Халық емі де жанға дәру
Көрші ауылдағы өзі қатарлас балалармен бірге ойнап, ойынның қызығына түскен Нұрбол кештің қалай батқанын білмей қалды. Өте шалғай болмаса да жаяу жүргінші үшін бір сағаттан әрі жол жүруге тура келетін екі ауылдың арасын жалғайтын жолмен үйіне қайтуға асықты. Ауылға жетемін дегенше қас қарайып, айдың сәулесі де айналаға толық түсе бастаған болатын. Кенет оң жағында өзіне біреу тесіліп қарағандай болды. Жалт қарады. Алыстаудан бір сұлба қозғалмай тесіле қарап тұр. Жүрісін жылдамдатып ұзағандай болды. Тағы бір көз тастап еді, әлі сол орнында тұрған сұлба көзден ғайып бола қоймапты. Бойын қорқыныш биледі. Енді жүгіруге көшкен ол сол жүгіргеннен тоқтамай, үйдің ішіне асыға кірді. Ентігін баса алмай, қорыққаннан жолда не көргенін жөндеп айтуға тілі келмей күрмеле берді. Бұл қорқыныштың аяғы бірнеше күн түні бойы ұйқысы бұзылып, жиі шошына беруге алып келді. Екі ауылдың арасындағы бақшаның жанына қойылған адам кейіптес "қарға үркітерден" қорыққанын білсе де көңілінде қалған үрей басылар емес.
Міне осы әңгімені естіген соң оқиғаның ақыры қалай аяқталғанын білуге асықтым. Бала кезімізде естіген әр әңгіме көңілімізді аударып тұрады ғой. Әжемнен қайта-қайта сұрап қоймадым. Сонда әжем қорықтық құйған соң тәуір болыпты деп жауап бергені әлі есімде.
Расында таң алдындағы елең-алаң уақыт пен шанқай түс әдетте тәуліктің қолайсыз мезгілдері болып табылады. Бұл жайлы жиі айтылып та жүр. Әсіресе жүкті әйелдер мен кішкентай балалар үшін өте қауіпті. Бұл жайлы көбіміз білеміз. Ал қорықтық деген дүние көпшілікке таңсық болар. Ол жайлы 20 жылдан астам уақыт бойы қорықтық құйып жүрген Құлан Манатова былай дейді.
– Мен мектепті 4 сынпықа дейін ғана оқыдым. одан әрі оқуға мүмкіндік болмады. Қатты ауырдым. Қазақта "қазақы ауру" деген бар ғой. Міне осы ауру өте қиын болды. Ол бір жағынан адам бойындағы ерекше қасиеттердің бірі деп білемін. Маған іштей сездіретін бір күштің барын білдім. Бала күнімнің өзінде жаныма келіп отырған адамның бойында әлде қандай ауруы барын сеземін. Сол ауырған жерін ұстап, уқалау арқылы ол кісі жеңілдеп қалатын. Жалпы осындай қасиеттер бойымда барын білдім. Бақсылық жолға түстім. Қазірде отта тұрған темір қалақты тілмен де жалаймын. Сонау бала кезімнің өзінде кішкентай балалардың таңдай тісін басатынмын. Ал қорықтық құйып жүргеніме қазір 20 жылдан асып барады. Қатты қорқып, шошынып қалған, қорыққаннан ұйқысы қашып, тіпті кекештеніп қалған балалар да, үлкен адамдар да келеді. Нақты қанша адамның ем алғанын анық айта алмаймын. Бірақ өте көп. Кейіннен арнайылап келіп, алғысын айтып кететіндері де бар.
Қорықтық құюда қорғасын қолданамын. Алдымен темір ыдысты ылғалдап сулап аламын. Сосын темір бақырашқа қорғасынды ертемін. Емделуге келген адамды тік отырғызып, әлгі ылғал ыдысты оның басынан 1 қарыстай жоғары ұстап, соған ерітілген қорғасынды құямын. Қорғасынның дауысы да адамды шошытады. Сосын түрлі бейнелер түседі. Мәселен ол түйенің, басқаның, көздің де бейнесі түседі. Міне адамның неден шошынғанын да осыдан білуге болады. Мұны кейде үш рет, кейде одан да көп қайталауға тура келеді.
