Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Еселеу принципі: «Кім бар десе, соныкін еселеймін, кім жоқ десе, қолдағысынан да айырылады»

Еселеу принципі: «Кім бар десе, соныкін еселеймін, кім жоқ десе, қолдағысынан да айырылады»

Kyzylorda-news.kz. Жақында құрбысы айтып берген анекдот есіне түсе кетті.Бірде жаңа орыс дүкенге кеп, жаңа жылдық гирлянданы қайтып өткізіпті.
— Істемей қалды ма? — деп сұрайды сатушы.
— Неге? Істегенде қандай, — депті анау.
— Онда неге қайтып әкелдіңіз?
Жаңа орыс күрсініпті де:
— Көңіліме жақпады, - депті.
Бұның да жағдайы әлгіндегідей: бәрі жақсы сияқты, бірақ ештеңе жақпайды.
Бір қызығы күн өткен сайын алдынан шыққан қиындық көбейе берді, құдды бір балалап жатқандай.
Алдымен ваннадағы құбыр жарылды. Астындағы көршісіне өтіп кетіпті.
Сосын мініп жүрген джиптың сол жақ қырын ұзына бойына со күйі сызып кетіпті.
Сосын құрбысының үйіне барып, шай ішкен. Бұлар шайға айналғанда оның күшігі италиялық туфлиін кеміріп тастапты. Іші күйіп кетті.
Түн жарымында бас жағында ілініп тұратын картина өз-өзінен құлап, мұны басып қала жаздағанда есі шықты. Қай жерде не бүлдірдім деп ойланды...
Таңертең жұмысқа кеп әріптестеріне айтып еді, маркетолог Света иығын қиқаң еткізіп:
— Бұл дегенің «Матфей Принципі» ғой, жарығым, - деді.
— Қалай сонда? — деп сұрады дым түсінбеген бұл.
— Әлгі, Інжілде: «…кім бар десе, сонікін еселеймін, кім жоқ десе, қолдағысынан да айырылады» делінбеп пе еді?
— Кім айырмақ?
— Кім болушы еді, — деді кішкентай балаға әңгіме айтқандай Света саусағын көкке шошайтты.
— Енді не істеуім керек?
Света кербездене:
— Плюсқа айналдыр, - деді.
— Нені? — деп түсінбеді бұл.
— Бәрін! — деп жауап қатты ол. — Жақсыны да, жаманды да.
Бұл принципті сол сәтте-ақ ұмытып кетер ме еді, бірнеше минуттан соң қарауыл кеп, джиптің оң жағын да біреу сызып кеткенін хабарлады. Сол кезде неде болса Светаның заңын қолданып көрейін деп шешті...
Түс әлетінде бастық мұның жобасын сынға алғанда, сабырлы қалпынан айнымастан:
— Бақытқа көрініп тұрғаны шығар, — деді де кабинеттен шығып кетті. Плюстады.
Неде болса, өзімді қуантайын деді. Қарсы беттегі сүйікті дәмханасына бас сұқты. Сүйікті кофесіне тапсырыс берді. 10 минуттан соң хатшы қоңырау шалды: «Сені шақырып жатыр. Бәсекелестердің біріне сенің жобаң ұнапты. Бастық жобаңды жүзеге асыруға рұқсат беріп жатыр».
Аптаның соңына дейін ұсақ-түйек кедергінің бәріне:
«Өтті»,
«Плюстадым»,
«Бақытқа көрінсін» деумен болды.
Ірі қиындықтарға:
«Ал, жақсы, есте болсын»,
«Бәрі жақсылыққа көрінсін» деді.
Бір қызығы, қандай жолмен екені белгісіз, бірақ әлгі Матфей принципі орындала берді. Қолдағысынан айырылса, басқа мүмкіндіктер шығып отырды. Өзі күтпеген тұстан бір жақсылық іздеп табатын.
Алёшасы сенімен кетісем деген де бұл таң қалмады.
— Мен заттарымды жинап, кетем десем де саған бәрібір, — деді ол ашулана айғайлап.
— Бәрібір емес, — деп бұл салмақты жауап қатты. — Бірақ сен азаматтық некені жақтайсың, бала сүюге дайын емессің, мені достарыңмен таныстыруға құлқың жоқ. Осы жерде өзімнен сұрағым келеді:
— Сонда сен сияқты жігіт маған не үшін керек? Егер мен отбасы құрғым келсе, балалы болуды армандасам, өз ортамның гүлі болсам? Сондықтан сенің кетісің, бақытқа көрінгені болар...
Анау мына сөзді естігенде сілейген күйі қатты да қалды. Заттарын жинауды да ұмытып кетті. Бірақ бұл екінші шабаданды шығарып, қалған затын өзі жинап, сап берді.
Светанікі рас екен: Матфей принципі шынымен жұмыс істейді. Бұдан былай мұның қолда барынан ешкім кесіп алмайтын болды. Керісінше, жетпей тұрған жеріне Құдай өзі жеткізіп жіберетін.
Егер алдынан түйткіл кесе-көлденең шыға қалса, ол не сынақ, не ескерту болатын. Өзгеге жамандық жасама, өзіңе қайтады дегендей.
Дегенмен, жақсылықтың керуені көш ілгері болды. Байқаған адамға қолда бары үнемі көбейіп, еселенеді.
Кері принцип те дәл осылай орындалады.

Вероника КИРИЛЮК
Аударған Шынар ӘБІЛДА

25 мамыр 2020 ж. 845 0