Арман орындалады
Алға қарай жетелейтін арман анық болу керек. Жарты жолда ол арманнан бас тартуға жол бермеген абзал. Грантқа балы жетпей қалып жатса, ақылы оқуға түсуге болады деген кезде, әйтеуір бір оқуға түсе сал, дәрігер, сот болу керек немесе шетелге оқыса деген ой болады көбінде. «Ой, ауылға не дейміз, ағайынға, ауыл азаматтарына қалай қараймыз, лауазымымыз бар» деп, баланың армандамаған, тіпті түсіне де енбеген оқуға пәленбай жүз мың төлеп түсіреді. Оны баласы жарты жылдан кейін, бір жылдан кейін, қанша шығын шығарса да оқымай тастап кетеді. Әрі қарай жалғастырмайды. Содан бастап баланың өмір жолында қиналыстар басталады. Қаншама шығын, ішкен-жеген тамағы, жатқан жеріне төленген ақы пұлдары далаға кетеді. Бұл дұрыс емес. Негізі баланың арманы бала күнінен-ақ қалыптасады. Ұстаздар бастауыш сыныпта «мен кім болам?» деген шығарма жаздырады. Сол кезде бала жүректе оянған арман өмір деген өзенге жетелей бастайды. Ал арман орындалу үшін сенім керек. Арманың туралы сені өте жақсы түсінетін жан досыңмен және арманы орындалған бақытты жандармен ақылдасып, бөлісуге болады. Алла тағалаға деген сенім жоғары болу қажет. Тек жақсылық жасай беруге асық, сауапты істерің көп болсын. Сол кезде арманыңның орындалатыны көзіңнің алдына елестей бастайды, арманға жететін жолдар да ашылып, жол сілтейтін адамдар да пайда бола бастайды. Тек алға ұмтылу маңызды. Бір мамандықты игеру үшін арман нақты болуы тиіс.
Өзім туралы айтар болсам, бала күнімнен дәрігер болуды армандадым. Сульфат деген туған ауылымда медициналық пункт болды. Сол медпунктте Сисенова Мария апай фельдшер, акушер болып жұмыс істеді. Қазір ол кісінің кіндік балалары республикамыздың түкпір-түкпірінде белгілі азаматтар болып жұмыс істеп жүр. Ол Мария апайға Алла ұзақ өмір берсін. Дәрігер болам деп Мария апайдың жанынан шықпайтынмын. Скальпель, мақта, бинт, йод беріп қоятын. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде хирург болуды армандап, балалардың рогаткамен атып түсірген торғайларын тірілтемін деп операция жасап, олар тірілмегесін жылайтынмын. Хирург болам деп Алматы медицина институтында оқып жүргенде де өте көп операцияға қатысып жүрдім.
Бұл – мамандығын дұрыс таңдаған студенттің арманы ғой, орындалып тұрған. Арман шексіз, әдемі қиялдармен орындалғанын елестетіп, мақсат қойып әрекет етсең, армандар сөз жоқ орындалады. Теріс ойлардың бәрін ойдан шығарып тастау керек. "Үйді қалай аламын, көлікті қалай аламын, ақша жоқ, бізге ондай байлық қайдан болсын" деп таусылып отырмау керек. Әрекет жасап, талаптанып еңбектенсең, бәрі орындалады. Тек асықпау керек. Алла өзі сағаты келген кезде "тосын сый" қылып, сыйлығын алдыңа тарта береді. Садақа беріп, жақсылықты көп жасап, дұшпаныңа да жақсылық тілеп, әдемі армандарымызға жетейік. Байланып жатқан жолдардың бәрі ашылсын.
Бәрі көз алдымда көлбеңдейді... Алматы медицина институтының 4-курсында тұрмысқа шықтым. Жолдасым Қызылжардың Әмірхан деген жігіті. Ол да сол медицина институтын ойдағыдай бітіріп, Алматы қаласында КазГАПУ деген мекемеде республикалык дәріханалар қоймасының меңгерушісі болып жұмыс істеді. Сырласып-сыйласып, сәнді де мәнді, арманға толы өміріміз басталып кеткен.
Мен оқуды аяқтап, ертең жан-жаққа жолдама алатын күніміз деп дайындалып жатырмын. Алла қаласа, жолдасым 3 айдан кейін пәтер алатын болып хабарын алып отырған кез. Менікі еркін диплом болатын болды. Ой, Алматыда қалатын болып, жоспар құрып отырмыз. Нағыз сол түннің ортасы ауған кезде мезгілсіз есік қағылды.
– Сыдықов осы үйде тұрады ма? Бұл милициядан, есікті ашыңыз,–дегені.
Қол-аяғым дірілдеп, жүрегім дүрсілдеп, қоймада бір жағдай болып қалды ма деп неше түрлі жаман ойлар, үрей билеп алды бойымды. Есікті аштым. Милиция киімін киген жігіт, жанында енем мен қайнағамыздың баласы Айдархан бар.Таңғалыстық. Бізді Алматыда қалып қояды деген хабар жеткен-ау, сол бойда енем тездетіп "Алматы, қайдасың" деп жолға шыққан. Пойыздан түскен бойда бірінші Алматы вокзалында бір милиция жігітке:
– Сен менің милициямсың ба? Сен мені қорғайтының рас па? – дейді енем.
– Иә,– дейді милиция жігіт.
– Ендеше, мені мына адресте тұратын балама жеткіз,– деп турасын айтқан.
