Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Арыстан қала» жайлы не білеміз?

«Арыстан қала» жайлы не білеміз?

Облыс көлемінде қала статусына ие аудан орталығы – Арал қаласы. Мұны баршамыз білеміз. Ал мемлекет статусына ие қалалар бар екенін біріміз білсек, біріміз білмеуіміз мүмкін. Бірақ расында мемлекет мәртебесіне ие қалалар да кездеседі. Мәселен, Ватикан, Монако қалалары мемлекет ретінде танылған. Тіпті олардың өз алдына ерекшелігі мен тұрғындарының қызыққа толы өмірі жайлы да көп айтуға болады. Олардың бірі мүлде бағдаршамы жоқ мемлекет ретінде танылса, бірі әлемге өзінің ойын-сауық алаңдары, клубтар мен казинолары арқылы әйгілі.Міне, осындай өз алдына бір мемлекетке айналған қала – Сингапур. Малайзияның Жохор облысының оңтүстігінде, Индонезияның Рияу аралының солтүстігінде орналасқан Сингапур жайлы да қызықты деректерді көптеп келтіруге болады. Мәселен, атауының өзі екі сөзден құралған. Малай тілінен аударсақ, синга — «арыстан» және санскрит тілінен аударғанда пура – «қала» деген мағына береді.
Бұл қала жайлы ескі деректерде мынадай мәліметтер де айтылады. Ертедегі Қытай жазуларына сүйенер болсақ, Сингапур Шривиджая ежелгі Малай хандығының Суматрада орналасқан бір бөлігі екендігі жазылған. Явандық атауы Суматра болғандығын жеткізген.
Мемлекеттің тәуелсіздігі мен дамуы
Сингапурдың Британияға тәуелді болғанын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ ХХ ғасырдың екінші жартысында ол тәуелсіз ел атанды. 1963 жылы 31 тамызда Британиядан тәуелсіздігін жариялады. Бірақ одан бұрын, нақтырақ 1962 жылы Малайзия мемлекетімен референдумда бірігіп, кейін Тунку Абдул Рахман мен Сингапур билігіндегі партиялардың келіспеушілігінен Малайзия бұл елді өзінен бөліп тастайды. Осылайша 1965 жылы 9 тамызда тәуелсіздігі жарияланды. Осы күннен бастап Сингапурдың қалыптасуы мен дамуы басталды. Сыбайлас жемқорлық пен қылмысты жою, экономиканы реформалау шаралары елеулі нәтижелерге қол жеткізді. 40 жыл бойы мемлекет Батыс Еуропа деңгейіне салыстырмалы экономикалық көрсеткіштер мен өмір сүру деңгейіне қол жеткізді. Бұл егемендік алғаннан кейін дамудың ең жоғарғы үлгісін көрсеткен елге айналуға мүмкіндік берді. Жемқорлық жоқ жерде қарқынды даму болатынының шынайы көрінісіне әрі дәлеліне айналды.
Бүгінгі таңда бұл ел тек Азияда ғана емес, сондай-ақ ірі қаржы, сауда және көлік орталығы болып табылатын әлемдегі ең дамыған елдердің бірі. Бұл жағдай мұнай өңдейтін үшінші орынға, жартылай өткізгіштер шығаруға арналған елдер қатарында төртінші орынға ие болуда. Сонымен қатар мемлекеттің орналасу аумағы да дамуға басты себепші.
Орын тепкен аумағына байланысты нұсқа бар. Бірақ бұл нақты орынды ешкім білмейді деген сөз емес. Кейбіреулер Сингапур аралында Оңтүстік-Шығыс Азияда, ал басқалары Океанияның аумағы деп санайды. Ең бастысы, бұл экваторға 136 шақырым қашықтық. Арал Үнді мұхитының суымен және Малайзия мен Индонезияның шекарасында. Нақтысын айтсақ теңізде. Сол себепті Сингапур порты – жүк айналымы бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі. Тіпті ұлттық тағамдар, кейбір дереккөздер бойынша жапон асханасынан кейін екінші орынға жатады.
Билік пен тәртіп
Сингапурдағы мемлекеттік жүйе парламенттік республика болып табылады. Атқарушы билікті Премьер-Министр басқарады. Ал президент өкілеттілігіне негізінен өкілдік функциялары қалған. Сондай-ақ елде бір партия үстемдік етеді және баспасөз бостандығы да өте жақсы емес. Бірақ елде жемқорлық жоқтың қасы. Сонымен қатар тазалыққа аса мән беретіндігімен тіпті немістерді таңғалдырған. Бұл жетістік – қатаң тәртіптің арқасында қол жеткізген нәтиже. Мәселен, темекі тұқылын қоқыс жәшігінен өзге жерге тастаса, жол ережесін бұзса, 500-1000 сингапур доллары көлемінде айыппұл салынады. Бір қызығы, көшелерінде осындай қатаң тәртіпті бақылайтын ешқандай полиция жоқ. Бірақ барлық жерде камералар ашық түрде де, жасырын түрде де қала тәртібін бақылап тұрады. Тіпті көлікте бала емізгені үшін де айыпқа тартылатын көрінеді.Ал есірткі саудасымен, қарақшылықпен және жемқорлықпен айналысқандар үшін өлім жазасы қолданылады.
