Құрметке лайық ақ жеңгем
Халқымыздың көрегенділігі, даналығы, дарқандығы мен кіршіксіз ақ көңілділігімен алдына жан салмайтын, кішіге қамқор, үлкенге құрмет көрсететін асыл қасиеттерімізді жіпке тізсек жетіп артылады.Ал осы баға жетпес қасиеттеріміздің кейбірі өткен күннің еншісінде қалып қойған жоқ па? Біз тек сөзбен ғана семіріп, санамыздағы сарқыншағы ғана қалған естеліктерге мәз болып жүрген жоқпыз ба деп айтып та жүрміз. Ойлануға болады.
Балалар үлкендердің қолына су құйып, бата алатын кезде ақсақалдар аңыз айтып, шежіремен шеріңді тарқататын кезде, құрт қайнатып, сүр қақтаған аналар бесік жырын білетін кезде, көрші көршінің үйіне күнде кіретін кезде, ауылда ағайындар, бауырлас бір-бірін көрмесе тұра алмайтын кезде, бәрі басқаша еді-ау! Басында айтқан құндылықтарымыз осы бір кездің суреттемесі секілді. Өзім дүниеге келіп, өскен, «Жамбыл» колхозының Сарышоқы ауылында тұратын жиырма шақты үйдің ауызбіршілігі, бір-біріне деген ынтымағы орасан болатын. Жас кезімде барлығы бір туысқан шығар деп ойлаушы едім, есейе келе бірнеше рудан тұратынын білгенімде татулық пен ауызбіршілік мән-мағынасы жүрегімнің түбінде мәңгі сақтаулы. Күйеулері соғысқа кеткен баласымен қалған жесірлерді де қамқорсыз қалдырмай жылымнан шыққан балықтан оларды да бір сыбаға етіп, балаларын жетілдіргенін көзім көргесін айтып отырмын.
Еркін өскен балалық шағымызда ала таяқты ат қылып мініп, таңның атысы мен күннің батысына дейін асыр салып ойынның қызығында жүруші едік. Біреумен жаға жыртысып қалсақ үлкендер араша түсіп, екеуіңді келістіріп, жарастырып татуластыратын.
Қазірде де ел ішінде жоғарыда айтқан құндылықтарымызды бойына дарыта білген, кейінгі ұрпаққа өнегесімен үлгі болып жүрген азаматтарымызбен қатар салиқалы аналарымыз да кездеседі. Қарапайым жанұяда тәрбие алып, ұрпақтарының сүйікті анасы, қадірлі әжесі, келіндерінің тәлімгер ұстазы, жеті перзентін дүниеге әкелген, «Күміс алқа» таққан Несібелі Пірімбетова жеңгеміз туралы айтпақпын.
Несібелі 1955 жылы Шөмішкөл ауылдық дүниеге келген. Әкесі Мәмбетәли Әзірбекұлы балық аулау кәсібімен айналысқан, еліне сыйлы ақсақал болған. Анасы Қаламқас Әлімқызы да үй шаруасымен қатар ер адамдармен қатар балық аулап, ел амандығының тілекші анасы болған деседі.
Осындай қасиетті ата-аналарымыздың өз перзенттеріне айтатын ақыл-кеңестеріне де құлақ түрсек артық болмас. Жұмыр жердегі жұмыр басты пенденің ғұмыры жоялық пен кебіннің арасында өтеді. Қарап отырсаң, екеуі де мата делік. Екеуінде де қалта болмайды. Бос келіп, бос кетесің. Дүние жиям деп арамтер болмай, дүниеге ұрпақ әкелсең, артыңда ізіңнен із қалады. Сол ұрпағыңа ақыл айтатындай білім-өнеге жина. Бере алар тәлім-тәрбиеңді түзе. Игі іс жаса. Жақсы қызмет қыл. Жаман мінез жұқпалы келеді. Ортаңды жақсы адамдармен толықтыр. Адамның жүрегі сүзгіш секілді ғой. Жақсыны да, жаманды да сіңіріп алады. Әдемі, көркем қасиеттеріңмен жарқырат жүрегіңнің ішін.
Несібелі Мәмбетәлиқызы Шөмішкөл мектебін бітіріп, ата-ананың, елінің өнегелі тәлім-тәрбиесін алып, әр белестерден қазақы салт-дәстүрлерді ойына тоқумен қатар жоғарыда айтылған ұлағатты тәрбиелік мәні зор сөздерді бойына сіңіре бойжетті.
Кез келген ер азамат өмірде жар таңдауда қателеспегені жөн. Атам қазақ: «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекер айтпаған. Үйлену дегеніміз – жар таңдау. Бабаларымыз: «Алғаның жақсы болса, бұл дүниенің шырағы» деген сөзді бекер айтпаған. Нарғұлан Пірімбетов ағамыз жар таңдауда маңдайлы болды. Қазақ салтымен құда түсіп, той жасап, үлкендердің ақ батасын алып, Несібеліге 1975 жылы үйленді. Нарғұлан ағамыз 1935 жылғы. Жас айырмашылықтары біршама алшақ болса да, Несібелі жеңгеміз қателескен жоқ. Киелі шаңырақтың құтты келіні болды.
Нарғұлан сол кездегі Кеме жөндеу зауытында білікті электрик болып абыройлы еңбек етті. Кезінде Нарекең ағалық жолын дұрыс ұстаған ел қадірлісі, ағайын-туыс арасында сыйластығы мол болатын. 2011 жылы дүниеден өтті.
