Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сұлу сөзден әсем әлем жасаған

Сұлу сөзден әсем әлем жасаған

Баурайынан көк жусан иісі бұрқыраған қасиетті де киелі, құт қойнаулы Қарақұмнан өн бойын өлең буып, шырайлы қала Қызылордаға асқан, кейін сол қалада баршаны сұлу сөзден жасаған әсем әлемімен мойындатып, Сыр өңірінің ең бір маңдайалды, қабырғалы қаламгеріне айналған, саф алтындай табиғи тазалығымен, тұмадай мөлдір тума талантымен айналасын тамсандырған дара дарын Қази аға Данабаев нар бітімді жігітке аздық етер ғұмырында өзі жан-тәнімен, бар жүрегімен шексіз, алғаусыз сүйген, кие тұтқан әрлі әлемнен өзі кетсе де, қалың жұрты қазағына, айналайын алашына толымды-толымды дүниелерін, туындыларын мәңгілік мұра етіп қалдырды. Айдарынан жел естіртіп, айбарлы астаналарға табан тіремегенімен, көзінің тірісінде-ақ қазақ әдебиетінің қара шаңырағының көрнекті-көрнекті тұлғаларының аузына ілікті. Байыпты бағалауларын құлағымен есітті. Бұл – қаламгер бақыты.Қолына қалам ұстап, қаймана жұртты таңдай қақтырған ақын-жазушы адамның өзін танымай тұрып, көбіне-көп әуелі сырлы сөзін танисың ғой. Бала жігіт шағымызда Қази ағаның буынымызға түскен өрнекті өлеңдерін әдепкіде өзіміздің аудандық "Толқын" газетінен көріп, оның арынды ақындық қарымына тұшынғанбыз. Ақынның алымды, асқақ қиялы бізді де жетектеп кетті. Сөзі бөлек, сезімі ерек жаратылған жампоз ақынның басқасы басқа, сонау Аралдың арғы жағындағы, шап-шағын Қарақұм ауылында жүргеніне өзімше таңғалғанмын. Өйткені біз оқыған мықты ақындардың барлығы ақ басты Алатаудың алмалы етегіндегі Алматы шаһарында тұратын-тын. Газеттің әдебиет бетіндегі "Новелла" деген атауы да, мазмұны да өзгеше, екі-үш-ақ шумақты өлеңді сан қайтара оқығанмын. Әсем поэзияның әсері сұмдық болды. Өлең көңілде жатталып қалды. Новелла десе новелла, сөздің сиқырлы, сан алуан түсті бояуымен салынған керемет картинадай-тын. Сол топтама өлеңдерді қиып алып, өзім жинақтап жүретін өлең-жырлардың ішіне қосып қойғанмын. Осындай-осындай өлең жазсам деп арманда да болдық.
Кейін, бір-жар жылдан соң Қази ақынның өзімен де таныстық. Дәурені өтіп, күні батқан жарықтық кеңес өкіметінің басқасын қайдам, жазу-сызумен айналысатын жауһарлы жұртқа іші бұрып, түрлі шараларды жоспарлы түрде жолға қойып, үздіксіз өткізіп тұратын. Сол бір жылдары әлі қанаты қатаймаған балауса қалам иесі болсақ та, жылына бірнеше рет облыс орталығына кәделеп шақырып тұрады. Соның бірі – республикалық деңгейі бар "Жас жігер" фестивалінің облыстық шарасына Қази ағамен бірге бардық. Бастаушымыз – аудандық жастар ұйымының хатшысы А.Жоланов. Төртеудің біреуі – №220 мектептің 10-сынып оқушысы, өлеңге талап қылып жүрген жас – О.Тілеужанова.
