Апат аймағындағы адамдар (Қасірет жыры)
Жоқ және де жал, еспе,
(Өткен күнді өксуменен ал еске.)
Құбыжық боп есік ашар күн сайын,
Күнәдан пәк жаңа туған нәресте.
Сұм жалғанның талақ қылып көрігін,
Жоғалтады күнде адамдар серігін.
Қызығына уыз шақтың бір қанбай,
Жас та кетер жіпке беріп ерігін.
Тағы жетер құлақ кесер сұм хабар,
Жүректерді болды осып мұң қабар.
Киіз жауып жатса-дағы аспаннан,
Ұлтарақ та тимей мұнда құр қалар.
Сыңси көшкен құм басады көк белді,
Жұмақ жайдай тұрған кеше боп керім.
Түңілгендей тіршіліктен жол таппай,
Сазарады атпал жігіт отты ерін.
Жын ойнағы—қара кеме қаңқасы,
Үмітсіздік—адамдардың жан қасы.
Азаматтар белі кеткен атандай,
Бір босамай ауырлықтан арқасы.
Миды шағып, жүдетеді қаралы үн,
Тұз ояды аузын алып жараның.
Теңіз толып кетердей боп тұрады,
Көз жасынан аңыраған ананың...
Ерғали АБДУЛЛА