Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жыр жұлдызы Зейнолла

Жыр жұлдызы Зейнолла

«Бір жұлдыз болып жанам мен,
Бір жұлдыз болып қалам мен»
(З.Шүкіров).
Көз жетер ме...
Мұнаратқан ғарыш-әлем...
Жүйрік қиял жеткізсе табысар ем.
Зейнолланың Жұлдызы қайда деймін,
Ақын еді жаралған намысы ерен.

Шырқау дүние аңсата қиырдағы,
Шалқар шабыт кеудеге құйылғаны.
Қандай бақыт!
Ғаламда бір жұлдыздың
Өр Зейнолла ақынға бұйырмағы...

Аппақ жұлдыз...
Ақ жұлдыз – арман Байсын.
Нар ақыннан белгі боп қалғандай шын.
Құмды Бөген шағылы көшіп барып,
Ай астына суылдап толғандай үн.

Түн-шымылдық теңіздей тербеле ме,
Толқын соғып ғаламның ернегіне.
Түпсіз түнек қойнынан ақ сәулелі,
Жер-жаһанға лағылдай өң берген не?!

Шақырады Бір Жарық ғашық қылып,
Жан біткенді қиялшыл асықтырып.
Жүрек отын үрлейтін көрік-жырдан,
Маржан шашу баршаға шашып тұрып.

Бәрі жұмбақ жалғанда ғайып елең,
Құс Жолына кеткендей жайып өлең.
Жыр Жұлдызын мәңгілік арман қылған,
Серік көңіл, сұлі ой шайырың ем.

Дәру болып аңсарлы құмарыма,
Өмір күйі жетеді құлағыма.
Жасудайын төгілсе сыр моншағы,
Жинап алып зерлеймін тұмарыма.

Талақ қылған тағдарды шаңды сүрең,
Қарсы алатын талмаурап таңды күрең.
Қайсар, құрыш Зейнолла жырларының,
Бір Жұлдызы жаһанда жанды білем.

Сол бір жұлдыз...
Биікте анық-тағы,
Тылсымында түн менен жарықтардың.
Соған қарап ғасырлық сағынышпен,
Пырақша ұшып қиялмен шарықтадым.

Зеңгір аспан...
Көк күмбез...
Нақыш берен...
Жүзгендеймін ғаламат ағыста мен.
Зейнолланың Жыр Елін таптым, тоба-ай,
Жұлдыз болып ап шыққан Ғарышқа Өлең.

Ерғали АБДУЛЛА
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Арал қаласы
16 ақпан 2021 ж. 1 052 0