«Толқын» деп соққан жүректер
Өткен ғасырдың 70 жылдарының аяғында талапкер боп астанамыз Алматыға астық. Ойда-ойдай университеттің журналист дайындайтын бөліміне оқуға түсу, тағы да орталықтағы газет-журналдарға бас сұғып, қалам ұшынан туған туындыларымызды тапсыру. Сонда бір таңғалғаным, қай-қай редакцияға барсам да, "Аралдан келдім" дей бастасам, ондағылар:«Ә, газеттерің "Толқын" ғой» дейді. Мен сол жылы аудандық Толқын газетінің күллі республика баспасөзі майталмандары алдындағы абырой-беделінің мықтылығын әбден сезінгендей боп қайттым.
Солардың бірі – «Лениншіл жас» (Қазіргі «Жас Алаш») газетінің мәдениет бөлімінде әдеби қызметкер боп істейтін, бүгіндері академик атанып отырған атақты ғалым, жазушы-журналист Құлбек Ергөбек:
– Газеттерінің атын «Толқын» деп керемет қойған»,-деп толқи сөйлеп бір мақтап-ақ тастаған.
Шынымен, кейін тереңірек ой жүгіртіп қарасам, кеңес заманындағы газет-журнал атауларынан «каммунизм мен лекинизмнің» иісі шығып тұратын. Олай дейтінім, мерзімді басылымдардың аты «Ленин туы», «Коммунизм жылы», «Қызыл шекара», «Қазақстан пионері», «Октябрь туы» сияқты болып келетін. Әсіресе, жергілікті газеттер осы тектес аттары егіз қозыдай аумай жамырап тұратын. Сонда ауданымыздың бұрын «Социалистік Арал» деген атпен шығарылған басылымын «Толқын» деп жаңаша атаған аға буынның батылдығы мен қайсарлығының алдында бас игендей едік. Бірер жыл бұрын жабылып, көрші Қазалы аудандық газетіне қосылып, кейін 1965 жылы қайта ашылып оқырмандарымен қауышқанда, оған «Толқын» деген көркем атты ұсынған газет редакторы, айтулы да айдынды азамат Мәлік Сәрсенов екенін кейінірек білдік.
Иә, өзі аялап атын қойған газетте ол өмірінің ақырына дейін 1972 жылдың қарашасына дейін басшылық етіп, жаңа бағыттағы газеттің шығармашылық алғысының қалыптасуына, талантты жастар мен нығайуына өлшеусіз үлес қосты.
«Мәлік Сәрсеновтың редакторлық кезінде аудандық «Толқын» газетінің таралымы 10 мыңнан да асып түсті. Және республикалық, одақтық басылымдардың алдыңғы сапында болып, одақ пен республиканың әлденеше рет ақшалай силықтарына ие болды» деп жазған еді бүгінде тоқсанның төрінде төбе бидей абыз боп отырған, әлі де тұғырынан түспеген қарт журналист Шәкірат Дәрмағанбетұлы. Бір сүйсінерлігі сол газетте әр жылдары қызмет істеген ағаларымыздың көбінің шаңырағында кейін Толқын атты қыздар дүниеге келіп жатты.
Мәлік ағаға орынбасар боп, үлкен мектепті жалғап алып кеткен Шәкірат Дәрмағанбетұлы облыстық газеттің Арал, Қазалы аудандарындағы тілшілік жұмысын абыроймен атқарып, бүгінде осы қатар жатқан қос өңірдің тірі шежіресі боп отыр. Бұл кісінің жүйрік те өткір қаламына арқау болмаған бірде бір ауыл не мекеме жоқ шығар. Содан да алып қаламгер Шәкірат ағаға былай деп өлең арнағанбыз.
Жігіттейін тасыңыз,
Бас исін дос, қасыңыз.
Шежіресі Аралдың,
Бұрып тартқан басыңыз.
Адамға түсіп араша,
Көп жаздыңыз, тамаша!
Очерк, фельетондарыңыз
Қанша том болар қаласа...
Сырғыса сексен кемесі,
Көрінер маяк келесі.