Бір философ: «Әйелдің жан дүниесі – өте нәзік те күрделі әлем. Бірақ оның бойындағы нәзіктіктің тасасында Ұлы күш бар» депті. Мықты әйел – жаратылысынан балажан, арманы бала сүю, бала туу, бала бағу, бала өсіру, тұрмыс құрып, күйеуін пір тұту, қандай бір сұрапылда да ошағын сөндірмей сақтап қалған және үйінің берекесі, қонақжайлылығымен көрінген, абысын-ажынмен тату тұрған. Бойында сондай мықтылық бар.
Несібелі үзеңгілес Маржан, Күләш, Алтынтөре, Жамиға келіндерімен ауызбіршілігі мықты. Олар өзара сырлас, мұңдас, бірігіп ынтымақты жұмыс істейді. Көріп жүргеніміздей бір-бірінің өкпе-назын, әзіл-қалжыңдарын кектемейді. Қазақта: «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген сөзін философиялық мағынасы осындайдын шыққан деседі. Бір сөзбен Несібелі жеңгеміз келіндерінің көшбасшысы, ақыл-кеңесшісі десе жарасады.
Үлкендер үшін «келін», жасы кішілер үшін «жеңге» Несібелінің тәлім-тәрбиеде орны бөлек. Оның әсіресе, біз сияқты қайнылары мен қайынсіңілілермен жарасымды әзіл-қалжыңы араласа жүретін.
Жеңге бұрын қыз бен жігітті таныстыру мен табыстыруға үлкен тәрбиелік қызмет атқарған. Оларға махаббат құпияларын үйреткен. Сол қызметі үшін олар қыз бен жігіттен сыйлықта алатын болған. «Қалмады қолда жүзік, белде белбеу, жеңгесін қызды ауылдың сыйлай-сыйлай» деген өлең осындайдан туған деседі. Қайнысы мен қайынсіңілісін жеңгелері әрқашан еркелетіп ұстаған. Олар да жеңгесін ерекше құрметтеген. Міне осындай сыйластық Несібелі жеңгемізден табылатын.
«Бұл киелі шаңыраққа менің алдымда да қаншама үлкендер «келін» болып келіп, зейнеткер атанып жатқан. Мұның өзі басындағы жарасымды дәстүрдің сыйластығы, тыныс тіршіліктің әдемі дәйегі деп білемін. Сол жалғасын таба берсе екен» дейді Несібелі.
«Босағаңды алтынан соқтырсаң да, бала сүймей мейірімің қанбас» деп даналарымыз айтқандай, Нарғұлан мен Несібелі - босағаларын алтыннан да соқтырды, бала сүйіп мейірімдерін қандырған жайсаң жандар. Тұла бойы тұңғышы Аралкүл Қызылордада облыстық медициналық орталықта дәрігер. Күйеуі Сабыр вахталық жұмыста. Екі бала тәрбиелеуде. Шапағат оқу жасында. Қызы Айгерім тұрмыста, күйеуі Алтынбек. Қыдыркүл Жаңақұрылыс елді мекенінде кәсіпкерлікті дөңгелетуде. Күйеуі Қайрат кәсіпкерлікпен қатар сол елді мекеннің беделді, белсенді азаматтарының бірегейі. Алты бала тәрбиелеуде. Ақкүл тұрмыста, күйеуі Нұрбол. Ақнұр, Нұрила, Елшекендер студент, Разия, Назира оқушылар. Аманкүл қаладағы «Сартай батыр» балабақшасында, 2-санатты тәрбиеші. Күйеуі Жаңабек - оң қолынан өнер тамған азамат. Бес бала тәрбиелеуде. Гүлнәз студент. Бибіт, Бақнұр, Каусар, Ранид оқу жасында. Гүлшакира қаладағы «Гүлдер» балабақшасында, І санатты педагог-модератор болып абыройлы еңбек етуде. Күйеуі Серік өнерлі, білікті құрылысшы ретінде көпке танымал. Екі бала - Аймара, Нұртай оқу жасында. Руслан Алматыда тұрады. Келіншегі Аида екеуі кәсіпкерлікпен айналысады. Үш бала Наргиз, Ілияс, Нұрасыл оқу жасында. Сүт құртқан кенжесі Ислам қара шаңырақтың иесі. Орталық мәдениет үйінің қызметкері. Келіншегі Нұргүл бала тәрбиесімен үйде. Нұргүл үйдің тынысын кеңейтіп отырған әдепті келін. Балалары Нұржан, Санжар, Имадат, Рауана оқу жасында.
Бір кісі Әл-Фарабиге тамаша піскен алманы көрсетіп: «Осы алманың бітім-болмысындағы жақсы қасиеті не? Түсі ме, шырыны ма, дәмі ме, әлде бітімі ме?» деп сауал қойыпты. Сонда Әл-Фараби: «- Бәрінен де оның ұрығы тамаша. Өйткені алманың өзі ұрықтан өсіп шыққан және одан бүкіл бақ пайда болды ғой!»- деп жауап берген екен. Сол секілді Нарғұлан мен Несібеліден тараған ұрпақтары бүкіл бақ сияқты ұрпақ жайған бір-бір шаңырақтың ұйытқысы, ауызбіршіліктері мол жарасымды жайсаң жандар. Аға-жеңгеден тараған ұлдары ұялтқан жоқ, қыздары қызартқан жоқ.
Батыр бабамыз Бауыржан: «Балалардың айқай-шуынан шат күлкісінен артық сазды әуен жоқ» деген екен. Сол айтқандай Несібелі жеңгем Алла тағала қуат беріп, балалары, немере, шөберелерінің шат күлкісіне, сазды әуеніне кенеліп әдемі қартаюдың үлгі өнегесін кейінгі ұрпақтарға еге берсін.
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
КСРО және ҚР Халық ағарту ісінің озық қызметкері,
Арал қаласы.