Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шаруа қожалығын басқарған Батыр ана

Шаруа қожалығын басқарған Батыр ана

Есімі ел-жұртына етене таныс Сайын-Қасым Сермағанбетұлы Сатекеев (Қасым азан шақырып қойған аты, ал Сайын көпшіліктің қойған аты) өмірден өтсе де, көзі тірісінде ауылының сыйлы қариясы, қадірлі батагөй ақсақалы да бола білген жан. 80 жасты еңсеріп, абыздыққа жол салған, артында өшпестей із қалдырған, он баланың әкесі ауыл шаруашылығын өркендету жолында сүбелі үлес қосқан. Шаруашылықтың білгір маманы ретінде өмірінің соңына дейін «Бек» шаруа қолжалығына басшылық жасап, мал басын көбейтумен қатар, олардан елдің несібесін молайту мақсатында адал еткен еңбектері ел жадында сақтаулы.Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Мына жалған бүтіндей өткінші дүниеден құралған. Бұл жалғанның ең қайырлы дүниесі – ізгі әйел» деген екен. Сондай-ақ Қасым Сермағанбетұлы жар таңдауда да маңдайлы болды. Қасымның құдай қосқан қосағы Рымхан Махамбетжанқызы көп балалы киелі шаңырақтан тәрбие алған, ата-ананың, елінің өнегелі тәлім-тәрбиесін алып, әр белестерден қазақы салт-дүстүрлерді ойына тоқумен қатар ұлағатты тәрбиелік мәні зор қасиетті сөздерді бойына сіңіре бой жетті.
Рымхан 1945 жылы Құмбазар елді мекенінде дүниеге келген. Құмбазар орталау мектебін бітірген. Қасыммен шаңырақ құрғаннан кейін, 1963-1994 жылдар аралығында Қарақұм, Жіңішкеқұм совхоздарында радист болып совхоз, ауданаралық хабарларды жеткізіп отырды. Оның ішінде науқан кезіндегі радистердің атқарған жұмыстары ерекше болатын. Рымханның еңбегі еленіп, совхоз әкімшілігі, аудан басшыларынан алған мақтау мен марапаттары аз болған жоқ. «Бейнет пен зейнет қатар жүреді» демекші, абыроймен зейнеткерлікке шықты.
Аналар туралы қанша ардақтап жазсақ та артық етпейді. Ғұлама жазушы М.Әуезовтің тілімен айтқанда: «Қазақ әйелі – бар тілегін перзентінің жолына арнаған әлемдегі мейірбан әйел. Қазақ әйелі – бар бақытын некелі ердің талайынан күткен әлемдегі ең адал әйел. Ұлттың ұйытқысы. Ұрпақтың анасы. Солай болған, солай бола береді. Болмаса қисыны жоқ, неге десеңіз бұл әйелдің бойында сиқырлы, құтты өзгеше қасиеті бар. Оның аты – сұлулық. Жан сұлулығы, тән сұлулығы. Ол рас. Әлемдегі ең сұлу әйел – қазақ әйелі» деп бағалаған екен. Осы теңеулердің барлығы Рымхан жеңгеміздің бойынан табылады. Ол талай келіндеріне өнегелі өмірінен алған аналық мол тәжірибесін еге білген тәлімгер, ұстаз-ене. Оның адал жүрегі мен ниетінің арқасында ағайын-туыс, жекжаттарды жақындастырумен қатар, жалпы жұртшылық ортасында сыйлылығы, құрметтілігі де айрықша еленіп тұратынын көріп те, біліп те жүрміз.
Ақын, философ Жүсіп Баласағұн: «Құрсақта біткен мінез қара жерге бірге енеді, сүтпен біткен мінезді өлгенше өзгерте алмайсың» дегендей, Рымхан жеңгеміздің қазақ келініне тән жарасымды жүріс-тұрысына, мағыналы, мәнерлі сөздеріне, аналық мейіріміне, қазақы салт-дәстүрге беріктігіне, келіндерінің білікті ұстазы екендігіне және ошағы оттан түспеген қонақжайлылығына ешкімнің таласы жоқ. Үлкенді-кішілі бүкіл әулет болып осы бір ана сүтінен дарыған бай мінезіне тәнті боласың.
Ұлы ғұлама, философ Мәшһүр Жүсіп бабамыздың үйіне Абай атамыз келгенде одан: «жұмақ қайда?» деп сұрапты. Сонда Мәшһүр Жүсіп: «Кімнің әйелі жақсы болса, жұмақ соның үйінде» деп жауап берген екен. Сол сияқты, Рымхан жеңгем де отбасын жұмаққа айналдырған, салиқалы өмірдің қайнар көзі бола білген. "60 басты ақ орданы 60 еркек толтырмайды, бір әйел толтырады" демекші, 10 перзентін дүниеге әкеліп, КСРО және ҚР-ның алтын алқасын таққан «Батыр ана», бір қолымен бесікті тербеткен, екінші қолымен әлемді тербеткен алтын құрсақты абзал ана десе жарасады.
Қазақтың өзіне тән салт-дәстүрлері жеткілікті. «Ат тергеу» деген жақсы дәстүр бар. Ұлттың болмысы бойынша әйелдер қайнысына, қайын сіңілісіне атын атамау үшін өзіне жарасымды ат қояды. Менің жеңгелерім «Мұғалім бала, келіндерім, «мұғалім аға»» дейді. Қарақұмда тұратын жеңгем Күлмайрам Шүйіншалықызы «төре» деп атаса, осы мақаланың бас кейіпкері Рымхан жеңгем «Ақ төре» деп атап жүр. Міне, осындай сыйластықтар, бірін-бірі құрметтеу біздің қазақ халқына ғана тән. Бұл да қазақы салт-сананы оятатын сыйластықтың баға жетпес үлгісі дер едім. Қазір бадырайтып атыңды атау үрдіске айналып бара жатқанына ренжитініміз рас. Жеңге бұрын қыз бен жігітті таныстыру мен табыстыруға үлкен тәрбиелік қызмет атқарған.
