Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бауыр (әңгіме)

Бауыр (әңгіме)

– Ей, Ерлан, тұрсаңшы! Жұрттың бәрі кетіп қалды... Тұр енді! – Ербол ғой. Мұның ұйқысы ашылар емес. Әкесі мен апасының даусы естілмейді, олардың қайда жүргені. – Ерлан деймін, тұрмасаң үстіңе су құйып жіберемін... Алты қанат киіз үйдің іргесіндегі масаханада жатқан Ерланның жылы төсегінен тұрғысы келмей жатыр. Тәтті ұйқыны қияр емес, көңілі ояу. Ағасының тұрғызбай қоймасы анық. Одан бөтен үй маңында ешкім жоқ па, қалғандары қайда кеткен?
– Ерлан деймін...
Шошып оянды, түсі екен. Жүйрік пойыздың жоғарғы орнында жатқан, ашық терезеден самал соғып тұр. Жаз ортасында ыстық купе ішінде бықынаған жолаушылар арасындағы Ерланның қарсы алдынан сұйық шашын желбіреткен жел ұйқысын ашып, денесін сергітіп жіберді. Пойыз шағын қалаға жақындап қалыпты.
Терезеден айлы аспан астында темір жолған жақын бейіттердің айшығы жарқ-жарқ ете көрінді. Ағасы осы қорымда еді ғой. Оның ерні жыбырлап, күбірлей: «Ағузу билләһи минәш шәйтанир раджим бисмилләһир рахмәнир рахим...» –деп дұға оқып бетін сипады.
Әлгі түсі... Басқаның емес тек Ерболдың кіргені... Сонау бала күнгі қалпы, ысқаяқ қара бозбала, қалың қара шашы тікірейіп тұр. Үстінде жеңі ұзын көнетоз ақ көйлек. Күнге күйіп кетеміз деп сондай көйлек киетін. Құдайым-ау, Ерболдың сол қалпы еш өзгеріссіз түске кіргенін қарай гөр. Мұның да...
Көктем шыға бұлардың үйі Талдыбикеге көшкен, ауылдан қашық емес, он шақырымдай болады. Мұнда бірнеше құдық бар, суы балдай, барлығына жетеді.
Ерланның бастауышты бітіріп, бесіншіге өткен жылы, Ербол оныншыға барады. Үлкендер жылда теңіз жағалауындағы айдарлардан пішен оратын. Әкесі ылғи Ерболды алып кетеді, Ерланды «әлі кішкентайсың» деп ерітпейді. Шөп орудан келген Ерболдың бұларға қыр көрсетіп қоятыны бар. Барлық шаруаны бітірген адамдай онда-мұнда жұмсай береді. Бармасаң, күш көрсетеді, әке-шешесі де:
– Пішенге барып келді, демалсын.
– Айтқанын неге істемейсіңдер? – деп жатқаны.
Биыл теңізден пішен шабылмайды екен, анығы жағалаудан су қашқандықтан шөп шықпай қалған. Әкесінің айтуымен Үлкен көлдің табанынан бұйырғын шабатын болды. Ауылдағы Айтжан, Әбілда ағалардың балалары да барады. Таң ата ұйқыларынан тұрысымен он шақты бала басшысы Ербол болып улап-шулап кетеді. Ерлан, Нариман, Құспан, Амандық оның соңына ереді. Шабатын шөбі үш шақырымдай жерде, қырдан төмен түссе болғаны, жетіп барады. Сыртын киізбен қаптаған құтыларына су, шалап құйып, қолдарына алған. Бұйырғынға дейін ойнап барады, ойнап қайтады.
Қырық күн шілденің алаулаған күні көтеріле ыси бастағанда үйге келіп, түстен кейін, салқын түсе тағы шұбырады. Содан кеугім түсе оралады.
Әкесінің екеуіне шыңдап, қайрап берген кетпені өткір-ақ, қылпып тұр. Бұйырғын адамның басы секілді төбешікте өседі, бұлар шаш сыпырған шаштараздай кетпендерімен сыпырып алады. Шөбі шабылған жер шашы алынған адамдай болып қалады.