Қызығы сол, фестиваль облыстық деп аталғанымен де, Алматыдан ат арытып, атағы алашқа белгілі Әбділда Тәжібаев бастаған, біз сыртынан табынып жүрген үлкен-үлкен ақындар шоғыры келді. Осы күнгі орталықтағы А.Тоқмағанбетов атындағы филармония ғимаратында поэзия кеші өтті. Ол кездегі жұртшылықтың ақын-жазушыларға деген махаббаты, ықыласы аса зор еді ғой. Кең зал адамға аузы-мұрнынан шыға лық толды да, кейінгі келгендердің тұмсығы батпай қалды. Ауданнан барған қатысушылардың өздері итініп-тартынып, қан сорпамыз шығып әл-әзер кірдік. Ұйымдастырушылар "Бәрің де өлеңдеріңді оқисыңдар" деп уәде бергенімен, аралдықтардың арасынан Ә.Тәжібаев Қазекеңді ғана сахнаға шақырды. Ол екі өлең оқыды. Зор даусы еркін шыққанда, залды кернеп кетті. Арқасы қызғандай бүкіл тұла-бойымен ырғала, тербеле қозғалып, шабыттана оқып шықты. Халық дуылдата қол соқты. Бәріне ұнаған сияқты. Өлең оқыған Қазекеңнің сол бейнесі көз алдымда қалып қойды.
Адам сапарлас боп жүргенде ғана бір-бірін жақсы тани түседі ғой. Ауылдан келсе де, Қази аға облыстағылардың қай-қайсысымен де иық теңестіре сөйлесіп жүрді. Ойын бүгіп қалатын адам емес екен. Жастар ұйымының басшыларына да батыра айтып, аузы батылдығын көрсетіп жатты.
Қази ағаның мінезінің кеңдігін де осы жолы көргендей болдық. Бірнеше құрдастары боп олар Тереңөзектегі белгілі журналист, жерлесіміз Еркін Әбіловтің үйіне таксилетіп кеткен. Келгелі Қазекең екеуміз қонақ үйде бір бөлмеде жатқанбыз. Содан Тереңөзекке бара жатып:
– Вокзалда кездесеміз. Менің портфелімді сонда ала кел,– деді.
Бәріміз вокзал басында ұшырастық. Мен ала келген қара портфелін бір қарап шыққан Қази аға іздегенін таппағандай алаңдап:
–Джинсиім қалып қойған-ау,– деді маған қарап: – Керуеттің аяғында ілулі тұрған...
– Көрген жоқпын... –дедім мен қысылғандықтан иығымды қушитып, өзімді кінәлі сезінгендей күмілжіп.
Алабөтен аңғалдығым ба, әлде шалалығым ба, джинси дегеннің өзін өзім киіп көрмегендіктен, сол кезде жете білмейді екенмін. Кейінірек білсем, ол кез келгеннің қолына түсе қоймайтын қымбаттау шалбар екен. Алайда Қазекең қайтып қазбалап сұрамады, әрі қарай ежіктемеді. "Ештеңе етпес" дегендей қолын бір-ақ сілтей салды.
Қашан, қайда жүрсек те, қолымыздан кітап түспейтін шағымыз. Купедегі екінші полкада сол жылдары шыққан жас ақындардың ұжымдық жинағы "Бастау" деген алақандай кітапты оқып жатқанмын. Қазекең маған көзі түсіп, қолын созып сұрап алды да:
– Мықты өлеңдер бар ма екен?– деп бетіме сұраулы жүзбен қарады.
– Жас ақын Төрегелді Тұяқбаевтың "Тамшылар" деген өлеңі керемет, өзгелерге ұқсамайды... –деп, мен өзіме ұнағандарын мақтай бастадым тілім жеткенше.
Қази ағам мен көрсеткен өлеңдерге асықпай көз жүгіртіп өтті. Сосын миығын тартып күлімсірегендей болды. Бір сәт басын да изеді-ау деймін. Сөйтті де мен оқып жатқан өлеңдер емес, жалпы поэзия хақында, өлеңдегі сезім мен бейнелі тіл туралы көсіле бір әңгімелеп кетті. Оның сөздерінен биік, жан-жақты талғамы мен өлеңге қоятын өрелі талабы көрініп тұрды. Мұндай әңгімені күнде естіп жатқан жоқпыз, сүйсіне тыңдадық. Біздер үшін тосын да жаңалықтай болған ойларды ұғып қалдық. Көңілге түйіп алдық.
