Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қақырық (деректі детектив)

Қақырық (деректі детектив)

Жолда
1988 жылдың 11 шілдесінде таңертең жолаушылар автобусымен Қамбаш ауылында тұратын ата-анасына сәлем беріп қайту үшін демалыс күнді пайдаланып, аудан орталығынан жолға шыққан МАИ қызметкері Арал ауданына қарасты Сапақ ауылының тұсынан өте бере, Самара-Ташкент трассасы шетінде «Жигули» жеңіл көлігінің тұрғанын көрді.
Ол кезде бүгінгідей Батыс Еуропа-Батыс Қытай секілді теп-тегіс, даңғыл асфальт жол да, жүйткіген қарасы қалың көліктер де жоқ. Әр жері ойық-ойық, шұрық-тесік, күйі тайған жол болғандықтан, көліктер де көп көріне бермейді.
Күн көзі арқан бойы көтеріліп кетсе де, жолда қиястау тұрған әлгі «Жигулидің» орнынан қозғалар түрі жоқ. Жанында қыбыр еткен бірде-бір жан көрінбейді. Сырттан қарағанда мұның бәрі күдік тудырады.
Қызмет барысында әр жағдайға сезіктеніп, күмәнмен қарауға дағдыланған МАИ қызметкері дереу автобусты тоқтатып, аса сақтықпен көлікке жақындады. Терезеден ішке үңілсе...сұмдық! Кескін-келбеті еуропалыққа ұқсайтын бір жігіттің оң жақ шекесінен қан сорғалап, көліктің алдыңғы жағына басын ұрған күйі ес-түссіз жатыр. Қан іздері көлік ішін былғап тастапты. Оның үстіне, терезенің сынықтары жайрап жатыр. Тамырын ұстап көрген еді, жігіт о дүниелік болып кеткен екен. Қанның қою болып қатып қалғанына қарағанда, оқиға түнде болғанға ұқсайды.
МАИ қызметкері бұл жайтты дереу аудан орталығына хабарлады. Содан көп ұзамай оқиға орнына жеткен қылмыстық жедел-іздестіру тобы бірден тінту, зерттеу жұмыстарын бастап кетті. Істің тергеп-тексерілуіне Арал аудандық ішкі істер бөлімі бастығының оперативтік істер жөніндегі орынбасары Жарымбетов Әйтеке Әбибуллаұлы жауапты болды.
Куәгер ретінде МАИ қызметкерінен жауап алынды. Оқиға болған жер қоршалып, көлікті қарау жүргізілді. Құжаттар, ақша мен бағалы заттар табылмады. Мәйіттегі қан іздері сараптамаға алынды. Жігіттің денесінде азаптау, көгеру белгілері жоқ. Бірақ, оң жақ шекесінен ауыр жарақат алғаны байқалады.
Алдын ала болжамдар да айтылды. Шамамен түнде болған оқиға. Жол апатына ұқсамайды. Өйткені, алдыңғы жағындағы оң жақ терезесінің сынғаны болмаса, көлікке айтарлықтай зақым келмеген. Соған қарағанда, терезені сындыра отырып, жігіттің оң жақ шекесінен ауыр затпен ұрған.
Тінту жұмыстарын жалғастыра келе, Арал қаласынан едәуір жерден тағы бір еуропалыққа ұқсайтын жігіттің өлі денесі табылды. Жігіттің қарағұс тұсынан ауыр жарақат алғаны анықталып, қан іздері сараптамаға алынды.
Әйтеке Жарымбетов екі оқиғаны бір-бірімен байланысты деп болжады. Өйткені, мәйіттердің кескін-келбеттері ұқсайды. Жарақат алған уақыттары да шамалас. Әрі екеуін де ауыр затпен ұрған.
Сірә, қылмыскер көліктің оң жақ қапталынан шығып, терезені сындыра отырып, біреуін ауыр затпен ұрған, ал рөлде отырған жігіт бірден қаша жөнелген-ау! Қылмыскер көліктен шыға қашқан екінші жігіттің соңынан қуып жетіп ұрды ма екен?! Әлде қылмыскерлер бірнешеу болғаны ма?! Мақсаттары қандай?! Өзара таныс болып, бір нәрсеге келісе алмады ма?! Мүмкін, жолда кетіп бара жатқан көлікті тоқтатып, жергілікті қарақшылар шабуыл жасады ма екен?!
Милиция полковнигі Әйтеке Жарымбетов осылайша сан мыңдаған сұрақтарды арқалап, материалдарды жинақтап, аудан орталығына қарай тартты.
Көп күттірмей сараптама қорытындылары да белгілі болды. Табылған мәйіттердің көрші Ресейдің Саратов облысының тұрғындары – ағайынды Святухалар екендігі анықталды. Олардың ауыр жарақаттан қаза тапқандары да нақтыланды. Жарақат іздеріне жасалған сараптамадан ағайындыларды балта немесе соған ұқсас ауыр затпен ұрған деп болжанды.
Әйтеке Жарымбетов жедел-іздестіру тобына басшылық ете отырып, енді қылмыскерлерді анықтауға көшті. Көліктен, мәйіттерден басқа адамдардың саусақ, қан және басқа да іздері табылмады. Ешқандай айғақ қалдырмай кетіпті. Соған қарағанда, әбден әккі болып алған қылмыскерлер-ау!
Бұрын болған осыған ұқсас қылмыстар, оларды жасаған қылмыскерлер назарға алынды. Дереу кісі қолынан қаза тапқандардың тұрғылықты жеріне хабарланды. Ол жердегі жедел іздестіру тобы да шұғыл іске кірісті. Алайда, іздестіру жұмыстары нәтиже бермеді. Ешқандай ілік табылмады.
Дегенмен, ағайынды Святухалардың апасының айтуымен жезделері уақытша қамауға алынып, тергеу басталды. Себебі, ағайындылар Алматыға жеңіл көлік сатып алуға жол жүрерде жезделерімен әлденеге келісе алмай, қатты керіскен екен. Қалталарында қомақты ақша да болыпты. Ал, жезделері сол уақыттарда үйден шығып кетіп, бір апта бойы жоғалып кеткен. Тергеу барысында ол қайда және кіммен жүргенін дәлелдей алмады. Оның үстіне, алыс жолдан келгендей шаршаңқы күйде болыпты. Осы жағдайлар ескеріле отырып, Святухалардың жезделері басты күдікті деп танылды.

