Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қарамолда атаның кереметі

Қарамолда атаның кереметі

Қазақта «ауру адам сандалады, даулы адам сандалады» деген тірі жанның шек келтіруі екіталай қанатты сөз бар. Сансырап, сандалып басын тауға да, тасқа да ұрып, ел кезіп, жер кезіп бір денсаулықтың ізінде немесе түйіні тарқатылмаған даулы шаруаның ізінде жүруді ақыл-есі дұрыс адам дұшпанына да тілей қоймас.
Қалжан ағамыз Кеңес одағының кезінде құқық қорғау саласында қызмет етті. Туыстық жағынан бізге бірнеше атадан қосылады. Осындай жақындығы болса да кеңестік кезеңдегі құпиялылығы басымдау қауіпсіздік комитетіндегі қызметтің әсері ме, ағайын туыстың тек маңызды басқосуларында ғана төбе көрсетіп кететін. Біздің шаңырағымызға да арагідік қана тіке келіп, тіке кеткенінен байқайтынбыз. Ал, біздер жастау болғасын сұсты бейнесі мен ара-тұра киіп келетін формасынан сескеніп әзер амандасатынбыз. Елге танымал ағамыз қызмет бабымен өзге өңірге қоныс аударғанын естідік. Одан соң тәуелсіздік, тоқырау, «балапан басына, тұрымтай тұсына» деп дүние тірлігімен кәсіп қуып әр тарапқа алаңдап кеттік.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының ортасына таман Ақтөбеге жолым түсті. Барған шаруамды бітіріп, Қазалыға қарай жүретін пойызға билет алып вагон купесінің жоғарысынан бұйырған орныма жайғастым. Күн шығып кетсе де көршілерім ұйқыда екен, сәлден соң ояна бастады. Жоғарғы көршім орыс жігіті екен де, төмендегі кісілер өз қандастарымыз, әкесі мен қызы сияқты. Шамамен жасы менен сәл ғана үлкен әйел адам теріс қарап жатқан шашы күмістей аппақ, бірақ ерекше ұқыптылықпен артына қайырылған үлкен кісіні: «папа, не қыласыз, тұрасыз ба?» деп оятып жатты. Көз қиығымды салып жатқанмын, ақырын ғана бұрылып бірер минут шалқасынан жатып, одан соң қызының көмегімен төсегінің арқалығына сүйеніп шалқалап отырған, бірақ науқас меңдеткенге ұқсайтын келбетті ер адамның түр-тұлғасынан көрмегеніме біраз жыл болған сол баяғы Қалжан ағамыздың болмысын шырамытқандай болдым.

Сөз жоқ, бұл сол кісі еді. Қызы ақырындап демеп сыртқа шығарып алып келіп, шай дайындап берді. Ішіп те жарытқан жоқ, көбіне үнсіз отырды. Өңі қуқыл тартқан, науқасы жанына бататыны байқалады. Мені тікелей танымаса да үнсіз жата бергенді ыңғайсыз көріп төменге түсіп, сәлем бердім. Атамды, әке-шешемді есіне салдым. Біраз уақыт ойланып отырып, жайлап жауап қайтарды. Бір таң қалғаным, жастау кезімде маған бұл кісі қызметтен басқада шаруасы жоқтай көрінсе, әлсін-әлсін демалып отырып айтқан әңгімесінен менің әке-шешемді, әсіресе атамды менен де артық білетінін, ата-тегіміздің шежіресін соншалықты сауатты тарқатып отырғанын тыңдап, қайран қалдым. Тереңнен тін тартпаса да, жағдайына қарап айтқан қысқа-қысқа тағлымды сөздері тыңдаған жанға ой саларлықтай еді.

– Е-е сол кісілердің баласы екенсің ғой, – деп Қалжан аға тағы да терең тыныс алып біраз отырды.

– Әттең-ай, – деді біраздан соң қызы рұқсат сұрап шығып кеткенде сөзін жалғастырып.

– Бәрі де адамның ойлағанындай болса қане, бірақ олай болмайды екен. Балам құралпы болсаң да ер-азаматсың, түсінерсің деп сырымды айтып жатқаным ғой. «Жастық шақ – ақылсыздықтың бір бөлшегі» делінеді екен хадисте. Жастықтың қадірін бағалай алмаппыз.

Оқу бітірдік, қызмет тұтқасын ұстап, сатылап өсе бастадық. Қызмет сондай болды, өзге өңірлерге іссапармен жиі барамыз, салынып кетпесек те ішімдікке көбірек бой алдыратынбыз. Жастықтың желігімен қыз-келіншектерге үйір болдық. Жасым қырықтың үстіне шыққанда әлгі айтып келмейтін, тамақ жүрмейтін аты жаман ауруға тап болдым. Өзім де сезіктеніп жүретінмін, әйеліме ғана айтып анығына көз жеткізу үшін Ресейге тексеріліп қайттым.