Содан көп ұзамай Қазекең Қызылордаға қоныс аударып, әуелі кәсіподақтардың шығармашылық үйінде, сосын облыстық радиоға тілші болып орналасты. Бірде аудандағы ең ірі мекеме – Арал балық өндірістік бірлестігінің партком хатшысы Амангелді Дәрібаев шақыртып жатыр деген соң барсам, Қази аға іссапармен келген екен. Мені іздеттіріпті. Сол күні қасында болдым. Партком хатшысының кабинетіне еңбек озаттарын, балық мамандарын кезекпен шақыртып алып, сұхбаттасып, магнитофонның таспасына жазып алып жатты. Сөз арасында біліп алып, мені де ата-әкелерім туралы (ол кісілер осы балық саласының белгілі мамандары болған) біршама сөйлетіп, жазып алғаны есімде. Сол күні кешқұрымғы пойызға мінетін болып шығарып салдым. Екеуара әңгімеміздің бір сәтінде:
– Мына жазып жүрген әзіл-сықақ әңгімелеріңде тәп-тәуір тіл бар екен. Осы Арал маңының байырғы адамдарының ауызекі сөйлеу тілін біршама игергенсің. Қайдан үйреніп жүрсің?! – деді сынай қарап.
Күтпеген сұраққа менің жауабым да күтпегендей, қысқа болды:
– Шешелерімнен... – деппін. Ол мырс етіп күліп алды. Мен бір нәрсе бүлдіріп алғандай сасқалақтап:
– Олар солай сөйлейді. Тілдерінде, әр сөздерінде үнемі бір юмор бар. Тұспалсыз, астарсыз бір сөз сөйлемейді... –дедім тағы. Мен ойымды жеткізе алдым ба, жеткізе алмадым ба, білмеймін. Қазекең көзі күлімдеп, арқамнан қақты.
– Дегенмен дұрыс айтасың. Иә, біздің аналарымыздың сөзі мірдің оғындай дәл, тілі бай ғой,– деп қойды. Ендігі әңгімесі әдебиетке өзінен-өзі көшіп жүре берді. Көркем шығармадағы кейіпкерлердің тілдік ерекшелігі, ақын-жазушының тіл кестесінің байлығы туралы бірқауым уақыт талдай, таразылай көсіле бір айтып кетті. Мұндай дәрісті әңгіме әдебиет деп жүрген біздер үшін алтын қазынаның қақпағын ашқанмен бірдей еді. Сұрақ та қоймастан тыңдай бергенім есімде.
Қазекеңнің өте көп оқитыны әрбір сөзінен, жазған дүниелерінен белгілі боп тұратын. Және де әрбір ұшырасқанымызда "Не оқып жүрсің?" деген бір сұрауынан еш танған емес. Өздерінен кейінгі толқын боп жүрген маған сенім артты ма, әйтеуір жанына жақын тартқысы келетінін сезетінмін. Ағаға ұқсап әдемі өлеңдер жазсам деп арман құшағында болатынмын.
1982 жылы Қызылорда облысының жергілікті жердегі ақын-жазушыларының "Дария жыры" атты ұжымдық жинағы жарық көрді. Ол жылдары тек астанада ғана бар баспалардан кітап шығару деген қиындығы мол шаруа. Аймақтарда тұратындардың орындалмас арманы десе де болады. Сол шағын жинақ облыс мәдениетіндегі үлкен оқиға болды. Жинаққа ең жас автор боп, Аралда жүрген менің де бірнеше өлеңдерім енді. Кейін білгенім, мені сырбойылық талантты авторлардың қатарына қостырып жіберген Қази ағам екен. Оның осындай ағалық жанашырлығы әр кезде байқалып жүрді.
Бірде беріде аудандық "Толқын" газетінің редакциясына бас сұққанмын. Онда, әрине, көбіне көп ақын ағам Толыбай Абылаевқа барамын. Сол жолы барғанымда, анау-мынауға көп елпілдей бермейтін Төкең бір тамсанып отыр екен.