Суыт хабар

Ағайынды Святухалардың оқыс өлімі біраз уақыт халықтың жанын түршіктіргенімен, бұл оқиғаны ұмыта бастайтындай алты айдың жүзі де өте шықты.
Жұрт әлдеқашан қалыпты жағдайға түсіп, күйбең тіршілік кешіп жатқан 1989 жылдың қаңтар айының бас кезінде таңертеңгі уақытта Арал аудандық ішкі істер бөлімінің кезекшісіне аса суыт хабар келіп түсті.
-Қала шетіндегі Терешкова көшесіндегі үйде қарт кісі мен екі қызды әлдекімдер өлтіріп кетіпті, - деді телефонның арғы жағындағы үрейлі дауыс.
Хабар келісімен милиция полковнигі Әйтеке Жарымбетов бастаған жедел-іздестіру тобы оқиға болған жерге дереу жетті. Тінту-қарау жұмыстары жүргізіліп, жатын бөлмеден қарт кісінің, көрші бөлмеден жасөспірім екі қыздың мәйіттері табылды. Үшеуі де қарағұстарынан ауыр жарақат алғандары байқалады. Уақыттары да шамалас секілді. Оған қоса, үй ішіндегі заттардың шашылғаны, ыдыс салатын, кітап жинайтын шкафтардың ақтарылғаны көрініп тұр. Қылмыскерлер әлдене іздегендей. Себебі, құжаттар орнында. Тек ақша мен бағалы заттар табылмады.
Қарт кісі мен жасөпірім қыздардың қазасы туралы көршілері хабар берген екен. Әйтеке Жарымбетов олардың барлығынан жауап алды. Сөйтіп, қарияның кемпірі қайтыс болғанын, немере қыздарымен бірге тұрып жатқанын, ал баласы мен келіні Алматыға жұмыс істеуге кеткенін анықтады. Қарияның өзі кезінде темір жол саласында қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан екен. Зейнетақысы да қомақты көрінеді.
Әйтеке Жарымбетовтің ойына осыдан алты ай бұрын болған ағайынды Святухалардың оқиғасы сап ете қалды. Өйткені, олар да ауыр затпен ұру салдарынан қаза тапты. Әрі қылмыскерлер Святухаларды да, мына мәйіттерді де басынан, қарағұсынан ұрған. Демек, екі оқиғада да күш қолдану тәсілдері бірдей.
Тағы назар аударарлығы, ағайынды Святухалардың көлік аламыз деп алып шыққан қомақты қаражаттары оқиға орнында қолды болды. Мына қарт кісінің үйінен де ақша табылмай отыр немесе оны қылмыскерлер жымқырып кеткен.
Әйтеке Жарымбетов ішінен: «Осы екі оқиғаның бір-бірімен байланысы бар секілді. Адамдарға күш қолданып, тонаумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топ болды ма?! Не болса да, кәнігі қылмыскерлер-ау! Себебі, ешқандай айғақ қалдырмапты» - деді терең ойға шомған күйі.

