатар тізілген дүкендерге қарайлап келіп, бір сәтте көзім әдемі «А...» деп аталатын зергерлік бұйымдар дүкеніне түсті. Сыртына қарасам, қымбат дүкен екені көрініп тұр. Сол жерде кідіріп, дүкеннің сыртындағы жарнаманы оқи бастадым. «Изготовление на заказ. Ремонт. Оценка» деген орысша нұсқасын бірден түсіндім, ал қазақ тіліндегі жазуларға келгенде бірнеше рет оқып, сол күйі «Текшелетің жөндеу» тіркесінің мағынасын еш түсіне алмадым. Журналист ұстазымның көмегімен жарқырап тұрған бұл қателік ҚР Тіл туралы заңының 21 - бабына сәйкес келмейтінін ескертіп, жақын арада түзетуді талап еттік.
Осы тұста «жұмыла көтерген жүк жеңіл болады» демекші, жарнамадағы қателіктерді жою мәселесіне үлес қосу әр қазақстандықтың міндеті деп ойлаймын. Бүгiнгi күнде жарнаманың көбi орысшадан қазақшаға аударылатындықтан тiл тазалығын сақтау мақсатында осы заңға бiр бап енгiзiлсе немесе жарнама толықтай қазақ тiлiнде жазылып, сонан соң басқа тiлге аударылса, эфирде берілетін жарнаманың пайызын азайса, сауатсыз жарнамаланған тауарлар немесе қызметтерге айыппұлдың құнын көбейтсе, «Тіл сақшысы» секілді бағдарламалардың саны артса нұр үстіне нұр болар еді. Өкінішке орай бүгінгі таңда бұл бағдарлама өз жұмысын аяқтады. Көптеген қателерді ашқан бағдарламаның не себепті жабылғандығы белгісіз.
Алайда, қазақ қоғамында енді мұндай бағдарламаның болу-болмауы екі талай екендігіне көзім жетеді. «Қалың елім қазағым, қайран жұртым. Ұстарасыз аузыңа түсті - ау мұртың» - деп Абай атамыз қазақ қоғамының осындай күйге жететіндігін біліп айтса керек.
Ақерке Сабырқызы
www.qamshy.kz
04 наурыз 2019 ж. 1 156 0