Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Келешек мектебінің мақтанышы

Келешек мектебінің мақтанышы

Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) Қазақстан Республикасының өкілі, жас шахматшысы Мейірханұлы Ақылжанға 2025 жылы FIDE Master (FM) халықаралық атағын беру туралы ресми шешім қабылдады. Бүгінде ол – облыстағы жалғыз ФИДЕ мастер.
Ақылжан қазіргі таңда Арал ауданындағы №292 орта мектептің 9 «А» сынып оқушысы. Жас спортшының бұл жетістігі – оның табандылығы мен мақсатқа деген айқын ұмтылысының нәтижесі. Халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүрген Ақылжан интеллектуалды спорт түрінде өз орнын дәлелдей білді.
ФИДЕ мастер атағы – шахмат әлеміндегі ең беделді сатылардың бірі. Бұл дәрежеге жету үшін үлкен еңбек, тұрақты дайындық пен жоғары рейтинг қажет. Ақылжан осы талаптардың бәрін абыроймен орындап, өңір шахматының дамуына серпін берді.
Жас шахматшының жетістігіне мектеп басшысы Жасұлан Маханбетұлының, ұжымының, ұстаздарының қолдауы ерекше. Әсіресе, 9 «А» сынып жетекшісі Сәуле Құрманаеваның тәрбиесі мен бағыт-бағдары оқушының жан-жақты дамуына зор үлес қосып келеді.
Ақылжанның жеңісі – тек бір мектептің немесе ауданның ғана емес, тұтас Қызылорда облысының мерейі. Ол бүгінгі жас ұрпаққа үлгі болып, болашақ чемпиондарға жол көрсетіп отыр.
Бір отбасының 6 баласы шахматтан  аудан мерейін асырып жүрген Қазақстан Республикасының чемпиондары. Алтаудың мектеп бітірген төртеуі «Алтын белгі» иегері атанып, еліміздің белгілі университеттерінің мемлекеттік білім грантын еншілеген. Ал қаладағы №62 мектеп-лицейде оқитын екі баласы да үздік шәкірттер көшін бастап тұр. Біз Мейірхан Бармағамбетов пен Роза Сабированың мерейін өсіріп, мәртебесін көтеріп жүрген балалары туралы айтып отырмыз.
Дарынды шәкіртке алдағы уақытта да толағай табыс тілеп, ұлттық мастер шыңын бағындыруына тілектеспіз.
Жанар ТАЖЕКЕЕВА,
№292 орта мектебінің мұғалімі
20 желтоқсан 2025 ж. 46 0