Қақырық

Қарт кісінің үйіне қарау жүргізіп, ішкі ойларымен арпалысқан күйі сыртқа шыққан Әйтеке Жарымбетов аула ішінде қар үстінде қатып жатқан адам қақырығын байқап қалды. Жас кезінен түрлі істерге тергеу жүргізіп, әбден көзі ағарған милиция полковнигі қақырықтың туберкулезбен ауыратын адамдікі екенін бірден аңғарды.
Алғашында қаза тапқан қарт кісінікі шығар деп топшылады. Бірақ, ойын өзгертіп, қылмыскерлердікі болуы мүмкін деген жорамалмен қақырыққа сараптама жасату үшін қар үстінен ойып алды.
Жүргізілген сараптама нәтижесінде, қанішерлердің қолынан қаза тапқан қарт кісінің де, жасөспірім қыздардың да туберкулезбен ауырмағаны анықталды. Әрі қақырық қылмыс жасалған уақыт шамасында тасталған деп болжанды. Яғни, қанды қылмысты іске асырып, сыртқа шыққаннан кейін қылмыскерлердің бірі аулаға қақырығын түкіріп кеткен.
Күдік күшейе түсіп, жан-жақты тергеу жоспарлары дайындалды. Сол маңда тұратын бұрын сотталғандар, басқа да арнайы есепте тұратындар сараптамадан өткізілді. Оперативтік шаралар барысында Әйтеке Жарымбетов қылмыс болған жерден табылған қақырық Серікбаев деген туберкулезбен ауыратын жігіттікі екенін, оның қарт кісі мен жасөспірім қыздар қаза тапқан үйдің көшесінде тұратынын анықтады. Оған қоса, ел ішіндегі әңгімелерден Серікбаевтың арбаға таңылған, жүре алмайтын мүгедек адам екені белгілі болды.
«Серікбаев қарт кісімен бір көшеде тұрып жатса да, ауыр қылмысқа барғаны ма? Мүгедек болса, оқиға болған жерде қақырығы қайдан жүр? Әлде арбамен жүріп қылмысқа қатысқан ба?!».
Әйтеке Жарымбетов тағы да болжамын жасай бастады. Қақырық табылуына байланысты Серікбаевты қамауға алса, қылмыс толық ашылмайтын түрі бар. Ол тергеу сұрақтарынан жалтарып, қылмысқа қатыстылығын мойындамай, сыбайластары туралы да айтпауы мүмкін. Өйткені, бұл жерде бір емес, бірнеше қылмыскердің бар екені белгілі болып қалды. Оның үстіне, ағайынды Святухалардың да ісіне қатысы бар секілді. Демек, айлаға көшпеске амал жоқ.

Елес

Милиция полковнигі Әйтеке Жарымбетов ерінбей-жалықпай, бүкіл облыс бойынша іздеуде жүрген қылмыскерлер туралы хабарламаларды зерделеп қарап отырып, Сырдария аудандық Ішкі істер бөлімінен келген хатқа көңіл аударды. Ол мал ұрлығы және тонау қылмыстарына сезікті ретінде Арал ауданының тұрғыны Есмаханов дегенді ұстау жөніндегі хабарлама екен.
Мәтіндегі «ұрлық, тонау» деген жолдарды оқып, Әйтеке Жарымбетов бір сәтке ойналып қалды. Өйткені, бұл адамды ұрлықпен айналысады дегенді сыртынан еміс-еміс еститін. Бірақ, аудан бойынша нақты Есмаханов қатысқан немесе күдікті болған қылмыс орын алмапты. Соған қарағанда, сырт жақтардың малдарын ұрлап, тонаумен айналысатын шығар! Қашып жүріп, Арал жаққа да келіп, тағы қылмысқа баруы мүмкін ғой!
Милиция полковнигі қылмысты ашуға ілік табылып қалар деген оймен енді Есмаханов туралы ақпараттарды іздестіруге көшті.
Жедел-іздестіру тобымен бірлесе отырып, Әйтеке Жарымбетов Есмхановтың Арал қаласы Гагарин көшесінің тұрғыны болып тіркелгенін, қазір қайда жүргені белгісіз екенін, ал қарт кісі мен жасөспірім қыздар қаза тапқан үйдің көшесінде оның інісі тұратынын анықтады.
«Есмаханов мал ұрлығы, тонау қылмыстарымен айналысса, оның көздегені ақша, пайда табу болып отыр. Адамдарға күш қолданып, қарақшылықпен де айналысатын шығар, кім білсін?! Ал, қанды оқиға болған көшеде оның інісі тұратын болса, ол қарт кісінің дәрменсіз екенін, үйінде ересек жігіттердің жоқтығын, жасөспірім немере қыздарымен тұратынын алдын ала білген. Қылмыс болған жерден Серікбаевтың қақырығы табылғанына қарағанда, қылмысты екеуі бірлесіп жасаған болуы мүмкін!» - деді Әйтеке Жарымбетов.
Бір-бірімен жанаса байланысқан деректерден осылай тұжырым жасаған милиция полковнигі қайтадан Серікбаев туралы ақпараттарды жинақтай бастады. Сөйтіп, халық ішіндегі әңгімелерден мүгедек арбасына таңылған Серікбаевтың елес секілді түнделетіп анда-санда көзге көрініп қалатынын анықтады. Тіпті, Серікбаевтың үйінде телефоны бар екені де белгілі болды. Осылайша, сезік қайта күшейе түсті.
Мұндай ілікті қалт жібермейтін Әйтеке Жарымбетов жедел-іздестіру тобының мүшелерімен ақылдаса отырып, ертеңіне паспорт режимін тексеруді сылтауратып, басқа тұрғындармен қатар, Серікбаевтың да үйіне барып, оның халін сұраған болып сөйлесіп отырып, керуетіне арнайы құрылғыны орнатып кетті. Сөйтіп, елестің сырын ашуға біртабан жақындай түсті.

Құрылғы

Кешке қарай құрылғы іске қосылды. Серікбаев әлдекімге телефон шалды.
-Ал-ло! Аға, біздің үйді менттер торуылдай бастады-ау! Бүгін тергеуші Әйтеке Жарымбетов паспорт режимі бойынша келіп, тексеру жүргізіп кетті.
-Сен ештеңе сездірген жоқсың ба?!
-Жоқ!
-Сездірме! Біздікі өте ауыр қылмыс! Әсіресе, ана екі қыздың шыңғырғаны құлақтан кетер емес!
-Мен де дұрыс ұйықтай алмай жүрмін.
-Ештеңе етпейді. Ана екі орыс та ұмытылды ғой!
-Жақсы, жарайды...
-Хабар өзімнен болады. Сенің үйіңе әзір жоламай, тығыла тұрамын...
Телефон байланысы үзіліп кетті.
Әйтеке Жарымбетовтың ішкі түйсігі алдамапты. Осылайша, кішкентай құрылғының арқасында өте ауыр қылмыс туралы ақпараттар таспаға жазылып алынды.
Екі күн бойы құрылғыны тыңдауды жалғастырған милиция полковнигі Серікбаевтың «аға» деп отырғаны Есхаманов екенін, осы қылмысқа қатысты тағы Сатпаев дегеннің де бар екенін анықтады. Енді қылмыскерлерді құрықтау ғана қалды.

Жаманның жаны тәтті

Екі күннен соң, Серікбаевты ұстау туралы шешім қабылданып, таңертеңгі сағат жетілерде жедел топ үйіне сау етіп кіріп келді.
Орнынан тұра алмайтын кейіпте жатқан Серікбаев әлденені сезгендей орнынан атып тұрды да, сылқ етіп отыра кетті. Аяқ-қолы да өзіне ырық бермей, қалтырай жөнелді. Мойны салбыраған күйі, басын көтере алар емес.
Әйтеке Жарымбетовтың сұрағына алғашында жауап бермей, бұлтарғысы келді.
-Туберкулезбен ауырады екенсің. Қақырығыңды қарт кісінің үйінің ауласынан таптық, - деді Жарымбетов.
Серікбаевтың маңдайынан тері бұрқ ете қалды.
-Басқасын былай қойғанда, екі қыршын қыздың шырқырағанына қалай шыдап тұрдыңдар?! – деді қарқынын күшейте түскен Әйтеке Жарымбетов.
«Екі қыршын қыз» дегенде, Серікбаев басын көтеріп алды да, қайтадан сылқ етіп, мұрнының астынан міңгірлей бастады.
-Білмеймін... Көзім түк көрмей кетті.
-Көзіңе қан толды деген осы!
-Ана жүргінші екі орысты неге өлтірдіңдер?!
-...
Енді Әйтеке Жарымбетов айлаға көшті.
-Егер ана «достарыңды» ұстап беруге көмектессең...
Милиция полковнигі сөзін аяқтап үлгермеді.
Серікбаев жыламсырай бастады. Шыбын жанын аман қалдырса, тергеуге көмектесетініп айтып жалбарынды. Сол жерде оқиғаның қалай болғанын, кімдер қатысқанын айтып берді. Бірақ, сыбайластарының қазір қайда жасырынып жүргенін білмейтінін айтты.

Қуысқа тығылған «сұр жыландар»

Анықталған жағдайлар бойынша Әйтеке Жарымбетов қайтадан жаңа жоспар әзірледі. Яғни, Серікбаевты үйінде қалдырып, телефон байланыстарын тыңдау арқылы сыбайластарының жасырынып жатқан жерін анықтау туралы шешім қабылдады.
Сөйтіп, Серікбаевқа сырттай бақылау жасалып, ертеңіне Есмахановтың жатқан жері туралы мәлімет алынды.
Есмахановтың жасырынған жері зиратқа жақын жердегі шатыры биік үй екен. Күдікті сол шатырдың ішіне тығылыпты. Шатыр деген аты болмаса, қонуға жайлы, ыңғайлы. Азық-түлікті үшінші күдікті әкеліп отырса керек. Әйтеуір, жағдайлары жаман емес көрінеді.
Әйтеке Жарымбетовтың ұйымдастыруымен жедел-іздестіру тобы қолайлы сәтті аңдып отырып, Есмаханов пен Сатпаевты шатыр ішінде ұстады. Көп ұзамай қылмысты ашуға себепші болған Серікбаев та қамауға алынды.
Тергеу барысында күдіктілер жасаған қылмыстарын толықтай мойындады. Қарт кісі мен жасөспірім қыздарға қатысты қылмысты ұйымдастырушы Есмаханов екенін, Сатпаев пен Серікбаев орындаушы болғанын, қарт кісінің үйінде қарулы жігіттердің жоқтығын біліп алып, ақша, дүние-мүлкін тонауды көп уақыттан бері көздеп келіп, түнде есіктерді бұзу арқылы ұрланып кіріп, ұйықтап жатқан қарт кісіні Есмахановтың, ал қыздарды Серікбаев пен Сатпаевтың ұрып өлтіргенін айтып берді. Сөйтіп, олар үйдегі ақша мен бағалы заттарды алып кеткен.
Серікбаев үйден шыға бере жөтел қысып, асығып тұрып қақырық қалдырып кеткенін, сыртқы көзге күдік тудырмау үшін мүгедектер арбасына таңылған, жүре алмайтын адамның кейпін танытқанын мойындады.
Сонымен бірге, үш қылмыскер 1988 жылдың 11 шілдесінде трасса бойында ағайынды Святухаларды да дәл осылай балтамен ұрып өлтіргендерін мойындады. Мақсаттары ақша, бағалы заттарды тонау болғандарын жеткізді.
Бұл жайлы дереу Саратов облысына хабарланып, уақытша қамауда отырған Святухалардың жезделері босатылды.

Жолдағы қанды оқиғаның шешуі

Сол 1988 жылдың 11 шілдесінің түнінде ай жарық болды. Түн демесең, айнала тегіс көрінетін еді. Есмаханов, Серікбаев және Сатпаевтың жоспарлары екеу болды. Мал ұрлау немесе адам тонау.
Қаланың шетінен тасалап өтіп, біраз жер ілгері жүргеннен соң, жол шетінде тоқтап тұрған «Жигули» жеңіл көлігін көздері шалады.
Әуелгіде кісі өлтіру ойларында болмаған. Жайлап көлікке жақындайды. Ішке үңілсе, екі адам ұйықтап жатыр екен. Шамасы, тынығып алайық деп алаңсыз ұйықтаса керек.
Бұлар жедел ойласып алып, Сатпаев көліктің оң жақ қапталынан келіп, шалт қимылмен терезені сындыра отырып, шырт ұйқыда жатқан жігіттің оң жақ шекесінен бар күшімен балтамен қойып қалады. Марқұм сол жерде тіл тартпай кеткен. Оқыс дауыстан шошып оянған екінші жігіт есікті ашып қаша жөнеледі. Есмаханов ізінен қуып жетіп, оны да қарағұстан ұрып өлтіреді. Серікбаев көліктің ішіне кіріп, ағайынды жігіттердің ақшасын алып шығады. Қолдарына арнайы қолғап киген олар ешбір айғақ қалдырмай кетеді.
Қылмыстық жоспарларын іске асырған үшеуі жолсызбен Аралға қарай бет алады. Жел соғып, құм суырған түнде бұлардың іздерін құм басып, жасырып тастайды.

Сөз соңы

Тергеу жұмыстары жан-жақты жүргізіліп, қылмыстық іс сотқа дейін жетіп, Есмаханов бұрынғы қылмыстары үшін де қоса айыпталып, қоғамға аса қауіпті қылмыскер деп танылды. Сөйтіп, сот оны бас бостандығынан өмір бойына айыра отырып, қатаң режимдегі колониядағы жазасын өтеуге үкім етті.
Серікбаев пен Сатпаев та адам өлтіру, тонау қылмыстары бойынша айыпты деп танылып, олар да өмір бойына бас бостандықтарынан айыруға жазаланды.
Бұл оқиғалардан кейін «Жамандықта – тек жоқ, жауыздықта – шек жоқ», - деген даналықтың ақиқаттылығына халықтың көзі жетті.
Ал, аса ауыр қылмыстардың ашылуына тікелей себепші болған Арал аудандық ішкі істер бөлімі бастығының оперативтік істер жөніндегі орынбасары Әйтеке Жарымбетовтың атағы нағыз із кесуші ретінде жер-көкті шарлап кетті. Оның есімі ел есінде қақырық арқылы бес адамның өмірін қиған аса қауіпті қылмыскерлерді ұстаған, тұйыққа тірелген қылмысты ашқан, ішкі түйсігі мен тәжірибесі қатар ұштасқан мықты тергеуші ретінде қалды.


Нұргүл НҰРБАЙҚЫЗЫ,
Қызылорда облысы
Байқоңыр қалалық сотының жетекші маманы.







01 сәуір 2021 ж. 475 0