Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кемедегінің жаны бір

Кемедегінің жаны бір

Бүгінгі қазақ қоғамының бет-әлпетін әлеуметтік желіден көруге болады. «Атың шықпаса, жер өрте» дегендей жаға ұстатарлық жайттар әп-сәтте ғаламторда таралып кетеді. Балағат сөз бен арсыз қимыл жасаушы сәбилер, шаш жұлысып жігітке таласқан қыздар «разборкасы», той-томалақта арсыз би мен ерсі жарыстарда «жүлделі» боп жүрген жеңгелер мен ата-әжелер. Барлығы да ғаламторда. Балық басынан шіриді. Бір сөзбен айтқанда, құндылықтар құнсызданып барады. Нұғман бин Башир (р.а.) мынадай хадисті риуаят етеді:مثل القائم على حدود الله، والواقع فيها، كمثل قومٍ استهموا على سفينة فأصاب بعضهم أعلاها، وأصاب بعضهم أسفلها، فكان الذين في أسفلها إذا استقوا من الماء مَرُّوا على من فوقهم فآذوهم، فقالوا: لو أنا خَرَقْنا في نصيبنا خرقًا ولم نؤذِ مَنْ فوقَنا، فإن تركوهم وما أرادوا هلكوا جميعًا، وإن أخذوا على أيديهم نَجَوْا ونَجَوْا جميعًا
«Алланың заңына берік және оны бұзушының мысалы кемедегі адамдар тәрізді. Олар өзара жеребе тастап, біразына кеменің жоғары қабатынан, тағы біразына төменгі қабатынан орын тиеді. Төмендегілер суды жоғарғы қабаттан алады да, оларға зиян тигізеді. Сосын олар: «Егер үлесімізді алу үшін кеменің түбін тессек, жоғарыдағыларға да зиянымыз тимейтін еді», – деді. (Төмендегілерге) қалағанын істеуге жол беріп қоятын болса, баршасы түгелдей құрдымға кетеді. Ал, олардың қолын қағып, тоқтатса өздері де аман қалады және барлығы да аман қалады»[1].
Бұл – дұрыс жолдан тайып, имандылықтан алшақтап, ар-ождан бостандығы дегендегі ұстаным арсыздық пен «өзім білемдік» деп ұғынғандар. Өмір жолындағы тізгінді ақыл-парасатқа емес, құмарлық пен нәпсіге тапсырған адамдар.
Екінші топ – теріс де жаман істі көріп үнсіз қалғандар. Тіпті, олардың жүзінен наразылық белгісі де көрінбейді. Қоғамдағы жамандыққа жүрегі ауырып, жанына батпайды. Керісінше, айналасында белең алып, өршіп жатқан лаңды көрмеу үшін көздерін жұмып жүруге дайын. Бейне бір, бұл жағдай оларға ешбір қатысы жоқ сияқты күй кешуде. Олардың өз әлемі бар. Сол әлемде өздерін ізгі де бақытты сезінеді.
Хадистің айтпағы, жаман іспен айналысушыға бей-жай қараудың залалы ақыры соңы жаппай қоғамға тиеді. Ал, өз кезегінде жамандықпен айналысушы бұл әрекетін жұрт көзіне жақсы етіп көрсетуге тырысып бағады. Жамандық жайлап кетсе, оның зардабы тек айыпты адамға ғана емес түгелдей төңірегіне тиеді.
Демек, хадистің көтерген жүгі – бір қоғамдағы жақсы мен жамандар, тақуа мен пасықтардың арақатынасы жайлы. Олар – бір кемеде. Ал кемедегінің жаны бір. Кеменің үстіңгі қабатындағылар теңіз және табиғаттың ғажайыбын тамашалауда. Оларға барлық жайлылық пен керемет қызмет түрі ұсынылған. Ас-су, демалыс орындары дейсіз бе, тағысын тағы барлығы бар.
Ал, төменгі қабаттағы адамдарда мұның ешбірі жоқ. Тіпті, судың өзін жоғарыдан тасуға мәжбүр. Кенет оларға «тамаша» бір ой келеді. Суды тасып әуре-сарсаң болғанша, жоғарыдағылардың мазасын алмай, кеменің түбін тесіп су шығармақ. Бұл қатерлі ой олар үшін табылған ақылдай көрінуде. Төменгі қабаттағылар құрал-саймандарын алып соққылай бастады. Жоғарғы қабаттағылар темірдің дауысын естіп төменге түскенде: «Бұл – біздің қабат, мұнда не істесек те өзіміз білеміз. Бұл біздің – еркіміз», – деседі. Жоғарыдағылар «жарайды» деп өз жөніне кетсе, кемедегілер түгелдей теңіз түбіне батады. Ал, ақымақтардың бұл әрекетін тоқтатса, барлығы аман-сау қалады.
Жақсылыққа үндеу мен жамандықтан қайтару – жалпы пайғамбарларға ортақ заң. Сонымен қатар, бүкіл адамзатқа жіберілгендіктен біздің пайғамбарымызға арнайы заң. Бұл – қоғамның салауаттылығын сақтайтын әрі рухани құлдырау факторларынан сақтанудың бірегей жолы.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
إن الناس إذا رأوا المنكر ولا يغيرونه، أوشك أن يعمهم الله بعقابه
«Анығында, адамдар бір тиым істі көріп оны тоқтатпаса, өзгертпесе, Алла оның жазасын жалпыға ортақ етеді»[2], – деген.
Бықсыған түтін адамның көзін ашытып, киіміне иісі сіңіп қалатыны сияқты қоғамдағы жат қылықтың салдары баршасына қатысты. Қоғамдағы сенім мен салтымызға жат әрекеттерге бей-жай қарамайық.
Руслан Қамбаров
14 желтоқсан 2020 ж. 442 0