Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » ТЕГІН ҮЙ (Болған оқиға)

ТЕГІН ҮЙ (Болған оқиға)

Басы ауырмайтын адам жоқ. 1987 жылы менің басым ауырды, жағым, тісім бәрі қосылып, түнгі ұйқы арман болды. Басыңды қайда тіресең де қоймайды-ау, қоймайды. Анальгин деген көкем болды. Жолдасым Әмірхан аптеканы тіреп тұр, меңгеруші. Анальгин десем, 10 штугін бір-ақ әкеледі. Ішіп алсаң жаның жай табады, бірақ басым қойса, тісім,жағым зарлап қоя береді. Тіс мәселесі оңай болды, тіс дәрігеріне барасың да суыртып тастайсың. Сонымен әдемі тістерім менімен қоштасып кете барды. Әбден шаршағасын облыстық диагностикада кластас досым Жақсыбай Баймырзаев бас дәрігері болып отыр. Маңдай тіреп досымның кабинетіне кірдік жолдасым екеуміз. Өте бауырмал, ақжарқын өзі Жақайым бізді көріп:
– О, Әбеке, Мариямкүл, қалайсыңдар?– деп амандық-саулық сұрасып болдық. Сәлден соң мен:
– Жаке, мына баста алтын бар шығар, тексереміз бе? – дедім.
– О, алтын болса кәнекей, қағып аламыз ғой,– деп әзілдеді.
Сонымен рентген, окулист, невропатолог деген бағытпен жолдама берді.
Ал "ауру адам сандалады" дегендей, басталды жүріс. Рентгенге түстім, рентгенолог жігіт шошып: "құлаған жоқсыз ба, соғып алған жоқсыз ба?" деп сұрақты жаудырды.
– Жоқ,– деп мен де бір түрлі қорқа бастадым. Маңдай тұста доп- домалақ болып, анық сурет шықты. Түсініксіз шимаймен Жақсыбай досыма қайта жіберді.
"Операция жасау керек" деп қарап тұр ғой досым. Енді не істейміз, төрт бала бар. Кішкентайым 10 айлык. Жұмысым ол қалды, Алматы, Мәскеуге сандалып жүрмін. Өзім дәрігермін, операцияға келіспей, басқа жолдарын іздеп жүрмін
Ой, сол кезде Кашпировский, Чумак деген мықты экстрасенстер шықты ғой, теледидардан сеанс беріп, 3 литрлік банкілердің Чумакқа зарядтатып, түнге қарай Кашпировскийден сеанс алып, тәуір болғандар да бар деп жариялап жатты. Сонымен не керек, аңсарым Кашпировскийге ауып, қайтсем де соның сеансына, қабылдауына барамын деп мақсат койып, жеделхат сала бердік.
Жауап келіп тұрады. Ялтада, Сочиде, Украинада, Польшада деген көмекшілер жіберіп тұр, менің шыдамым таусылды. Енем Рабиға анамыз анда-санда құмалақ салатын. – Апа, мені көріп жіберші, жол бар ма? Алдына еденді жусам да барамын, – деп қоямын.
– Ау, қалай екенін білмеймін, бірақ кездесіп тұрсың, – дейді, – жолың ашық, кедергі жоқ,– деп қояды енем. 57 жеделхат кетті Кашпировскийге.
Бір күні пошташы жүгіріп келе жатыр
– Сүйінші, жауап келді! – деп. "Қыркүйек айына 1 айлық абонемент сатып алыңыз, Мәскеуде Ленин атындаґы зауыттың мәденеит үйінде өтетін сеансқа" деп тұр. Ал дайындалдым, ауру ұшып кеткендей. Мәскеуде ешкімді танымаймын. Әйтеуір біреулерден сұрастырып, бір Катя деген медбике әйелдің адресін алдым. Ал Алла шипасын берсін! – деп Мәскеуге жол тарттым.