Жалпы, бұл қасиет қонғандықтан таза жүру керек болады. Барынша тазалықты талап етеді. Себебі аянмен келген дүниені алып жүру өте қиын. Жіңішкеқұмда тұрдым. Ақбайға көшуде де аян берілді. Ақбайға барып мешіт сал деді. Есіктен еңкейіп кіретін еңгезердей екі кісі жиі мазалайтын.
Бұл қасиет кейінгі ұрпаққа да беріледі. Мысалы қазір Арал қаласында қызым тұрады. Ол да біраз уақыт қиналды. Қазір менің жолымды жалғап, ол да қорықтық құйып келеді, – дейді бүгінде 81 жасқа толып отырған әжей.
Иә қорықтық құюдан бойына ем дарып, жүректегі қорқыныш пен шошынудан құтылғандар аз емес. Сондықтан болар, бұл үрдіс көнеден бері келе жатыр. Халық та ұмыта қойған жоқ.
Бірақ бүгінгі қоғамда, техника мен медицинаның дамыған уақытында осы ем түрінің қажеті қанша? Адам жүйкесіне әсер ететін сыртқы әрекеттерден қорықтың көмегінсіз құтылуға болады ма? Жалпы медицина саласының қорықтық құюға деген пікірі қандай? Бұл жайлы Арал аудандық емханасының психологы Дәмегүл Төлегенова төмендегіше пікір білдірді.
– Бүгінде медицинаның науқастарды емдеуде әлеуеті артып келеді. Әсіресе психикалық жағынан қиындыққа ұшыраған науқастарды айықтырудың да жолы көп. Ол әдістер нәтижесімен қуантып келеді. Бірақ қорықтық құюға медицина саласы қарсы пікірде емес. Керісінше ем алушыларға қорықтықтың пайдасы барын білеміз. Қорықтық құюдан сауығып кететіндер көп. Сонымен қатар бір артықшылығы тез арада нәтижесін береді. Бірақ тікелей біздің көмегімізге жүгінетін, психолог мамандардың кеңесін қажет ететіндер медицина саласын таңдайды. Үнемі бізден кеңес алып, жақсы нәтижеге жетіп отырғандар бар. Мысалы 3 жылдан бері менен кеңес алып жүрген 5 пациентім бар. Қазірде толықтай айығып келеді деуге болады. Медицинаның да, халық емінің де көздейтіні адамның денсаулығын жақсарту ғой, – деді.
Иә, расында дертке шипа болатын қорықтық құю жайлы жоғарыдағы пікірлер осындай. Бірақ дәстүрі мен дінін қатар ұстай білген қазақ халқы үшін қорықтық құбдың шариғаттағы шешімі қандай? Бұл ретте бүгінгі қоғамның да пікірі екіге жарылып, ақ пен қараны анық айту мүмкін болмай отыр. Бір ширк(Аллаға серік қосу) деп білсе, енді бірі бұл оймен мүлде келіспейді. Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты екі тараптың да өзінше ой түюі заңдылық. Бірақ ақиқаты қайсы? Бұл жайлы Арал аудандық орталық мешіттің наиб-имамы Нұржан Кеңесханұлы:
– Шариғатта қорықтық құюға үкім шығарылмаған. Бірақ дінімізде пайғамбарымыздан бері келе жатқан және Ислам ғұламаларының хабар берген тәсілдерімен емделу бар нәрсе. Хадис шәрифтерде және әһли сүннет ғұламаларының кітаптарында «мына дұға, мына ауруға шипа болады» немесе «мына аят мынандай сырқатқа ем болады» деп көрсеткен дұғаларынан емделу мақсатында пайдалану өте дұрыс амал. Осындай жолмен емдейтін аузы дұғалы, тақуа кісілерге де барған жақсы болады. Олар аят-дұғаларды оқып өз үстіңізге үрлеуіңізді бұйырады. Көп жағдайларда өзі оқып науқасқа үрлейді. Бұны дем салу дейді және ешбірі дінімізге қайшы емес, – деді.
Түйін:
Рас, балтыры сыздап, жаны қиналған жан әлбетте дертіне шипа болатын жан іздейді. Дәрігер ме, молда ма, әлде бақсы ма? Таңдау өзінде. Дегенмен әр дүниенің байыбына барып, пайдалысына, нәтижелісіне ұмтылсақ, нұр үстіне нұр болары анық.
Оңталап ЖОЛДАСОВ