«Толқын» – тағдырым, газетпен мәнді әр күнім

Абай Елешов,
Аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.


Әлі есімде, жұбайым екеуміз бір таныстың пәтерін жалдап отыратынбыз. Бірде жатағандау келген сарайдың есігін ашқан Толыбай аға:
–Бала, барсың ба? – деп қуықтай бөлмемізге енді.
Кітап парақтап отырғанмын. Орнымнан жалмажан тұрып, Алла аузына сөз салған кісінің қолынан алдым.
–Дайындал, саған бір жұмыстың көзі шығып тұр, – деді ол біз ұсынған дәмді татып тұрып.
Сосын самсоз болып қалғанымды сезді ме:
–Не жұмыс деп сұрамайсың ба? – деген күйі, – «Толқынға» барасың, – деп сөзін жалғады.
–Мен «Үмітті Арал» газетін тапсырып, яғни сол редакцияға келдім. Сені шәкіртім, жақсылап тәрбиелесек, бір жерден шығады деп редактор Жұмабай Жақыпқа айтқанын алға тартты.
Белгіленген күн жеткенше жүрегім өзімде жоқ. Бақыттан басым айналатындай. Сонымен 2005 жылдың 1 ақпанында аудандық «Толқын» газеті редакциясына қызметке қабылдандым. Көргені көп аға-апаларым сырт қақпады. Білгендерін үйретті. Білмегенімді кешірді. «Көш жүре түзеледі» деп анау-мынау олқылықтарымды елемеуге тырысты. Нақтысы, бауырындай қарады.
Жаңа ұжым, беймәлім орта. Алғашында «енді қалай болады екен» деген көкейдегі күмәнім апта өтпей-ақ сейілді. Редактор Жұмабай Жақып биязы мінезімен өзіне тартты. Әдеби қызметкердің функционалдық міндеттерін жан-жақты баяндап, журналистің негізгі міндеттерін тәптіштеп түсіндіруден танбады. Ар-намысқа тиетін мақала жазбауды, кәсіпті пайдаланып, жеке бастың мүддесін ойламауды ескертті. Жауапты хатшы Жаңабай Кемал уақытпен санаспауды үйретті. Жас санама газеттің ыстығына күйіп, суығына тоңуды қалыптастырды. Тақырып қоюдың да өзіндік шеберлігі бар екендігін есіме салып, сөзді қайталамауды жадыма тоқыды. Редакциядағы корректор Күлдәрі Көздібаева, хатшы Райкүл Прманова, оператор Күнзипа Зденова ұзақ жылдық тәжірибелерінде көңілге түйгендерін айтудан аянып қалмады.
Буынның алмасуы – уақыт заңы. Қазақстанның құрметті журналисі атанған білікті қаламгер Жұмабай Жақып құрметті еңбек демалысына шыққан соң, «Толқынның» тізгінін Журналистер одағының мүшесі Шымкентбай Жылмағанбетов ұстады. Өз ісіне мұқияттылығымен дараланған жан ә дегеннен-ақ ішкі тәртіп пен кадр мәселесіне айрықша көңіл аударды. Аудан айнасы іспетті газеттің жауапкершілігін мойнына алған ол мені қатардағы тілші екен демеді. Үнемі үлкен тапсырмалар жүктеп, әбден ширатты. Нақтысы, 6,5 жыл бойы әдеби қызметкер боп жүргенім құлағына тисе керек, бірде:
– Абай, мен сенің болмысыңа қанықпын. Біреудің жалғыз ұлы екенсің, мен де бір түйір ұл тәрбиелеп келем. Тіл алғыштығыңа тәнтімін. Отқа да, суға да салдым. Бір ләм демедің. Берілген тапсырманы ынта-жігеріңмен тындырдың. Көрмейді емес, көрдім, білмейді емес білдім. Енді өсуің керек, – деп редакциядағы ауыл шаруашылық және өнеркәсіп бөлімін алып жүруді жүктеді.
Келістім. Басшы сенім артып, қабілетімді ескеріп жатса, қалай бас тартамын. Қоғамның күнгейі мен көлеңкесі өзіме жақсы таныс. Тек шынайы жазып, ерінбей ойдың кенін қазсам жарады емес пе? Көкірегі ояу, көзі ашық оқырман қауымы оң бағасын бергендіктен шығар, әйтеуір редактор атына кір келтірмедім. Қолымнан келгенше ауыл шаруашылық пен өнеркәсіп саласының көкжиегі кеңейгені туралы насихаттадым. Атқарушы билікпен жақсы қарым-қатынас орнаттым. Сынаптай сырғыған сағат тілі бір орнында тұрсын ба? Айлар алмасып, жылдар жылжыды. Қаламды қару ете отырып, кейбір атқамінерлерге сын садағын кезеген кездер де кезікті. Ондайда реніш білдірген көкелеріміз мұның не деп өшікті. Бірақ, кәсіпке деген адалдық жер шұқытпады. Есесіне, марқайтты. Көзімді жұмсам, құлағымды бітесем, несіне баспасөздің өкілімін деп жүрмін деген ой бәрін ұмыттырып, одан сайын батылдандыра түсті.