Катя деген әйелдің де үйін станция Бутово деген жерден тауып алдым. Ол да бір құдай бере салған, аңқылдаған адам екен, аузын ашса жүрегі көрінеді. Сеанс өтетін зауыттың мәдениет үйін көрсетіп, жеткізіп салды. Жеке қабылдауы болды "медицина қызметкерлерін кезексіз караймын" деп хабарлама жазыпты. Келіп тұрмыз. Кашпировский келді! Жүрегім алып-ұшып тұр қуанғаннан. Рентгенді көрді де, бір жылдан кейн телефонограмма саласыз, жоқ болып кетеді. 30 күн сеансқа қатысасыз, күндіз, кешке сағат 19-да "Добрый вечер, Москва" деген бағдарламадан үйден қарайсыз" деді. "Е, Алла сәтін салшы, ем болсын" деп жылап, еңіреп жүрмін. Бір рақат ұйқыға тап болдым. Басымның ауырғаны қойды, ұйқы қанды. Үй иесі жағдайымды жасап, бәйек болып жүр.
Бір күні сергектеу болдым. Ақ қағазды алып, Горбачевке хат жазайын дедім. Нем кетеді, Мәскеуде жүрмін. Пошта Кремльге қарама-қарсы орналасқан. Өте карапайым жазулар. "Мен төрт баланың анасымын. Қазақстанның Қызылорда қаласында тұрамын, дәрігер болып қызмет жасаймын. Калалық әкімшілікте үйдің кезегінде бірінші болып тұрғаныма 14 жыл, жағдайым ауыр,18 адам тұрамыз. Басыма операция жасайын деп жатыр. Өтінемн, көмек беріңізші", – деп хатымды алып поштаға бардым. Олар заказной деп, үлкен конверт берді. Сыртына "Москва. Кремль. Президенту ЦК КПСС М.С.Горбачеву" деп хатты қабылдап, "67 тиын төлеңіз" деді. Сөйтіп Президентке хатты жөнелттім. 30 күн сеанс аяқталды. Қуанып, көңілім көтеріліп, еліме жол тарттым
Үйіме келдім, бәрі сағынып қалған. Алланың таңы атқаннан үйге адамдар келе бастады. "Кашпировскийге барып келген қыздың қолынан алайық" деп, мен аң-таң. Қызылорда қаласынан, Титовтан, Гагариннен, жақын жердегі ауыл-аймақ, көрші-көлем, әйтеуір несін айтасың, Лениннің мавзолейіне ағылғаңдай келіп жатыр, келіп жатыр...
14 қазан күні басым қайта ауырды, ауырғанда да мықтап тұрып ауырды. Жанды қоярға жер жоқ, ешқандай дәрі көмек бермей жатыр. Далаға шығайын деп, кіреберіске шыққаным сол еді, терезенің арғы жағына көзім түсті. 10 шақты машина, әр машинадан түскен адамдар өте көп, халат киген, пальто киген 20-30 адам келді. Бір-бірден үйге кіріп жатыр, мен болсам басыммен арпалысып, қойдыра алмай әлек болып бұрышқа отыра қалдым. Ол кісілер менің сәл саябыр болады-ау деген кезімді күтті. Ата-енем ерсілі-қарсылы жүр. – Шырағым-ай, балдарым аман ба? Аманшылық па? – деп мазасызданды. Бір кезде бір әйел адам:
– Сіз жоғары жаққа хат жазған екенсіз,– деп хатты көрсетті, басым қатты ауырса да, Горбачев көкемнің жазуын оқып үлгердім.
"14 күннің ішінде 4 бөлмелі үймен қамтамасыз етілсін" дегенді оқыдым да, қайтадан басымның ауруы күшейіп кетті.Тағы да сәл саябыр болған кезде, "Өзіңіз білесіз, қазір қалада парадқа дайындық жүріп жатыр.10 қараша күні балалардың құжатын алып келіңіз, 4 бөлмелі пәтеріңіздің ордерін аласыз" дегені. Аллаға шүкір,10 қараша да келді. Ордер де алынды. Тегін 67 тиынға. Әділдік емей немене?! Ол кезде Терешкова, Горбачев дегендер халықтың өтінішін орындап, хаттарын оқып, бір нәтиже болып жататын. Сонымен несін айтайын, Горбачевтің ықпалының арқасында "Шұғыла" мөлтек ауданынан 4 бөлмелі үй алдым!