–Ой, Егор Иванович-ай! (мені кейде осылай атауына әбден құлақ үйренген), кеше келмегеніңді қарашы! Қызылордадан Қази келген! Әңгімесін құмарың қанғанша бір тыңдайтын едің-ау! Қазекеңнің өзі де, сөзі де бөлек қой, бөлек. Армансыз тыңдап, бір рақаттанып қалдым... – деп, кешегі сұхбаттың сүрлеуінен әлі шыға алмағандай бетіне қызыл шырай жүгіріп, сілкініп қойды. Сосын екеуінің әдемі өрілген әңгімелерінің ұзын сұлбасын бір шолып, айызы қанғандай келбет танытты.
Айтса айтқандай-ақ, ақындығын, жазушылығын бері қойғанда, облыстық "Сыр бойы" газетінің беттерінде Қази Данабаевтың аймағымызда жаңа қарқынмен өркендей бастаған мұнай өндірісі, басқа да әлеуметтік, руханияттық тақырыптарында жазған проблемалық көлемді-көлемді мақалалар сериясы оқырмандарының көкейінен шығып жүрген. Іркес-тіркес, бірінің өкшесін басып бірі шыққан аталмыш мақалалары арқылы журналист аға өзінің азаматтық үнін, интеллектуалдық деңгейін, өресінің биік екенін баршаға айқара көрсеткен. Сыр журналистикасында тың құбылыс болды десек жаңылыспаспыз.
Бертініректе Қазекеңнің ауырып жүргенін естідік. Ұзамай жарық дүниеден тым мезгілсіз кетті. Шығармашылық қарымының шиыршық атып, шарықтап тұрған кезі-ақ еді... Өмірінің соңғы жылдарында жазған ғажайып өлеңдері облыстық "Сыр бойы" газетіне топтама болып шыққан. Тағы да тамсандық. Қайта-қайта оқыдық. Өлеңдеріндегі жаңа леп, биік те асқақ пафосқа, ет-жүрегі елжіреген елжандылыққа шексіз тамсандық.
Өткен ғасырдың 70-жылдары бұрқыратып, арындатып жақсы өлеңдер жазған Қазекең кейін парасатты, пайымды прозаға басы бүтін ден қойған. Замандас бейнесін жан-жақты көрсеткен әңгіме, повестері бірінен соң бірі жарияланып, республикалық әдеби бәйгелерден жүлделер алып жүрді. Қазақ әдебиетінің айналасындағыларды дарынды прозаик ретінде мойындатқан-тын.
Қайсар да жасампаз жанына қылау жолатпай, таза ұстаған Қази аға арқалы ақындығынан еш айнымаған екен. Соңғы топтамасында:
Ақ сарайың тартатын көз алыстан,
Ақ сәулелі әлемге тарап ұшқан.
Мен болмасам болмаспын,
Сен аман бол!
Жаһандағы жалғызым – Қазақстан! – деп, мәңгілікпен үндес рухын асқақтата бүкіл Алаш жұртымен кеудесін тік ұстап тұрып қоштасыпты. Осы бір өлеңі туралы белгілі ғалым, сыншы Құлбек Ергөбек "Қазақ әдебиеті" газетінде көлемді мақала жариялап, оның тамаша ақындық болмысын, талант табиғатының қиюлы ерекшелігін айқындап берді.
Иә, сезімі селдей ағынды көрнекті ақын, қара сөздің майын тамызған ғажайып жазушы, қаламы жүйрік жалынды журналист Қази Данабаевтың артында қалған әдеби мұрасы – "Гүлдәурен", "Қыран қия", "Шоңтөбе, Шотай. Балдәурен", "Қазанбай", "Философ", "Азалы күн", тағы да басқа көптеген құнды да көркем туындылары – әдебиет әлемінде өзіндік орны бар ерекше дүниелер. Қази ағаның бар-бар шығармаларынан адамдарға деген мейір-шапағатын, жомарт жүректің дүрсілін танисың. Білімпаз, ғалым замандасы Қ.Ергөбек дөп басып жазғандай, ол "өлеңімен өзіне ескерткіш орнатып кеткен...". Сыршыл әлемімен оқырмандарын өзіне іңкәр етіп үйірген қаламгерге деген мәңгілік сағыныш бізде ғана емес, көптеген жүректерде бүлк-бүлк етіп соғып жүр...
Ерғали АБДУЛЛА,
жазушы-журналист
07 наурыз 2021 ж. 574 0