Мұнда әмірін жүргізетін Ербол:
– Ана жердің бұйырғынын қалдырмай шабыңдар, – дейді.
Қалдырмай шабады. Әр үйдің өздері белгілеп алған жерлері бар, шекарадан өтуге болмайды.
– Шөпті дестелеу керек, – дейді, айтқанын екі етпейді.
– Он шақтысын қосып үйіп, шөмелейлеу керек, – дейді. Әлгі дестелер үйіліп
жиналады.
Кейде Ерлан ағасының айтқанын істегісі келмейді. «Үнемі ол неге бұйрық бере береді» деген ой қырсықтыққа жетелейді. Ондайда ағасы желкесінен түйіп қояды.
– Үйге барғасын, апама айтам, – дейді бұл.
– Айта бер, өзің неге айтқанды қылмайсың?
– Әкемнің бір-біріңнің айтқаныңды қыл дегені қайда?
– Ал сен неге қылмайсың? Айта бер!
Күнге күйген, қысқа шашы тікірейіп тұратын, қайыстай қара бозбала айтқанынан
қайтпайды. Кешкілік үйге келгесін күндізгінің бәрі ұмытылады. Дөңгелене отырып, апасының дайындаған тамағына бас қойысады. Ерлан әкесіне қанша жинап дестелегенін айтады, әкесі:
– Енді бір-жары күнде шапқандарыңды тасып аламыз, – дейді мейірлене.
– Әне, біздің қолымызды ұзартып, қолғанат болды деген осы, – дейді апасы
қуанышын жасыра алмай.
Үйдегі кішкентайлар Ерланның айтқанын естігенде:
– Шөпке мен де барайыншы...
– Аға, мені де алып кетші.
– Шапқандарыңды жинаймын ғой, – дейтіні бар.
– Сендерге баруға болмайды, – дейді оларға ағасы.
– Келер жылы сендерді де жіберемін, биыл күн ыстық, шөлдеп қаласыңдар, – дейді әкесі.
Сосын ағасы екеуінің алдына ортақол табақпен апасының сүт көжесі келеді.
– Әуелі мұның сұйығын тауысу керек, – дейді Ербол.
Өзі қасығын анда-санда бір салып ішкен болады. Ерлан болса қоюына жету үшін тездете береді. Сәлден соң сүтке тойған бұл көжеге беттемей қалады, бағанадан ағаш қасығын сирек салып отырған Ербол шындап кіріседі. Күні бойы бұйырғын шауып келсе де, барлық бала жиналып сай ішінде жасырынбақ ойнайды. Қараңғы түн тұмшалаған, күллі жануарлар, барша тіршілік тым-тырыс тыныс алып жатқанда бұлардың у-шуы біразға дейін естіліп жатады. Кеш жатқан Ерланның таңертең тұруы қиын.
– Балам, тұрсаңшы, айраныңды дайындап қойдым, – дейді апасы.
– Тұр-тұрдан хабар келсе, ұйқыдан маза кетер, – дейді әкесі.
– Ерлан деймін, тұр енді, – дейді ағасы.
«Осының-ақ ұйқысы жоқ, бәріміз бірге ойнаған едік, қалай ерте тұрады» деп ойлайды Ерлан жылы төсегінде жатып, ағасының ертешілдігіне таңданып.
– Әй, айраныңды ішсейші, – дейді апасы тағы да.
– Түһ, апа, қойшы, ішпеймін...
– Түске дейін қарның ашады ғой.
– Ашпайды, – ұйқысын қимай жатып айтқаны.
– Ал, мен кеттім, өзің келерсің, – ағасының дүрсілдеп жүгіре жөнелгені естіледі.
«Кете берсін, өзім-ақ барамын» дейді бұл ішінен. Ұйқысын әзер ашып, нәр сызбастан ең соңынан Ерлан қозғалады.
Бірде Ерлан шөптен қайтып келе жатып көршінің баласы Шортанбаймен төбелесіп
қалды. Ербол алдыда, ұзаңқырап кеткен. Шортанбай мақтаншақтау, күші жететіндерге зорлық жасауға бейім еді. Ол кеше ғана әкесі бәкімен сыпырып берген жылтырап тұрған басындағы кепкісін жұлып алып, қасындағы балаға лақтырды. Кепкі қатар келе жатқан үш баланың бірінен-біріне көшті.