Елдегі ерекшеліктер
Сингапур мемлекет статусы бар қала болғанымен, оның құрамына 63 шағын аралдар кіреді. Бірақ олардың көбісі шағын елсіз аралдар. Ал мемлекеттік тіл – малай тілі. Бірақ бұған қарап сингапурлықтар тек бір тілде сөйлейді деген түсініктен аулақ болған дұрыс. Себебі елде мұнан бөлек ағылшын, қытай, тамил тілдері де ресми тіл мәртебесіне ие.
Әлемде жер көлемі жағынан ең кіші 20 ел болса, соның бірі –Сингапур. Оның жер көлемі – 719 шаршы шақырым.
Елдің мемлекеттік туы күрделі және қызық бейнелі. Мағынасын кеңінен ашар болсақ, мемлекеттік рәмізіндегі қызыл түс бауырмалдықтың нышаны деп суреттелсе, ақ түс – тазалықтың белгісі. Сондықтан болар, тазалықты алғашқы орынға қоюы. Тағы бір назар аударатын нышан туындағы жарты ай. Бұл жергілікті халық түсінігінде жас ұлтты мемлекет екендігін айшықтайды. Бес жұлдыз елдегі демократияны, бейбітшілікті, даму прогресі мен әділеттілік, тең құқықтықты көрсетіп тұр. 
Сингапур халық тығыздығы жағынан Монакодан кейінгі екінші орында. Бір шаршы шақырым жерде 7389 адам тұрады. Бірақ осы тығыздық әлем елдері арасында Сингапурдың даралануының тағы бір себебі. Халық тығыздығына байланысты сингапурлықтардың көбі жаяу жүруді әдетке айналдырған. Британдық кеңестің зерттеуіне сүйенсек, ең жылдам жүретін халықты да осы жақтан кездестіруге болады. Себебі олардың орташа жылдамдығы сағатына 6,15 шақырым.
Осы тұста жас мемлекет болса да жаһан жұртшылығына үлгі боларлық мына деректі де айтпай кетуге болмайды. Азиядағы ең аз коррупцияға ұшыраған елдер тізімінде бесінші орында тұрған Сингапурда айыппұл көлемі өте жоғары. Және лауазымын асыра пайдаланғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Біз халықаралық деңгейде аталып өтетін түрлі мерекелерді естіп жатамыз. Бірақ бұл бастаманың қалай пайда болғанына, кімнің ұсынғанына терең үңілмейміз. Міне, сондай мерекелердің біріне себепші болған осы ел.
Халықтың әл-ауқаты жаһан жұртшылығынан көш ілгері. Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне көп уақыт болмаса да, төмендегідей көрсеткішке қол жеткізуі расында таңғаларлық. Халқының 80 пайызы мемлекет субсидиялаған әлеуметтік үйлерде тұрады. Сондай-ақ жергілікті тұрғындардың 92 пайызында өздерінің үйлері бар. Бұл – әлемдегі ең жоғарғы көрсеткіш.
Әлемдегі жалғыз «Формулы-1» түнгі жарысы дәл Сингапурда өтеді. Бұл билік өкілдерінің бұған дейін жарыс кезеңдерінің бірін Сингапурда өткізуден бас тартқан «Формулы-1» басшылығын көндіруге тырысқан маркетингтік қадамы болатын. Ал бірегей идея жарнама берушілерді де, көрермендерді де қызықтырды.
Сонымен қатар бизнесті оңай жүргізетін №1 ел болып танылды. Азиядағы ең төмен салықтардың бірі де осында. Ал бұл елде компанияны 10 минуттың ішінде тіркеуге болады. Мұнда ең аз жарғылық капитал шамамен 1 Сингапур долларын құрайды. Бұл 1 доллардан да аз және Сингапурда компания тіркеуде бір ғана акционер бола алады. Соның нәтижесінде халқының 3 пайызы – миллионерлер.
Білім беру жүйесі Оңтүстік Корея мен Жапониядан кейін үшінші орынды алады. Балалар басқаларға қарағанда ақылды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жасаған математика және ғылым саласындағы академиялық көрсеткіштер бойынша сингапурлықтар рейтингте көш бастап тұр.
Естеріңізге сала кетейік, бұл қаладан бөлек әлемде тағы бір Сингапур бар. Ол – АҚШ-тың Мичиган штатындағы елестер қаласы.

Дайындаған О. ЖОЛДАСОВ 
02 ақпан 2021 ж. 592 0