Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тәуелсіздікті ұлықтау тарихты танудан басталады

Тәуелсіздікті ұлықтау тарихты танудан басталады

1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа биыл 100 жыл, нәубеттің отызыншы жылдардағы екінші кезеңіне 90 жыл толғалы отыр. Осыдан ғасыр уақыт бұрынғы нәубетті біз қалай түсінеміз, нәубет салдары қазақ халқына қандай қасірет әкелді? Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық белесінде мемлекетіміз бұл мәселеге баса назар аударып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында осы тақырыпқа айрықша тоқталып: "Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек" деген болатын. Иә, ашаршылық мәселесін көтеру – тәуелсіздіктің қадірін ұғыну үшін, егемен елдігімізді тұғырлы ету үшін керек.1921-1922 жылдардағы ашаршылық Азамат соғысы аяқталғаннан кейін Кеңестер елін тағы бір ауыр сынақ күтіп тұрды. 1921-1922 жылдардағы ұзаққа созылған қарсыз қыс жауынсыз жазға ұласты. Қыста қардың, көктем мен жазда жауынның болмауы қатты құрғақшылықты, оның салдары ашаршылық нәубетін әкелді. 1921 жылдың жазында ол елдің көптеген өңірлерін, әсіресе Еділ бойы аудандарын жайлады. 1921 жылдың күзіне қарай бүкіл ел бойынша 20 миллионнан астам адам аштыққа ұшырады.
Қазақстанның көпшілік аудандары ашаршылық құрсауында қалды. Орал, Орынбор, Қостанай, Бөкей, Ақтөбе губернияларында қатты құрғақшылықтан астық шықпай қалды. Мал өсірумен айналысатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы жайылымдар мен шабындықтар толықтай күйіп кетті. Оның үстіне 1920-1921 жылдардағы ұзаққа созылған қатал қысТорғай уезінде малдың жаппай қырылуына әкеп соқты. Шұбалаң, Майқара, Сарықопа және басқа болыстар да зардап шекті. Ашаршылық құрбандарының саны күн сайын көбейе берді.
Тарихи құжаттарға сүйенсек, 1918 жылдан бастап 1933 жылға дейін қазақ елі үш ашаршылықты бастан кешті. Бірінші ашаршылық 1918-1919 жылдары Азамат соғысы кезінде билікке келген қызылдар "контрибуция" дегенді ойлап тауып, халықтың қолда барын тартып алды. Кезінде 1919 жылы өткен Түркістан кеңестерінің төтенше съезінде Т.Рысқұлов осы жылдары қырылған қазақтардың саны 1 млн 214 мың адамға жеткенін мәлімдеген. 1921 жылғы екінші ашаршылыққа өкіметтің «азық-түлік салғырттығы» саясаты алып келді. Қызыл өкімет тағы да шаруалардың қолда барын тартып алып, азық-түліксіз қалдырды.
Ашаршылық зардабынан талай ауыл мен тұтастай округтер қаңырап қалды. Қаншама қазақ отбасының шаңырағы ортасына түсті десеңізші. Асқан қатыгездікпен жүргізілген ұжымдастыру кесірінен болған ашаршылық мәселесін қозғауға Кеңес өкіметі кезінде тыйым салынды. 1990 жылдардың басынан бері зерттеліп келе жатқанымен, ашаршылық тарихы, себеп-салдары толық шешілмеді. Ал 1992 жылы құрылған Парламенттік комиссияның қорытындысында 1931-1933 жылдары ашаршылықтан қырылған қазақтың саны 2 млн 300 мың адам деп айтылып жүр. 1917-1933 жылдары төрт жарым миллиондай адамның өмірін жалмаған ұлттық нәубет әлі де терең зерттеуді қажет етеді.
1930 жылдардағы үшінші ашаршылық – адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған алапат трагедия. Себебі Қазақстанда тұрған 6 миллионнан сәл асатын халықтың 2 миллион 200 мыңы, яғни 40 пайызға жуығы қырылған. 1 миллионнан астамы шет елдерге босып кетті. Ал енді Кеңес Одағының құрамында болған Украинада да аштық болды. Солай болғаны рас, 3,5 миллионға жуық адам қырылды. Ол кезде украин халқының саны 40 миллионға жуық болатын, сонда республикада тұратын халықтың санына шаққанда Қазақстандағы ашаршылық адам айтқысыз сипатта өткені анық көрініп тұр. Соғыс өз алдына, ал бейбіт уақытта адамдардың осылай қырылуы адамзат тарихында ешқашан болған емес.
Ақиқатында, кеңестік биліктің қазақ халқына эволюциялық жолмен емес, күшпен басқаша даму үлгісін таңуы оның дәстүрлі шаруашылық жүйесінің бұзылуына әкелді. Салдарынан қазақ халқы жартысына жуығынан айырылды. Бұл өз кезегінде оның тіл аясының тарылуына, ұлттық мәдениетіне, салт-дәстүріне жойқын зардабын тигізді.
Осы тұрғыда жақында елордада «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбында өткен, отандық және шетелдік белгілі ғалымдар қатысқан дөңгелек үстелде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев: «Ашаршылық тақырыбын зерттеу – тәуелсіз тарихи сананы қалыптастыруға мол үлесін қосады. Тарихи сана өткен оқиғаларға қатысты ұжымдық көзқарастан туындайды. Ал ортақ тарихи ¬таным біртұтас ұлттық сананы қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл, түптеп келгенде, мемлекеттігімізді және тәуелсіздігімізді күшейтетін шешуші фактор екені сөзсіз. Ашаршылық тақырыбы тарихтан тағылым алу үшін де қажет. Біздің жүріп өткен тарихымыз – өрлеген кезеңдермен бірге тақсіретке де толы тарих. Сондықтан оның ащы-тұщы тағылымы мол. Осыған орай өткенімізді терең пайымдап, озық тұсымыздан өнеге тауып, қиналған сәттерден қорытынды шығару ¬керек» деп, ашаршылық тақырыбын саясиландырмай, оған ғылыми тұрғыдан қараудың маңызды екенін айтқан болатын.
Бүгінде халқымыздың саны артып, санамыз бен сапамыз да көтеріліп келеді. М. Әшімбаевтың "Тәуелсіздікті қадірлеп, ұлықтау төл тарихымызды және оның шешуші кезеңдерін терең танудан басталады" дегеніндей, тарихымызды түгендеу асқан жауапкершілік пен мұқияттылықты қажет етеді. Өткен ұрпақ тәжірибесі, тарихта болған небір қиын-қыстау кездерден сабақ алу болашақта қателіктен сақтандырады, адамдарды адалдыққа, адамгершілікке, бір-бірімен тату болуға тәрбиелейді. Осының барлығы тарихи сананы қалыптастырады. Жас ұрпақ кешегі күні қазақ халқы басынан не өткергенін, қандай күйде болғанын, тарихты білуі тиіс.
К.Махсұт
23 ақпан 2021 ж. 607 0