Қандай екен айтыңыз,
Тоқсанның тарғыл төбесі! - деп інілік ізетпен торқалы тойына тарту еткенбіз.
Өзім оқырман ретінде «Толқын» газетін жарты ғасырдай уақыт болса, оның бер жағында қолға қалам алып, мақала, әңгіме, өлеңдерімізді де киелі босағасынан имене аттап барып бергенбіз. Жазғандарымыз газет бетіне жарқ көрсе көңілімізге жел бітіп, төбеміз көкке екі елі жетпей қалатын. Содан да болар осы газетте қызмет еткен ағаларымыз бен замандастарымызға ерекше болып, әр жылдары өрнекті өлеңмен өз сезімімізді жеткізіп тұрыппыз.
Арал – Сыр өңірінің руханиятында, мәдениеті мен өнерінде елеулі орны бар тұлға жазушы-журналист, ақын, сазгер, күйші Жұмабай Жақып. Ол ондаған кітаптың авторы Республикалық әдеби байқаулардың жүлдегері. Қазақстанның құрметті журналисі жалпы жұртшылық сан қырлы таланттың түрлі жанрдағы туындыларымен жеке таныс болғынымен де, оның күйшілік һәм күй орындаушылық асқан шеберлігіне, виртуоздың өнеріне әлі де қанықтау емес-ау деп те ойлап қоямын. Ал күнделікті өмірде қарапайым да сыпайы, асыл жанға жыр арнамай тұра алмаппыз.
Сөзі майда тасқа біткен қынадай,
Жұмыс десе алға түсер сұрамай.
«Тілі» де бар, «бірлестігі» тағы бар,
Тыным таппай жүгіреді Жұмабай.
«Күй тарт» десең, басын алып қашпайды.
Жиналғанда желпінтіп бір тастайды.
Сосын сайлап ақ қағазын, қаламын,
Бұрқыратып өлең жаза бастайды.
Сырып тастап, түріп тастап жайдағын,
Сылып ала қара көздің қаймағын.
Өткен менен бүгінді де тербейді,
Түйдек-түйдек ағытып бір ойларын.
Тұла бойы көп өнердің тоғысы,
Кеңейгендей жылдан-жылға өрісі.
Жұрт білетін редактор ер Жөкең,
Кештеу туған бұл заманның серісі.
«Толқынның» тағы бір бас редакторы, белгілі журналист Еркін Әбілевтің есімі елімізге танымал. Ауданнан шарықтап, облыстан асып, аймағымыздың айнасындай жазғандарымен көрінді. Жаратылысы жеке, білімі бөлек, мүмкін алабөтен асаулығы бар Ерекең туралы кезінде сенатор Биғали Қаюпов: «Көп жұрт мықты журналист Е.Әбілевтің сұңғыла сатирик екендігіне мән бере бермейді» дегені бар. Қаламы өткір, не жазса да шегіне жеткізе жазатын Ерекеңнің біз білетін бір қасиеті – Ұлы Хакім Абайды түлей, түгендей оқып, ақын өлеңдерінен адами мінездердің бүгінгі замандағы пенделердің басындағы күй-жаймен іліктестіре ой-толғаулары оқыған адамды қаламгер пәлсапасына бойлататын. Ой қуған ойшыл қаламгер ағаның қасында біраз жыл болдық.
Дей алмайсың өзгелерден кем екен,
Оған жүрмес күлкің менен келекең.
«Егеменге» қолы жеткен алғаш боп,
Құла жүйрік, ол -журналист Ерекең.
Көңілінде - әрқашанда төр екен,
Мұнысы енді қарап тұрсаң жөн екен.
Аяқ жақтан орын берем дей көрме,
Ұзамай-ақ кетер сенің берекең.
«Сатирик» деп Биғалилер мақтайды,
Мақтамаған Ерекеңе жақпайды.
Сырласады ұлы Абаймен күнара,
Дейді сосын «Ал, қалғандар оттайды!»
Түзде жортар болат азу бөрі екен,
Текетеріс оған ғана жөн екен.