– Мәссаған, мынаның басына қонған шыбынның шаты айрылады ғой, – деді Шортанбай.
– Кепкімді бер деймін, – деді Ерлан.
– Бермеймін, сонда не қыласың?
– Бермесең, көресің қазір...
– Омай, мынаның күштісін қара!
Шортанбай бас киімін тартып алғанымен қоймай, тақыр шекеден шапалақпен тартып-тартып жіберді. Бойын ыза кернеді, зорлықшымен ұстаса кетті. Бірер жас үлкендігі бар анау мұны топ еткізіп атып ұрды. Жығылған жерінен атып тұрып, тағы ұмтылды, бұл жолы да оңбай құлады. Жыққанымен тұрмай, Шортанбай жалтыр бастан шапалақпен шартылдатты. Алақанның шартылдағаны әйбат естілгендей, басқалар да Ерланды мазақ ете бастады. Кепкіден айырылған ыза, әлі келмегендіктен келген ашу мұның жанарынан жас болып шықты.
– Қазір сені Ерболға айтам...
– Айта бер.
Көзінің жасын жеңімен сүртіп жіберіп:
– Ербол, – деп айқайлады. – Ей, аға!..
Ағасы кілт тоқтап, артына қарады.
– Ей, аға! – деді тағы да.
Ербол бұлардың қасына жүгіріп келді.
– Неге тидің? – деді Шортанбайға.
– Біз ойнап едік...
– Ойнасаң жылатасың ба?
– Өзі ғой ойынды көтермеген.
Ерлан оның бас киімін тартып алғанын, басынан шапалақпен шартылдатқанын айтты.
– Көрсетейін мен саған күштінің қандай екенін, – деп Ербол Шортанбайдың иегінің
астынан қонжитты, анау ұшып түсті.
– Көрсетейін саған шапалақпен шартылдатқанды, – деп ананың басынан жұмырығымен қойып-қойып жіберді.
Ерланға күш көрсетіп, әлдеқандай болған Шортанбай ағасының алдында жым болды, жыларман халдегі оған:
– Үйге барғасын осыны айтып бықсытатын болсаң, бұдан да зорын көрсетемін.
Шортанбайда тіл жоқ, түрі әлем тапырық.
– Айтпаймын, ешкімге айтпаймын, – деді даусы дірілдеп.
Қызық еді, әсіресе, бұлардың кешкілік шөп шабудан қайтқан кездері. Күндіз жер
бетіндегі тіршіліктің баршасын қуырған күн батыс жаққа қырдың арғы бетіне арай шуағын шаша қызара батады. Бұлар бірін-бірі қуады, күліседі, шаршағандарын ұмытып кетеді. Сосын біреуі ән бастайды.
Құстар, құстар сызылтып ән салады.
Сол әнімен тербетеді даланы...
Оған барлығы қосылады. Әр дауысты хор кешкі ауада қалықтап тұрып алады. Солай ән айтумен көлтабаннан қырға өрлеп шыққандарын білмей қалады. Солай ән айтумен үйге жеткендерін білмей қалады.
Ербол екеуі шапқан бұйырғынды әкесі Табылғанның машинасымен қораға түсіріп алды.
– Шапқандарын ыңыранған бір машина болды, – деп мақтап қойды, бұлардың танаулары делдие, төбелері көкке сәл жетпей қалғандай болды.
Тамызда әкесі Ерболды астанаға тойға жіберді, барғысы келіп Ерлан да қыңқылдаған.
– Ербол барсын, сен әлі талай тойға барасың. Ол бір жылдан кейін мектеп бітіреді, қаланы көрсін, – деді апасы.
Екі аптадан соң оралған Ерболдың бойы ұзарып, өңі аппақ болып, көп өзгеріп кетіпті.
– Ау, мынау біздің баламыз ба өзі? – деді апасы қулана, үйдегілердің бәрі ду күлісті.
– Бөтен бала сияқты...
– Қаланың баласы келген емес пе?