Сараптама оң нәтиже көрсеткені аздай дерттің дауасын ішімдікпен басамын деп жүріп уақыт өткізіп алыппын. Шұғыл емделмесе болмайтын болды. Тонның ішкі бауындай араласып жүретін үлкен басшыға оңаша ғана айтып, жағдайымды түсіндірдім де еңбек демалысыма қосып екі ай уақыт алдым. Осы мезгіл ішінде Мәскеудің онкологиялық ғылыми-зерттеу институтында бір жарым айдай ем алдым. Шындығы керек, еш нәтиже болмады, халім ауырлай түсті. Елге құр сүлдерім келді.

Қазақта «Туғаныңды жасырсаң да өлгеніңді қайтесің» деген сөз бар ғой. Сонда да тірі жанның көзіне түскім келмей Байқоңырдағы қарындасымның үйіне орналастым. Жылға бергісіз күндер өтіп жатқанда сол жерде жатып өзім бұрын естіп жүретін Қазалының Қарақұмының шалғай түкпірінде өмір кешіп жатқан елге белгілі Қарамолда атаға баруға аңсарым ауды.

Жақындарым екі күннің ішінде сол кісінің алдына жеткізді. Онсыз да жағдайымды түсінген шығар, мазалап көп нәрсе сұраған жоқ, тамырымды ұстап көрді де ем-домына кірісті. Барған күні кешкісін қолдан жасалған сұйықтықтан зорлаңқырап отырып үш қасығын ішкізді.

Бірнеше күннен бері қара судың өзі өтпей қалған өңешімнен ол өтті. Біраздан бері меңдеп алған ұйқысыздықтан қалай көзім ілінгенін де білмеймін, таң атқанда бір-ақ тұрдым. Алғашында ештеңеге түсінбей біраз жаттым, төбесі тым жақын қазақтың ескі тоқал тамы, қара жерге салынған төсекте жатырмын. Бірақ бойым жеңілдеп қалыпты,аздап шөлдеп жатыр екенмін.

– А-а, балам ояндың ба? – деп сөйлей кірген ақсақалдың даусынан дертпен арпалысқан азапты күндер көз алдымнан бір сәттік елес болып сусып өтті. Атам кешегі берген, бірақ сәл қоймалжыңдау сұйықтығын тағы қайталады. Тағы да көзім ілініп кетіп түс қайта ояндым. Әлі де әлсіз болсам да қарным ашқанын байқадым. Атам соны сезгендей дәмі бөлек жарты кесе сорпа ішкізді. Әлсіреп тағы да ұйықтап кеттім. Кешке оятып емін қайталады, тамақ тұсымды сылап-сипады. Қысқасы,осы ем-домды бір апта қайталап аяғымнан тік тұрғызып шығарып салды.

– Ал балам, міне, Алланың қалауымен дертіңнің беті қайтты, – деді қоштасарда Қарамолда ата бәсең дауыспен. «Саған айтарым, бұрынғы былапыттау өміріңді қайта жалғастыратын болсаң бұл науқас қайталанады. Ол кезде дертіңе дауа іздеп әуреге түспесең де болады».

Екі аптаның ішінде қызметіме қайта оралдым. Құдайдың құдіреті, атаның шерепеті ойымнан кетпей 5 жылдай жүрдім. Содан соң пендешілікке қайта салындым, қызметтің қуыс-қалтарыстары дертіме дауа іздеп шарқ ұрған күндерімнің бәрін ұмыттырды. Уақыт өте берді, зейнетке кештеу, алпыс жасымда шықтым. Қазір – алпыс тоғыздамын, атаның айтқаны аумай-төкпей келді, сол баяғы дерттің жабысқанына алты айдың жүзі болды. Одақ ыдыраса да бұрынғы Кеңес Одағына белгілі профессорларға қаралдым, емдеуден де, ота жасаудан да пайда жоқ екенін айтып шығарып салады.

Осы жолы да араға адам салып, Ресей Қорғаныс Министрлігіне қарасты, қатаң күзетпен кіргізіп-шығаратын әскери госпитальдағы атақты профессорға көрініп келе жатырмын. Көпті көрген профессор ең соңғы технологиянның жабдықтарына салып ұзақ қарады, арасында басын шайқап қояды.

– Өңеш қуысына операцияны қайда жасатып едіңіз? – деді маған бұрылып. Мен түсініңкіремей қайталап сұрап алдым да, ешқандай операция жасатпағанымды айттым, бір жағы таң қалып.

– Сіздің өңеш қуысыңызға қазіргі заман медицинасының мүмкіндігімен сыйыспайтын теңдесі жоқ операция жасалған, бірақ түсінбей тұрғаным мынадай кереметтен кейін науқасыңыз қайталанбауы керек еді. Ендігі жерде сізге Құдайдан өзге ешкім жәрдем бере алмайды, – деп профессор шығарып салды. Мен Қарамолда атаның бір керемет жасағанын ұққандай болдым. Бірақ, бәрі кеш еді, «әттең-ай..» деп бармағымды шайнадым.

Қалжан аға әбден шаршап, демалуға қисайды. Қазалыға жеткенде қоштасып, поездан түсіп қалдым. Арада бір айға жетер-жетпес уақыт өткенде ол кісінің қайтыс болғанын естідік.

Әлімжан ҚИЯС,

Әйтеке би кенті

syrboyi.kz
18 сәуір 2021 ж. 408 0