Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР, БІЛІКТІ БАСПАГЕР

ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР, БІЛІКТІ БАСПАГЕР

Ұстаз да ақ тілеулі ана сияқты. Аудандағы білім ордаларының қара шаңырағы – Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектебінен түлеп ұшқан шәкірттеріміз қандай да бір белесті бағындырып жатса, құрақ ұшып қуанамыз. Шәкірттеріміздің ішінде елге сыйлы, қызметтеріне мығым, құрметке лайықтылары да аз емес. Бұл қанша жылғы ұстаздық еңбегіміздің еш кетпегені деп білеміз. Осындай өзіміз мақтана айтатын шәкірттерімнің бірі – Қазақстан Республикасының құрметті журналисі, «Толқын» газетінің бас редакторлық қызметін ұзақ жыл абыройлы атқарған Шымкентбай Жылмағанбетов. Әдетте ұстаз жайында ой қозғап, естелік жазылатын. Бүгін бұл үрдісті бұзбақпын. Тілші қауымының кәсіби мерекесі қарсаңында қаламгер-шәкіртім жөнінде айтып өтпекпін.
Ахмет Байтұрсынов «Кішкене кілттің үлкен сарайға жол ашатыны сияқты, үлкен іс көбіне жай істерден бастау алады, кіпкішкене ұшқыннан үп-үлкен өрт шығады» деген екен. Сол сияқты, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ оның еңбекқорлығы, жанжақтылығы, алғырлығы мен сөз саптау ерекшеліктерін байқайтынбыз. Сабаққа зеректігімен қоса, тасқа басқандай етіп керемет сурет салатындығы да есімізде қалыпты. Оның бос уақыт тауып, спортпен айналысып, еркін күрестен аудан, облыс чемпионы атанып, мектеп мерейін көтерген кездері де болды.
Сөз саптауы демекші, Шымкентбайдың сол кезде-ақ газеттерде шағын мақалалары, өлең жолдары жарық көре бастады. Әскер қатарында жүргенде де аудандық «Толқын» газетіне әскери қызметтері туралы жазған әңгімелері мен өлеңдерін оқитынбыз. Ал, спорт десе ішкен асын жерге қоятын Шымкентбай Украинаның Прикарпатье әскери округінің еркін күрестен чемпионы атанған. Спорт шеберлігіне кандидат нормасын орындаған. Әскери борышын өтеп келген спортқа бейім жігітті аудандық білім бөлімі Мойнақ елді мекеніндегі сегіз жылдық мектепке дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі етіп жібереді. Бірнеше басылымдарда құнды мақалалары жарық көріп, көзге түсе бастаған болашақ журналист «Толқын» газетіне қызметке шақырылады. Міне, сол уақыттан бастап ол аңсаған журналистік өмір осылай басталды. Кейін, қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін сырттай бітіріп шықты.
Ұлт зиялысы Ғұмар Караштың мынадай бір мағыналы сөзі бар. «Бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – газет. Сол себепті, газет – біздің басшымыз, газет – біздің достар алдында көркіміз, дұшпандарға қарсы құралымыз. Газет – біздің білмегенімізді көрсететін ұстазымыз. Газет – біздің қараңғыда жарық етіп, тура жолға салатын шамшырағымыз». Осындай ойлы сөзді басты ұстаным еткен «Толқын» газеті ауданның саяси-әлеуметтік өміріне араласып келеді. Журналистика – заманның ағысымен жылжи отырып, билік пен халық арасына алтын көпір салатын сала. Сондай-ақ, кешегі мен бүгіннің, өзгерген дәуір мен өткен тарихтың жалғаушысы. Осындай салмақты міндетті арқалаған «Толқын» газеті әлеуметтік-экономикалық, тарихи-танымдық, рухани құндылықтарымыздан мағлұмат беретін маңызды материалдарды жариялап, хал-қадірінше жеткізіп жүр. Бұл – қалам ұшына байланған қасиетті сөз өнеріне деген құрмет. Міне, осындай редакцияны ұзақ жыл басқарған Шымкентбай білімі мен білігін көрсетті деп білемін. Сондай-ақ, оның «Болат жол» газетінің Ақтөбе облысындағы және республикалық «Айғақ» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болып жүрген кездегі қаламынан туған мақалалары көптің көкейіндегіні дөп басты дей аламын.
Оның еңбектері елеусіз қалған жоқ. «Қазақстан Республикасының құрметті журналисі», Қазақстан Журналистер Одағының «Алтын медалі» мен «Тәуелсіздікке – 20 жыл» мерекелік медалінің иегері. Қызылорда облысының, Арал ауданының Құрмет грамоталары мен өзге де марапаты жетерлік. Бұл – оның қызмет жолындағы еңбегіне берілген лайықты баға.
Ш.Жылмағанбетов көп томдық «Боздақтар» кітабының Арал аудандық редакциясының редакторы қызметін атқарып жүргенде, соғыста хабар-ошарсыз кеткен асылдарымызды кітапқа енгізді. Осылайша талайдың алғысына бөленді. «Ұлықпан да ұрпағымен мың жасайды» дейді дана халқымыз. Әке – бел, әке – айбын, әке – қорған болса, ана – берекет, ана – мейірім, ана – жылылық. Осы екі қайнардан қанып ішкен, мейірге шөлдемей өскен Шымкентбай мен Жұмагүлден өрбіген балалар бүгінде өз орындарын тапқан жандар. Өмір – тіршілік, ұзақ жол, күрделі жол. Бірақ, Алла аманат еткен жол. Осы күрделі жолдан адаспаған, әдемі қартаюдың үлгісін кейінгі ұрпаққа егіп жатқан Шымкентбай мен Жұмагүлдің өнегелі өмірі кейінгі буынға таусылмас азық деп айтқым келді. Шымкентбай зейнетке шықса да, қаламын тастаған жоқ. Тараз қаласында «Досбол» баспа үйі» ЖШС-нің директоры болып қызмет атқаруда.
 Белгілі журналист Жанболат Ауыпбаев: «Бас редактор погонсыз генерал, ата-даңқы рәсімделмеген ғылым докторы, патентсіз өнертапқыш, лицензия алмаған конструктор, халықтық дипломатияны бойына сіңірген мемлегер» деп бағалаған. Бұл – мойындауға тұрарлық бағалау. Ал осы жүкті арқалаған жандардың қоғамдағы орны өлшеусіз дер едім.
 Аманжол ЖОЛМАҒАНБЕТОВ,
КСРО және ҚР халық ағарту ісінің озық қызметкері
29 маусым 2018 ж. 1 334 0