«Толқыннан» толқын туады. Сөйтіп жүргенде бас редактор жауапты хатшылыққа лайық екенімді жеткізіп, ұжым алдында еңбегімнің бар екендігін атады. Алдыңғы буын салып кеткен сара жолды жалғау мен үшін зор мәртбе, үлкен жетістік екенін ешқашан естен шығармадым. Екінің бірінің қолына қона бермейтін жазу қаламын қастерлеп, бағалауға тырыстым. Аз ба, көп пе білмеймін жауапты хатшы қызметін табаны күректей 6 жылға жуық уақыт атқарыппын.
2018 жыл. Тағы да кезекті жылдар тоғысы еді. Былайғы жұрт ескі жылмен қоштасып, жаңа жылмен есендесе шадыман шат күй кешкенде редакцияда ауыс-түйіс орын алды. Аудандық «Толқын» газетінде 8 жылдан астам басшылық еткен Қазақстанның құрметті журналисі Шымкентбай Жылмағанбетов зейнет жасына толып, еңбегі өлшеусіз ардагерімізді жоғарғы басшылық риясыз ілтипатпен шығарып салды.
Иә, жоғарғы басшылық ол – «Сыр медиа». 10 жылда іргелі құрылымға айналып, 2 облыстық, 1 қалалық, сондай-ақ ақпарат агенттігі мен жастар және аудандық газеттердің басын бір шаңырақ астына біріктірген серіктестіктің бас директоры – Аманжол Оңғарбаев. Филология ғылымдарының кандидаты, баспасөз саласының көрнекті өкілі, Қазақстан Журналистер одағының Қызылорда облысындағы филиал төрағасы мені 90 жылдық тарихы бар «Толқын» газетінің бас редакторлығына үміткер ретінде облыс әкімі жанындағы байқаушы кеңеске ұсынды. Осынау басшы артқан сенім маған зор жауапкершілік жүктейтінін жан-тәніммен ұғындым.
Міне, одан кейінгі кездер көптің көз алдында. Журналист – майдандағы мылтықсыз жауынгер. Ал бас редактор – погонсыз генерал. Оғаш көрініс естісе, елеңдеп тұрады. Жағымды жаңалық десе, сүйіншілеуге асығады. Әділдікті жақтайды. Содан да шығар, халық осы мамандық иелерін төртінші биліктің өкілі деп таниды.
Мемлекет саясатын ақпараттандыратын Арал ауданындағы басты басылым журналистері бүгінде жасарған. Қазіргі таңда редакцияда қызмет ететін бас редактордың орынбасары – Мәди Құрманәлиев, жауапты хатшы – Оңталап Жолдасов, бөлім меңгерушісі – Алтынбек Бисенов пен тілшілер – Лаура Әйтімова, Назерке Бақыран үнемі ел арасында жүреді. Ауыл шаруашылығы саласындағы тың бастамаларды насихаттап, кәсіпкерліктің өркен жайғанын, аудан экономикасының алға басқанын дер кезінде қаламға арқау етеді.
Заман ағымына сай газет бетін безендіру мен сайт жұмысын басты назарда ұстайтын Руслан Исмағұлов пен Жомартбек Қуанышбаевтың да «Толқындағы» еңбегі жұртшылық жақсы таныс. Ал редакция жанындағы пошта тасымалдаушыларымыз газет шыққан күннің ертесіне-ақ ойлы оқырманның қолына тигізуге асығады. Олардың жұмысын қадағалайтын менеджер Айдар Есенжолов, баспасөз маманы Күлмараш Ерғазиева газет таралымын арттыруға жұмылады. Есеп-қисап жайын назарда ұстайтын Қуантқан Есмағамбетов газетке орналастырылатын жарнамаларды асқан сергектікпен өлшеп-пішумен қатар, төленген қаржысының мекемеге аударылуын қадағалап жүреді. Сондай- ақ күзетшілер Нағашыбай Есенбаев пен Әділбек Алданов ғимарат қауіпсіздігін жіті қадағаласа, жүргізуші Наурызбек Өтеулиев, тазалықшы Ақгүл Сүлейменова өз істеріне тиянақты.
Газет – ел тарихы. «Толқынның» 90 жылдығы мен «Сыр медианың» 10 жылдығы ортақ тойымыз. Әріптестеріміз бен оқырмандарымызды құттықтап, баршаға бақытты ғұмыр, жемісті еңбек тілеймін!