Теңізінен үміт үзіп кеткенбе,
"Аралым" деп жазбай кетті Ерекең...
Аралда аудандық газет шыққалы қаншама талант осы ұядан түлеп ұшты. Әсіресе, буынын бекітіп, ақындарды арқалы жолға салуда орны зор болды. "Толқынның" толғауы тоқсан көп жұмысынан қолы қалт еткенде өзгеше иірімді өлеңдерін аққағазға түсіріп, ой мен сезімін қамшылап отыратын ақын Толыбай Абылаевтың өзі өз алдына бір төбе. Жыл құрғатпай өлеңдер жинағын шығарып, шалқар шабыттың қиясында жүр. Еліміздің мүйізі қарағайдай ақындары қатысқан жыр мүшәйраларында алған орындарын санауға саусақ жетпес. Поэзиядағы ғажайып үнді, терең ойлы туындылары үшін Жарасқан Әбдірашев атындағы сыйлықты алғаны тағы бар.
Албыртта аңғырт Толыбай ақынмен тілдес те болдық, «тұздас» та болдық. Сыралғы інісі боп ізіне еріп, алыс-жақын жолдарда сырлас та болдық, «ымдас» та болдық. Өйткені илегеніміз бір терінің пұшпағы еді...
Сағынтқанда Бөгені мен Аралы,
Буырқанып, бусанып бір алады.
Оқи кетсе теңіз тектес жырларын,
Күндік жерден даусы жер жарады.
Мүшәйрада салғыласар төтеп кім,
«Қазынасын» меншіктеген Төкеңнің
Дәметпейді,
Ол тұрғанда орын жоқ,
Өлеңіне, кім болса да, бөтеннің.
Алпысында мықты болсың тұр да шық,
Дегендей-ақ кете барды Сырды асып.
Шақырды ма іңкәр етіп білмеймін,
Ақмешітке болып қалды ол ғашық.
Болмас, сірә, өмір-теңіз толасы,
Сол теңіздің еркесі ол, қарашы:
Жатса, тұрса «Ақылшым» деп жар салар,
Оған енді ешкімнің жоқ таласы.
Жыр толқынын толқытқан Толыбайдың тұлғасын осылай-осылай таныппыз. «Толқынның» журналистері қай жылдарда да оның аудан айнасы болуына үлес қосты. Бір-біріне ұқсамайтын қалам иелеріне өлең арнамай тұра алмаппыз. Журналисттік қарымына сөз жоқ, ол прозаиктігі де бар Жаңабай Кемал «Зергердей сөзін сырлады, Артығын көрсе қырнады. Өлеңге бергісіз өрнекпен, Тебіреніп, толқын жырлады», ол киелі шаңырақта өткен ғасырдың 80 жылдары тілші болған. ҚазГу-дің түлегі, кәсіби журналист Нұрсәуле Кенжебаева кім десең, әріден тартып былай дер ек-ау, «Шалқар теңіз жағасында туған қыз, Арман қылып жазу жолын қуған қыз. Алатаудың баурайында білім ап, журналист боп белін мықтап буған қыз. Келді сосын туған жерде, «Толқынға», Жастық жігер қарқын қосып қарқынға. Ой мен қырға журналистік іссапар, Жас маманға салмақ болып артылған». Дипломды маман әрі қарай баспасөздегі жолын Байқоңыр, Таразға қарай жалғады.
Өткен ғасырдың 60 жылдары «Толқын» жаңаша түлеп ашылғанда, алғашқы редакциялық құрамға фототілші боп кіріп, кейін тілшілік қызметке ауыстырылып, оның ыстық-суығына көнген тарландардың бірі – Амангелді Өткелбаев. Қазақстан журналистер одағының мүшесі Әлекең бұл күндері аудан тарихын тереңнен зерделеген белгілі өлкетанушы. «Арал- тұнған сыр», «Қолтаңбам қалар артымда» кітаптарының авторы. Біздіңше айтқанда ол «Өңірдің тарихын жинаған, Кітап қып халқына силаған. Басына хаттағы шежіре, Бұл өзі мейлінше милы адам».