Ал қымбатты оқырман, 4 бөлмелі үйді Горбачев көкем Мәскеуден, Кремльден, қалтасынан суырып алып берген жоқ, әрине. Ол менің Қызылорда қаласында әкімшілікте үй алу кезегінде 14 жылдан бергі бірінші болып тұрған кезегімді әділ жылжытуға ықпал етті. Дегенмен тегін үй алуыма себепші болды.
Иә, пәтер алынды. Қуанышымда шек жоқ, ұшып жүрмін. Бас анда-санда ауыратынын білдіріп қояды. Сонымен Кашпировскийдің айтқан бір жылы да зулап өте шықты. Тез-тез рентгенге түсіріп басымды, Кашпировскийге хабарласайын деп әрекет жасап жүрмін. Түсірдім, бас сүйегімді рентгенге. Қуанышты еш нәрсе болмады. Бір жыл өзімді-өзім алдап жүріппін. Сүйектегі ісік маңдай тұста үлкейіп кеткен, миға қарай өсіп тұр екен. Есімнен танып құлап қалдым. Есімді жидым, таныс дәрігерлерім ұрысып жатыр. Өзің дәрігерсің, "неге "шарлатандарға" барасың, уақыт өткізіп жатырсың, дереу операцияға Алматыға нейрохирургияға бару керек" деп білетін ақылдарын айтып жатыр. Ол кезде ісік десе бірден жаман ойлар келіп, өмірмен қоштасып, балаларым не болады деп, ой сан-сақка жүгіріп, өзімді-өзім уайымнан әбден аздырып алдым. Алматы қаласындағы ауруханада нейрохирургия бөлімінде 4-5ай дегенде операция жасатып, сәтті болып, елге қайттым. Бала-шағамды сағынып кездесуге асығып келе жатырмын.
Міне, пойыз да тоқтады. Күтіп алған достарым, туғандарым құшақ-құшақ гүлдер ұсынуда, құдды үйлену тойымыздағыдай. Аллаға шүкір, аман-есен үйіме қауыштырған. Ата-енем жылап жүр, "аман-сау келдің бе, балам" деп. Сонымен бастағы ісіктен құтылып, ата-енем рұқсат беріп, 4 бөлмелі жаңа үйімізге көшіп алдық.
Басымнан өткен қиындықтан ұққаным, барлық байлықтың жиынтығы не ақша, не болмаса таудай үйілген алтын емес, деннің саулығы екен. Сол себептен, басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса ем іздеп, бәріміз алдына баратын дәрігерлер қауымының қоғамдағы орны ерекше екендігіі сөзсіз. Олар аянбай тер төгіп, әр адамның өмірі үшін қолдан келгенін аямайды. Әр науқастың жанына желеу болып, ауруға қарсы тұрып, саулығын қалыптастырып қана қоймай, адам бойына өмірлік күш-қуат береді. «Гиппократ антын» өзінің өмірлік ұстанымы ретінде қабылдап, қоғамның басты байлығы саналатын адам өмірінің сақшысы бола білген дәрігерлердің ерен еңбегі, атқарған істері әрқашанда халықтың көңілінен шығуда. Адам жанының арашашысы деп тегін айтылмаса керек. Аурудың жасқа да, кәріге де қарамастан, ұрымтал жерден соға беретіні ақиқат. Сондықтан да оқырмандарыма қандай жағдай болмасын, денсаулығыңыз сыр берсе, ең бірінші дәрігерге көрінгендеріңіз абзал дегім келеді.
Ақ халатты, алтын қолды жандарға адамдардың айтар алғысы шексіз. Өйткені мамандықты қапысыз дұрыс таңдап, өз ісін шебер меңгергендер, айналасындағы адамдарға мейіріммен қарап, қызметін адал атқарғандар ғана ел алғысына бөленбек.
Майрамкүл ХАКИМОВА,
Алматы қаласының тұрғыны

02 наурыз 2021 ж. 397 0