Оларға махаббат құпияларын үйреткен. Сол қызметі үшін олар қыз бен жігіттен сыйлық та алатын болған,«Қалмады қолда жүзік, белде белбеу, жеңгесін қызды ауылдың сыйлай-сыйлай» деген өлең осындайдан туған деседі.
Ақылды ердің ішінде алтын басты ат жатар.
Ақылды әйел ішінде бесікті ұл мен қыз жатар» деп даналарымыз айтқандай, Қасым мен Рымханнан тараған ұрпағы осы екі қайнардан қанып ішіп, мейірге шөлдемей өскен, айбынды қорғанға сүйенген 10 перзентінің тұла бойы тұңғышы Ақзия Қасымқызы Сатекеева 1987 жылдан бастап аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станса бөлімшесінің санитарлық дәрігері, бөлімшенің бас маманы, 2010 жылы басқарма бастығы міндетін атқарды. 2011 жылдың 25 қаңтарынан бастап басқарма бастығы болып тағайындалып, абыройлы қызмет етуде.
Өмірлік жары Қәдір Болатов кәсібін дөңгелетіп отырған көпшілікке танымал белгілі азамат. Отбасында 2 бала тәрбиелеп, немерелерінің шат күлкісіне кенелуде.
Ұлы Батырбек аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде бас маман болып қызмет етеді. Лизасы – аудандық статистика басқармасының жетекші маманы. Нұрлыбегі – кәсіпкер болса, қызы Роза Қасымқызы Ақтөбе қаласындағы №2 емханада жоғары дәрежелі аяжан болып абыройлы қызмет етуде. Айбек Қасымұлы – 1997 жылдан «Бек» шаруа қожалығының белсенді мүшесі. Ғалия Алматы қаласы Қарасай ауданындағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектепте І санатты мейірбеке болса, Гүлжанат Жіңішкеқұм ауылдық №230 мектепте ұстаздық етеді.
Ұлдары Мейрамбек Жіңішкеқұм ауылдық округінде бас маман болса, Бақытбегі Ақтөбе қаласындағы №15 мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары болып еңбек етеді.
«Түбіріне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы» демекші, жоғарыда аталған ұл-қыздары жұптарымен бір-бір мамандықты игеріп, еңбек етіп жатқан жарасымды жанұялар екені белгілі.
Бір кісі Әбу Насыр Әл-Фарабиге тамаша, толыса піскен алманы көрсетіп: "осы алманың бітім-болмысындағы жақсы қасиеті не? түсі ме, шырыны ма, дәмі ме, бітімі ме?" – деп сұрапты. Сонда Әл-Фараби:
– Бәрінен де ұрығы тамаша. Өйткені осы алманың өзі сол ұрықтан өсіп шыққан және одан бүкіл бақ пайда болды ғой! деп жауап берген екен. Сондай-ақ Қасым мен Рымханнан тараған ұрпағы, жоғарыда аталған 10 перзенті 10 шаңырақ құрып, 30 шақты немере, шөберелері, қаншама жекжат, туыстары бар, «Ұлықпан да ұрпағымен мың жасайды» дегендей, мәуелі баққа айналған мерейлі отбасы десе жарасады.
«Құс өліп балапаны қалса, қияғы қалады, ат өліп құлыны қалса, тұяғы қалады, әке өліп бала қалса, мұраты қалады» деген даналық сөз бар. Қасым Сермағанбетұлының дүниеден өткеніне де 1 жылдан асып барады. Қасымның ұлдары ұялтқан жоқ, қыздары қызартқан жоқ, әрбірі бір-бір шаңырақтың иесі болып, әке мұратын жалғастырып жатқан жайсаң жандар. Әкелері басқарған «Бек» шаруа қожалығын ұрпақтары ойласа келіп, төрелік етсін деген балаларының ақ ниеттерімен бір ауыздан «Бек» шаруа қожалығының төрағалығын аналары Рымханға тапсырды. Бұл да ауызбіршіліктің, тәрбиенің айнымас бірлігі деуге және ана сүтінің қайтарымының бір көрінісі десе әбден болады. Кейіпкеріміз Рымхан да қартайдым деп пеш қуысында отырып қалмай, жылдан астам уақыт «Бек» шаруа қожалығын басқарып, аналық міндетін абыроймен атқаруда.
Келіндері де отбасының тынысын кеңейтіп, енелерінің сүйікті асын әзірлеп, жағасын кірлетпей, төсектерін қалың етіп салып, ұрпақ шашып отырған өнегелі жандар.
«Өсер отау – өрісті» демекші, ұрпақтарымен, құда-жекжеттарымен, ағайын-туыстарымен тамырлары тереңге кеткен, жапырақтары жайылған қос бәйтеректен тараған Сатекеевтер әулетінде 30 шақты немере-шөбересі мерейлі отбасының базары мен ажарына айналуда. Сөз соңында Рымхан жеңгеме Құдай қуат беріп, әдемі қартаюдың аналық жолын кейінгі ұрпаққа еге бер деген тілегімді жеткізгім келеді.

Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТҰЛЫ,
КСРО және ҚР халық ағарту ісінің озық қызметкері,
Арал қаласы
15 мамыр 2021 ж. 624 0