Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Құрқылтайдың ұясы – сексен түрлі ауруға ем

Құрқылтайдың ұясы – сексен түрлі ауруға ем

Әсілінде, қазақ халқы байырдан бері жанын мазалаған дерттің емін ең алдымен Алладан сұрайды. Қанымызға сіңген қасиет бойынша қуансақ та, мұңайсақ та ең бірінші «Алланы» ауызға аламыз. Бұл – біздің санамызға сіңген айнымас қасиет. Содан да болар, табиғатпен тілдескен дана халқымыз аурудың емін де айналадағы жаратылыс иелерінен тауып отырады. Соның бірі – құстың ұясы. Кішкентай ғана көзге көрінер-көрінбес осы құс ұясының өте керемет емдік қасиеті бар екенін біреу білсе, біреу білмес.
Алыс ағайындардың келіні құрсақ көтере алмай ел мен жерді аралап,, шипа іздеп жүрді. Отасқанына он жылға жақын уақыт болған ерлі-зайыптылардың Жаратқаннан бір шақалақ сұрап, табан тоздырғанына бәріміз іштей алаңдап, тілекші болдық. О кезде сексенге таяған әжемнің әлі көзі тірі еді. Өзінің көзі көрмейтін. Анда кетіпті, мында кетіп бара жатыр дегенді естіген сайын: «Е-е-е, оны Құрқылтайдың ұясына отырғызу керек» деп айтып отыратын.
Бірде ойын баласы інім қора артына қой жайып жүріп, әлгі құстың ұясын тауып алыпты. Басында біз оның құрқылтайдың ұясы екендігін білген жоқпыз. Анамызға інім: «Мынадай бірдеңе тауып алдым. Ерекше зат болған соң алып келдім», –деді.
Мұны көрген анам қуанып кетті. Әжем келінін шақырып, ырым етіп ұяға отырғызды. Кейінірек сол жұбайлар бала сүйіп, ұрпақ өрбітті. Әжем өзі жасаған емнің арқасы деп отыратын. Мен де оның емдік қасиеті туралы көп сұрастырып, біраз мәлімет жинақтадым. Сондықтан ол жайлы толығырақ түсіндіре кетуді жөн көрдім.
Құрқылтай – бұл қасиетті де киелі құс. Құрқылтайдың ұясы 80 түрлі ауруға ем екен. Радикулит, цистит, қуықтағы грыжа, сүйек сырқырауы, буынның сырқырап қақсауы, тамырлардың ісінуі, бүйрек аурулары, ревматизм, жыныс жолдарының суықтауы, жатырдағы түрлі аурулар, простатит, аденома, бедеулік, белсіздік, құрсақ көтермеу сияқты көптеген ауруларға ем. Және де бұл емді кез келген адам үй жағдайында қолдана алады. Ешқандай қиындығы жоқ. Тек ұяның бұлауына кешке жатар алдында түскен жөн. Өйткені ем қабылдағаннан кейін желге шығуға, суық тигізуге болмайды. Ем он немесе он бес күнге дейін жалғасады. Міне, осы он бес күнге осы құстың бір ұясы жетеді. Ал енді емнің қалай жасалатындығына тоқталсақ. Оны кәдімгі құрғап, кеуіп тұрған адыраспанмен араластырып қолдануға болады. Түтетіп, қымтанып, соның буына «отырасыз». Бұл – бұлаудың бір түрі. Ол сырт көзге күлкілі көрінуі мүмкін. Алайда үш-төрт күннен соң шынында да шипалық әсері бар екеніне көз жеткізе бастайсыз. Кейде тіпті бір қолданғаннан кейін-ақ пайдасын көресіз.
Бір ескеретін жайт, ем екен деп құрқылтайдың ұясын кез келген уақытта алуға болмайды. Ұяны балапаны қанат қағып, ұшып кетіп, ұя бос қалғанда ғана алуға болады. Әйтпесе киелі құстың киесі ұрады. Бала күнімде әжемнің бір айтқаны бар еді.  Кезінде қайсыбір елде осы құстың өзі мен бір ғана ұясын бес тонна күрішке бағалаған деседі. Ал мен осы құстың ұясы жайлы бала кезден естіп-көріп келе жатқан, өзім нақты білетін аздаған мәліметімді көпшілікпен бөлісейін.
Ұя негізі шөп пен жібектен тұрады. Құс оны ауыз сілекейімен мықтап өре тоқиды. Кәдімгі әжелердің баласына шұлық тоқығанындай шеберлік дерсіз. Егер қолыңызға ұстап, жақсылап қарасаңыз, асқан шеберлікпен тоқылған, кішкене тесігі бар себет қапшықты елестетеді. Құрқылтай ұяны кем дегенде 7 метр биіктікке – ағаш басына салады. Жерден қарағанда бұл кәдімгі себет қапшықты ағаш бұтағына ілдіріп қойғандай көрінеді. Алайда қанша күшті жел, нөсер жауын, боран болса да ұя сол қалпы тұра береді, үзіліп жерге түспейді. Не желмен ұшып жоғалып кетпейді. Өйткені ұясын тоқығанда жібекті ағаштың бұтағына мықтап «байлап» тастайды. Ұяның негізгі емдік пайдасы – құрқылтайдың ауыз сілекейінде.
Тағы да айта кететін жайт, құс ұясын салуға жақын маңдағы ауыл үйлерін аңдиды екен. Себебі жібек жіпті сол үйлерден «ұрлап» алады. Жібектен басқа мақтадан немесе синтетикадан жасалған маталарға тиіспейді. Міне, сол үшін болса керек, ұясын адамдарға пайдалануға қалдырады дейді.
Құрқылтай құсының ерекшелігі, адамзаттың арқасында ұя соғып, балапаны ұшқан соң, сол ұяны сол адамзатқа емге тастап кетеді. Тап осы күні біздің елде бұл құс  өңірдегі тоғайларда көп кездеседі.
14 қараша 2020 ж. 22 986 0