Бүгінгі «Толқынның» белгілі журналисі – Лаура Әйтімова. Алған білімі педагогикалық болған соң, аудан мектептерінде ұзақ жылдар қазақ тілі мен әдебиетінен шәкірттерге білім нәрін құйды. Ұстаз ретінде біраз белестерді бағындырып барып, қара шаңыраққа қамданып келген. «Бұл күндері «Толқында», Жазатын жайын талғап жүр. Шәкірат, Кеңес.. дүрлердің, Айдынды жолын жалғап жүр». Кешегі жүректері намыс пен қайраттан жаралған арыс ағалар салған дара даңғылды сол деңгейде ұстау оңай емес. Осындай үлкен жауапкершілікті кейінгі Лауралар бастаған соңғы толқын мойындарына мықтап та, нықтап алған түрлері бар.
Осындан он бес жылдай бұрын «Арал ақиқаты» газетінде редактор кезімде «Толқынның» жас әдеби қызметкері, талантты ақын Абай Елештің алғашқы лек өлеңдеріне тамсанысым тиылмай, риза болып «Бір ұлыңмын байлығы – жыр-дастаны» деген тақырыппен толайым топтамасын беріп, өз пайымымызбен үлкен үміт күткенбіз. Сосын тағы бірде «Айналып муза елеске, Шырқатар талай белеске. Мұзбалақтай қомдансаң, Биіктік арман емес пе?! – деп үмітпен қараймыз, Жас ақын Абай Елешке...» деп, оған өлең айдынында ақ кемесінің желкен керуіне тілектестік таныттық. Сол Абай ақынымыз бүгінде берекелі баспасөздің қос жүйрігіне айналып, қара шаңырақты басқарып, шынымен де, кеше арман боп жүрегін қыздырған биігіне шығып отыр. Ата басылымның 90 жылдың мерейтойын атап өтуді қолға алып, үлкен мақсат – арман қанатында жүр. Журналист, енді міне басылымға бас редактор боп отырған Абай Елешке Аралдың бүгінгі жыр жүйріктері, өлең қуған өрендері қызыға қарайды. Осы жай бұдан біраз жыл бұрын жазылған өлеңімізді әрі қарай жалғастыртты.
Он бес жыл бұрын оылай,
Көргенбіз оқып дарынын.
Өлеңге ғашық өреннің,
Өзгеше бітім, қарымын.
Тарландар тыныш тұра ма-ай,
Жер тарпиды шыдамай.
Қара шаңырақ "Толқынға"
Басшылық етті бұл Абай...
Құйындай ұйтқып бұлағай,
Шайырлар шыңға шығад - ай,
«Абайдай бізде болсақ» - деп,
Жас ақындар жұлқынып,
Үмітпен әр күн тұрады - ай!
Теңіз емген текті жұрт – Аралдықтар үшін «Толқын» газетінің қашан да орны бөлек. Жан досымыздай, сырлас ақылшымыздай, өткенді жеткізер тарихшы-ғұламамыздай, мерейлі де шуақты нұрлы анамыздай бұл басылымның арғы-бергі журналистеріне құрметіміздің шексіз болғандығынан да шығар, әйтеуір оларға арналып біраз жыл жолдары жүрегімізден туыпты. «Толқынды» сүйген жүректерге арналған өлеңмен өрілген ақ жарылқап сырлы тілектерімізді оқырмандарға ұсынғанды жөн көрдік. Көңілімздегі шынайы сезімдерімізді жеткізе отырып, өлеңдегі бір өрелі ұстазым, лирик ақын, «Толқынға» қызмет еткен толағай таланттардың бірегейі – Сейіт Сейітмағанбетұлының әдемі өлеңімен түйіндесем деймін.
Жырлай бер қырдың самалын,
Ерлердің отты жанарын.
Айнам деп сені біледі,
Батыр да жәннат Аралым.
Басталсын сенен жыр басы,
Жақсы істі тынбай шырқашы.
«Толқыным» менің баршаның,
Бола бер досы, сырласы.
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі