Әскер – өмір мектебі
Әскер – өмір мектебі. Барып келгендердің пікірінше, азаматтың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, тәртіпке салатын, Отанына, отбасы мен туған-туысқандарына деген сүйіспеншілігін арттыратын өмір мектебі. Осы мектеп майданында шыңдалып, жауапкершілікті сезініп жүрген азаматтар бүгінде қоғамның түрлі саласында еңбек етіп, отбасы мен мемлекеттің жанашырларына айналуда. Тіпті өмірін осы әскери саламен байланыстырған ер-азаматтар қаншама?! «Армия – мемлекет қуаты» десек, сол сапта жүріп, өз өмірін оң өзгерістермен ұштастырып, жетістікке жетіп жатқандары да жетерлік. Сондай мүмкіндіктердің барын біле тұра, бозбаланы жігіт, жігітті жауынгер ететін әскери өмірден қазіргі жастардың дені неге қашқақтайды? Әлде қазіргі қазақ армиясының біз біле бермейтін басқа да қырлары мен сырлары бар ма?! Барып келгендер не дейді? Бармағандарды бақылауға алып, әскери өмірге жолдама беретін құзырлы мекемелер не дейді бұл жөнінде?
Қарулы күштер – мемлекет қуаты
Қазақстан Армиясы Елбасы Н.Назарбаевтың 1992 жылғы 7 мамырдағы Жарлығымен құрылды. Содан бері ел қорғанысын мүлтіксіз қамтамасыз етіп келе жатқан Қазақстан Армиясына 30 жылдай уақыт болып қалыпты. Еліміз әлемдік әскери қуаттылық рейтингінде 62-орында тұр. Бұл біздің әскеріміздің жерге қорған, халыққа қалқан бола алатынын көрсетеді. Ал сол әскери өмірдің алғашқы баспалдағы жер-жерде әскери бөлімшелерден басталады десек қателеспеспіз. Әскери бөлімше деп отырғанымыз әрине аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімшелер. Дәл қазіргі уақытта осы бөлімшелердегі жұмыс қарбалас. Себебі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 5 ақпандағы №503 Жарлығына сәйкес, ел көлемінде мерзімді әскери қызметке сәйкес азаматтарды шақыру және аттандыру жұмыстары басталып та кетті. 2020 жылы еліміз бойынша әскер қатарына 34 мың азамат шақыртылса, биыл да осы көрсеткішті орындау көзделуде. Осы ретте салмақтың барлығы аймақтардағы облыстық және аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдерге түскелі тұр. Әрине жұмыс сол болғандықтан тапсырма орындалады, сенім ақталуға тиіс. Осы бағытта жұмыс істеп жатқан аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөліміне бас сұқтық. Басшысы, майор Бауыржан Жұмаділдаұлы Қуатовтың мәліментінше, 2021 жылдың көктемгі әскерге шақыру науқаны бойынша 80 бала әскер қатарына аттандырылу керек болса, бұл меже шекара қызметі бойынша 111 пайызға орындалған. Қалған Қазақстан Қарулы күштеріне 34 азамат аттандырылмақ.
– Соңғы жылдары азаматтарды көктемгі және күзгі әскерге аттандыру жұмыстары бойынша айтарлықтай нәтижеге қол жетікізіп келе жатырмыз. Мұның барлығы ұдайы қолға алынған жұмыс пен жүктелген жауапкершілікті сезіне білудің арқасында мүмкін болып отыр деп ойлаймын. Бұған дейін кенжелеу қалған қызметті ауданға қарасты ауыл-ауылдарды аралап, осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізудің арқасында жолға қойдық деп ойлаймын. Қазіргі таңда азаматтарды әскер қатарына аттандыру жұмысы бойынша Арал ауданы облыста көш бастап тұр. Соңғы 3-4 жылдықта бұл көрсеткішті сақтай алып келеміз. Мұның барлығы тұтас ұжым мен ауылдарда бізбен байланыса жұмыс істейтін қызметкерлердің арқасында. Негізі, әскери өмірді өткеру мен әскери салада еңбек ету азаматтарды шыңдай түседі. Жалпы алғанда, әскер қатарында болып келген азаматтарға мүмкіндік мол. Олар еліміздегі қайсыбыр құзырлы органдарға физикалық және білімділік тұрғыдан өзін сол салаға лайық екенін дәлелдей алса, жұмысқа тұруға мүмкіндігі ұлғаяды. Өзіміз де бұл қызметке қатардағы жұмысшы болып еңбек етіп, тынымсыз еңбектің арқасында келдік. Қазіргі таңда Қазақстан Армиясы мемлекет үшін ең өзекті саланың біріне айналып отыр. Келісімшарт негізінде әскери салада еңбек ететін барлық азаматқа мемлекет мол мүмкіндіктер мен әлеуметтік қолдауларды қарастырған. Айталық, әскери форма, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуден бөлек, пәтер алғанша пәтерақымен қамтамасыз ету тетіктерін де қарастырған. Сондықтан азаматтар еліміздегі осындай мүмкіндіктерді пайдалана білуі керек деп ойлаймын. Ол үшін алдымен әр азамат әскерге баруы керек, – дейді майор Б.Қуатов.
Кеше мен бүгін
Сонау кеңестік кезеңнен күні кешеге дейін жалғасып келген 2 жылдық әскери өмір еліміздегі орта буын өкілдерінің денін тәрбиелеп шығарды. Одақтас елдердің қайсыбіріне болмасын қажеттілігіне сай әскер қатарына алынған сол азаматтар жастайынан шетел көріп, өзге ортаның өзіндік тәртібі мен тәрбиесін көрді. Нәтижесінде тіл білді, жер көрді. Осы азаматтардың дені еліміздегі қазіргі армияның мерзімі қысқа екенін айтып, ескіні аңсап жатады кейде. Несімен ерекше десеңіз, мәселе сол уақытта сияқты. Олардың пікірінше, 12 айда қатардағы сарбаз ештеңе үйрене алмайды. Сол 24 жылдық әскерге аттанып, Отан алдындағы борышын қазіргі Ресей мемлекеті, Алтай аймағының Барнаул қаласында өткерген Қараша Аманов бүгінгіге қарағанда ол кездің әскери өмірі сәл қиын әрі қатаң болғанын жасырмайды. Оның үстіне, уақыттың ұзақтығы да сынала жүріп, шыңдалуға тәрбиелегенін баса айтуда.
– Мен 1983 жылы осы Аралдан Алтай өлкесі аумағына әскерге аттандым. 2 жылдық әскери өмір бізді әбден шыңдады. Сол сапарда Қазақстаннан 30 бала аттандық. Олардың 15-і Шымкенттен, 15-і осы Аралдан бардық. Бізге ең алдымен қиындық тудырған нәрсе тіл үйрену болды. Бұрын-соңды ауылдан ұзап ешқайда шыға қоймаған ауыл баласы үшін үлкен ортаға топ ете түскенде қиындықтар көп болды. Өзіміз секілді одақтас елдің өзге де республикаларынан келген сарбаздар алғашында бір- бірімізді түсінісе алмай жүрдік. «Ер шекіспей бекіспейді» демекші, бір-бірімізбен түйісіп қалатын кездер де көп болды. Мұндайда ұлттық намыс деген дүниені бірінші кезекке қоятынбыз. Себебі еліңді, жеріңді жамандатып қойып, қарап тұру деген жоқ. Десе де осындай келеңсіздіктерге әскери тәртіп пен сол ортаның қатып қалған қағидалары жол бермейді. Біз осылайша Сібір аймақтарының қаһарлы қысы мен қатаң тәртібінде ширап келгенбіз. Елді сағынсақ та, уақыт болмайынша қайту жоқ. Ел мен жердің, туған ауылымыз бен ағайынның қадіріне сол уақыттарда жете білдік, – дейді Қ.Аманов.
1991 жылы еліміз Тәуелсіздік алған соң, Қазақстанның Қарулы Күштері қайта жасақталып, Президент Жарлығына сәйкес қазақтық қара балалары өз жерін, өз Отанын қорғайтын болды. Ол кезде де жас жігіттерді 2 жылдық әскери өмір күтіп тұрды. Осылайша әскери саланың 2 жылдық мерзімі ХХІ ғасырдың басына дейін жалғасты. Кейін 1 жылдық мерзімге ауысты. Содан бері де талай буын ел шекарасын күзетті, көкте жүріп қырағылық танытты, құрлықтың қалқаны, теңіздің тарланы болды. Бүгінде Атырау қаласындағы теңіз әскерінде қызмет ететін Азамат Әшімов осыдан 10 жыл бұрын еліміздің Петропавл қаласында Отан алдындағы әскери борышын өтеген сарбаз болатын. Елге келген соң әскери өмірден аздап қол үзіп, өзін басқа салада сынап көрді. Десе де өзінің болашағын осы саламен байланыстырған жас сарбаз көп ойланбастан келісімшарт негізінде министрлікке қарасты теңіз әскеріне жұмысқа қабылданды. Қазіргі таңда жасақ командирі. Қарамағына келген сарбаздар мен жаңадан келген сержанттарға жол көрсетеді, жөнге салады.
– Мен 20 жасымда әскер қатарына алындым. Солтүстік өңірде "Ұлттық Ұлан" сапында әскери борышымды өтеп, 2011 жылы туған жерге оралдым. Елге келген соң вахталық әдіспен еңбек етіп, компьютерлік қызметтер атқардым. Десе де бұл жұмыстар мен үшін аса қолайлы бола қоймады. Сөйтіп біржола осы жұмысыма келдім. Қазір отбасылымын. Осы жұмысым арқылы мемлекет әлеуметтік көмектің барлық түрін қарастырып келеді. Әскери киім мен дәрі-дәрмектен бөлек, пәтерақыға дейін мемлекет төлейді. Бұл қазіргі уақытта мен үшін тиімді болып отыр. Қазіргі жастарға айтарым, әскери өмірден қашпау керек. Бұл жақта мүмкіндіктер көп. Өз-өзін жаңа қырынан көрсете білетін жан-жақты жігіттер сатылап өсу арқылы, басшылық қызметтерге дейін көтеріліп, елге қызмет етудің озық үлгісін көрсете алады. Бастысы, ынта мен ерік-жігер керек. Қалғаны тәжірибемен келеді. Қазіргі әскерді қажетсінбеген жастар көп мүмкіндіктен құр қалып жатыр деп ойлаймын. Сондықтан әскери өмірдің дәмін әр жігіт тату керек. Сонда ол өзіне не керек екенін ажырата біледі, – дейді сержат А.Әшімов.
Түйін: Біз қазір қос дәуірдің кешегісі мен бүгінін таным таразысына салып жүрген замандамыз. Кеңестік жүйенің көзін көрген аға буын өз заманының артықшылығын айтып мақтанса, бүгінгі буын тәуелсіз Қазақстанның қазіргі жетістігімен мақтанады. Заңын басшылыққа алады, тәртібін орындайды. Кеңес армиясындағы 2 жылдық әскери мерзімді көрмеген бүгінгі буын үшін әлем елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып қысқартылған 1 жылдық әскери мерзімнің өзінен барлық дүниені ойына тоқып келуде. Біз қалай айтсақ та, әскери өмірдің аты әскери өмір. Оның мектебінде болғандар мен болмағандар үшін ғана айырмашылық айтарлықтай болуы мүмкін. Басқасының барлығы бірдей. Сондықтан жігіт жас күнін құр жібермей, әскер қатарында болуы керек. Бұл түрлі сылтау айтып, әскерден жалтаратын "жатыпішерлерге" сабақ болса дейміз.
Алтынбек БИСЕНОВ