Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көпшілік көрісу күнінен не күтеді?

Көпшілік көрісу күнінен не күтеді?

Иә, дәстүрімізді, өткенімізді жаңғыртудың бір көрінісіне айналған амал мерекесінің қадірі осында. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деп том-том тарихтың қазақ халқы үшін алатын орнын айқындаудан бастауы тегін емес. Бүгінгі біздің айтпағымыз «Амал мерекесі» де ұлт үшін ұлықтауға лайық дәстүр.Амал мерекесі ел ішінде «Көрісу күні» деп те аталады. Жалпы, бұл мереке бастауын сан мыңдаған ғасырлардан алатын, бүгінде еліміздің батыс өңірінде сақталып қалған дәстүр десек те болады. Шартты түрде наурыздың 14-і – «Көрісу күні» Наурыз мейрамын қарсы алудың басы делінеді халық арасында.
Ал Амал мерекесінің шығу тарихы жайында төмендегі мына бір дерек жұртшылыққа жақын таныс. Наурызды Нұқ пайғамбардың заманымен байланыстырады. Жер бетін топан су басқан оқиға оқырманның бәріне де белгілі. Нұқтың жанында Құдайға сенген сексен адам бар, үш ұл, үш келіні бар алты ай он күн су бетінде қалқып жүріп, өлдік-талдық дегенде Қазығұрт тауының ұшар басына тоқтапты дейді. Біреуі ата-анасынан, біреуі баласынан айырылған, уайым-қайғы басқан ел осы жерде жан арашалайды. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Нұқтың әңгімесін баяндай келе: «Кеменің Қазығұрттың басына тоқтаған күн қасиетті Мұхарам айының оны екен, жұлдыз есебімен санағанда күннің Хамалдың бірінші уәжібіне кірген күні» дейді. Арабтың календары ай есебіне негізделгеннен кейін, ылғи да өзгеріп отырады, дегенмен Мұхарам айы оларда қасиетті ай, жылдың басы деп құрметке ие, ал жұлдыз есебімен санасақ Хамал қазіргі уақытта Тоқты аталады және наурызға сәйкес келеді. Осы себепті қазақ жерінің батыс аймақтарында Наурызды «Амал мерекесі» деп те атайды, «Амал» дегені «Хамалдан» шығады екен.
Міне, содан бері осынау күнді ұлықтап, мерекеге ұластырған бүгінгі халқымыз ерте тұрып, жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-қолаң бір-біріне «Жасың құтты болсын», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай» деген тілектерін айтады. Өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады. Халқымыздың дәстүріне сай үлкенге деген құрметін білдіріп, ақ батасын алады. Бұл айдың соңына дейін жалғасады. «Амал келді – Жыл келді!» деп бір-бірін құттықтап, бір дастарқанда дәм татып, ескі жылдан жаңа жылға аман-есен жеткеніне қуанғаны да ұлттың бірлігін, тұтастығын бейнелейтіні белгілі.
Тарихшы, этнолог Жамбыл Артықбаев Наурыз тойындағы «Көрісу» рәсімі туралы:
– «Көрісу» – қазақтың Наурыз мейрамының негізгі салтының бірі. Кеңес заманында әбден ұмытылып барып, жаңа жанданып жатыр. Қазаққа қыс мезгілі қашанда ауыр болған, тіпті ертеде түгелге жуық Сырдың бойынан бастап Жиделі Байсынға дейінгі аймақта қыстап отырғанда да қиналса керек. Себебі қыс қытымыр болып жатса, мал ашығады, кейде көктемге қарай жаңбыр ерте жауып, не қар еріп барып қайта қатып, жұт басталып кетеді. Көтерем мал қырыла бастайды. Мал ашуы – жан ашуы, қыс-қамытта бір жерден екінші жерге көшіп, не малын алысқа айдап, жайылымға бола дауласып бір-бірімен араздасып, елдің есі шығады. Оның үстіне, малдың пайдасына бола қазақ шаруашылықтары бір-бірінен қыс кезінде алыстау отырады, себебі қыста да жайылым керек, ол уақытта қазақ шөп-азық дайындамайды. Осындай қиындықтардан шыққаннан кейін Наурызды қазақ қуанып қарсы алмағанда, кім қарсы алады? Наурызға қазақ қуанбағанда, кім қуанады? Көрісу де осыған байланысты шыққан. Қыс бойы бір-бірінің өлі-тірісін біле алмай сағынған елдің жасайтын жоралғысы. Бір-бірін құшақтап, кейде өлгендерін жоқтап, кейде тірі қалғанына шүкірлік айтып көріседі, – деген екен.
«Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп ақжарылқап сәтте төс түйістіріп, құшақ айқастыра көрісіп, сағына сәлемдескен Алаш жұрты үшін Ұлыс деген көне түркі сөзі Жаңа жыл деген мағынаны, сонымен бірге ел деген мәнді де қатар беруі бекер емес. Ұлы Абай «Сонымен, бұлар өзін-өзі де, өзге жұрттар да қазақ атап кетіпті, бұрын өздерін «ұлыс» дейді екен де, жүре береді екен. Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен» деп жазуы көп сырды аңғартады. Ал Шәкәрім Құдайбердиевтің баласы Ахаттың «он төртінші март күні әкем бүгін – ескіше бірінші март, қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні. Бұрынғы аты – Наурыз. Парсы тілі Жаңа күн деген сөз деп айтқаны есімде» деген екен. Мұндай мысалдардан біз тек батыс өңірінің қазақтары ғана емес, шығыстағы жұртымыздың кейбір аумағы Жаңа жылды 14 наурызда қарсы алғанын біле аламыз. Сол абыз Шәкәрімнің Наурыз туралы елден жазып алған бір өлеңі былай:
Ұлыс күні кәрі-жас,
Құшақтасып, көріскен.
Жаңа ағытқан қозыдай
Жамырасып өріскен.
Ақынның құшақтасу мен көрісу деген жыр жолдары да Амал мерекесінің қаншалықты құнды екенін бейнелеп тұр.
Расында, бұл мереке тек батыс өңірлерінде ғана емес, көршілес Ресейдің Астрахань, Саратов, Орынбор, Қарақалпақстанның жерінде қазақтар көп қоныстанған аумақтарда да тойланады. Деректерге сүйенсек, Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша шыққан деп көрсетеді. Сондай-ақ парсы математиті, астроном, ақын, философ Омар Хайямның күнтізбесінде Жаңа жыл наурыздың 14-інен басталатындығы да айтылады.
Иә, бұл – ұлттың мерекесі, халықтық деңгейде аталып өтуге лайық дәстүр. Сондықтан мерекенің маңыздылығы мен ерекшелігін әр шаңырақтың үлкендері жастарға айтып, насихаттап отыруы қажет-ақ. Сондықтан ізгілікке толы амал мерекесі өткеніміз бен бүгінімізді жалғап қана қоймай, елдің болашағына салып кеткен тәрбие баспалдағы екенін есте сақтайық.

Дайындаған Оңталап ЖОЛДАСОВ
13 наурыз 2021 ж. 883 0