Ербол ешкіммен алмаспапты. Даусы да, сөзі де, мінезі де баяғысы, тек түрі өзгерген. Барлығына базарлық әкеліпті. Иісі бұқыраған апорт алмалардың дәмі тіл үйіреді. Ерланға маңдайында қаланың эмблемасы бар кепкі мен көйлек әкелген. Мектепке барғанда киіп барды, сыныптастарының бәрі қызыққан.
Апасы айтқандай, Ербол мектеп бітіруіне жоғарғы оқу орнына тапсырды, бірақ жолы болмады. Күзде әскер қатарына алынды. Екі жылдасын ойлаған оқуына түсті. Бұл кезде Ерлан да қаладағы кәсіптік-техникалық училищеде оқыды. Тегін тамақтандырады, әжептәуір шәкіртақысы бар. Ағасы институттың соңғы курсында еді.
Бірде айлық шәкіртақысын Ерболға салып жіберді. Бұған жеткілікті, жатқан үйге жамбаспұл төлемейді, ағайын адамдар ондайды білмейді. Байланыс бөлімшесі арқылы салып, тілдесуге тапсырыс берген. Бөлімшедегі кабиналардың бірінде ағасымен сөйлесті.
Ерболдың даусын естігенде:
– Ассалаумағалейком, – деген.
– Ерлан, сенбісің? Саламат па?
– Жақсы, жақсы. Өзің қалайсың?
– Сессия басталды, жібергеніңді алдым. Осынша ақшаны қайдан алдың, ұрлыққа түскен жоқсың ба?
– Қайдағы ұрлық, шәкіртақым ғой.
– Мәссаған! Мұндай шәкіртақыны біздер алмаймыз. Рақат екен! Рақмет!
– Қолдан келгені сол болды, қажетіңе жаратарсың.
– Жақсы, жақсы.
Ағасымен ұзағырақ сөйлесуге тырысқан, уақыт бітіп қалды.
Ербол оқу бітіргесін тым тәуір қызмет істеді, табысы жоғары. Үйленді, шағын қалашықта тұрды. Үлкен үйдегі қандай бір той домалақтан, садақадан қалмай жеңгесі екеуі артынып-тартынып келіп тұрғаны. Бауыр деген сол ғой, қолындағысын аямайды.
«Ағаң науқас, төсек тартып жатып қалды» деген хабарды естігенде Ерланның төбесінен жай түскендей есеңгіреп қалды. Анда-санда тілдескенде денсаулығы жайында айта бермейтін. Жұмыс жайы, бала-шағаның амандығы, ауа райын әңгімелейтін.
Жедел жолға шығып, ағасына тартып кетті. Ербол жүдеген, аппақ қудай болыпты.
– Келдің бе? Айтпай-ақ қой деген едім, – деп әйеліне қарады.
– Неге, айтқаны дұрыс болды.
– Жағдай осы, айта беретіннің қолын түстім, – деді жанары жасаурап.
– Әлдеқандай ауырған шығарсың, тәуір боларсың, – мұның да алқымына бірдеңе тығылғандай, білдірмеуге тырысты.
– Әй, білмеймін. Құдайдың құрығына мықтап ілінген сияқтымын.
Ол өз жайын білген екен, ұзаған жоқ. Құрыққа ілінгені рас болды, осындағы атасы мен енесі жатқан қорымға қойылды. Темір жолдан алыс емес.
Шағын қалашыққа жиырма минуттай тоқтаған пойыз айқай салып жүруге дайындалды. Айнала жарық болып, шығыстан таң шұғыласы білінді.
Бағанадан кейін Ерланның көзі ілінбеген. Сонау алыста қалған балалық шақ.... Өмір өткелдері... Өсу, есею, үй болу, жақын жандармен қарым-қатынас – бәрі көз алдында көлбеңдеп тұрып алды.
«Бірге тумақ болғанмен, бірге өлмек жоқ екен» дейтін бе еді? Сол рас екен. Бірге туғанмен бірге өлмейді екенсің... Бауыр болғаныңмен... Рас екен...
Өтебай СЕРӘЛІ,
Ақбасты ауылы
26 сәуір 2021 ж. 843 0