Айтқанын екі етпей, енемнің өтінішін орындаған жігітке Алланың нұры жаусын.Тұратын жеріміз –10-мөлтек аудан. Бір әжейдің бір бөлмесінде пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Қуанысып, мәре-сәре болып қалдық. Ауылдан базарлықтар – Аралымның сазандары, сүрленген ет, қазы-қарта тұздалған балықтар, құрт, сары май, ірімшік, сөк-талқан. Ол бір бізге бір тойдан кем емес базарлық қой. Таң атты. Азанғы шайда әңгіме-дүкен басталды.
– Ал бітірген соң қайда барасың, Мәриям?
– Күйеуім жоғары білімді болса, менде еркін диплом, күйеуім жүрген жерге жібереді. Ендеше, Алматыда қалатын шығармыз,– деп қуанып, нықтап, мәз болып айтып жатырмын. Бір кезде енем:
– Мен молдаға барып тіледім, бейітке барып түнедім. Зорға бала таптым. Енді жеттім дегенде, сен менің баламды менен жырақ алып кеткің келіп тұр ма? Ауылға қайт! – деді. Жолдасым:
– Мариям, анамызды ренжітпей ауылға қайтайық, облыс орталығына сұра жолдаманы,– деді.
Содан армандаған, қиялдаған Алматыда тұрсақ деген жоспарымыздың күл-талқаны шықты. Сөйтіп, Қызылордаға келіп, облыстық орталыққа сұрандым, медицина колледжіне ұстаз болып орналастым. Бәріміз Қызылордаға, енем ары қарай Қызылжарға қайтты. Келген бойда жолдасым Гагарин деген ауданға дәріхана меңгерушісі болып орналасты. Мен атаммен ақылдасып, сол аумаққа педиатр болып жұмыс жасадым.
Ата-енемізді Қызылордаға көшіріп алдық. Абысын қайынаға, кайным, кайын апам – 14-16 адам тұрамыз. Келім-кетім қонақтар. Ал "жақсы, сау болыңыз" деп бір атамызды шығарып салсақ, "Ассалаумағалейкум" деп бір атамыз келіп тұрады. Айналайын, казағым қонақжай ғой, дастарқанымыз жиылмай, есігіміз жабылмаған. Сөйтіп жүріп, халқыма қалаулы педиатр болдым. 20 жыл жұмыс істеп, жолдасым да қызметінде жоғарылап, облыстық дәріханалар қоймасының меңгерушісі болды.
Осы шағын әңгімем арқылы жолдасым екеуміз өмірде қандай қиындық кездессе де мойымай, алға ұмтылуды, ата-ананы сыйлауды,олардың алдынан кесе өтпеуді, қай кезде де сабырлылық пен шыдамдылық танытып, жалпы отбасылық құндылықтарды сақтауды өмірлік ұстаным еткенімізді оқырмандарыма жеткізе отырып, мына бір ел аузындағы ғибратты әңгімені айтқым келеді:
Баяғыда бір үлкен отбасы өмір сүріпті. Отбасындағы адамдар саны өте көп екен, олар бірге тұрыпты. Ол отбасы ерекше екен, отбасының өзара келісімде, татулықта өмір сүруі елді таңғалдырады. Оларда ұрыс-керіс, дау-жанжал деген атымен болмайды екен. Бұл отбасы жайлы патшаның құлағына да жетеді. Патша естігенінің растығын білгісі келіп, ауылға келеді. Ауыл тап-таза, барлығы да жеткілікті, тыныштық пен береке қонған. Патшаның көңілі толып,ерекше бір шаттыққа бөленеді. Сыйластығы жарасқан бақытты отбасында қариялардың орны төрде, уайым-қайғысыз, балалары бақытты, мәз-мейрам екен. Бұған патша таңғалып, отбасының қалайша бақытты, тату-тәтті өмір сүруінің мәнісін білгісі келеді. Ауыл ақсақалына келіп, отбасындағы татулық пен бірлікке қалай жеткендерін айтуын өтінеді. Қарт үнсіз ғана жүз рет «сүйіспеншілік», жүз рет «тыныштық», жүз рет «татулық» деп қағазға мұқият жазып шығады. Үш сөзді оқыған патша таңғалып: Осы-ақ па? –Иә, – дейді ақсақал. – Барлық жақсы отбасылары тек осы қасиеттерден құралады,– деді де, сәл ойланып, «және шыдамдылық» деген сөзді қосып қойған екен.
Иә, бәрі де отбасылық құндылықты сақтаудан бастау алады. Отбасылық құндылық дегеніміз – бір-бірін сүйіп қосылған жанұялардың отбасын сақтау үшін қолданатын ежелден келе жатқан салт-дәстүрі. Әрбір отбасының өз құндылықтары болады. Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Отбасындағы құндылықтардың негізі махаббаттан, сенімнен, өзара түсіністіктен бастау алып, алдағы өмірде де жалғасын табады десем, жаңылысқандық болмас. Өйткені олар ғасырлар бойына маңызын жоймайтын құндылықтар. Осы бір құндылықтарды әрбір отбасы көздерінің қарашығындай сақтап,қастерлеп жүретін болса, нұр үстіне нұр болар еді. Ғасырдан-ғасырға, жылдан-жылға дәстүр болып жалғасын тауып келе жатқан отбасы құндылықтарының мәнін кетірмей, керісінше өркендеп, алға басуына септігімізді тигізгеніміз абзал. Отбасылық құндылықтарды қастерлеп, оларға кір келтірмеу – барша халықтың басты парызы.
Майрамкүл ХАКИМОВА,
Алматы қаласы