Алтын ұя (естелік)
Ұшқыр уақыт-ай! Арада 50 жыл уақыт өтіп, алпыстың бел ортасынан асқанда, бір кездегі мойнына қызыл галстук таққан сары балапан бала мектебі туралы естелік жазамын деп ойлап па?!
Тағдыр бұйыртса, жазады екенсің.
Әңгіме – Арал қаласындағы №220 мектеп туралы, оны алғаш бітіруші 1973 жылғы түлектер жөнінде.
Қаланың күнбатыс шетіндегі еңселі, үш қабатты №220 мектептің қабырғаларына ғайыптан тіл бітіп, өзі куә болған жайларды айта бастаса, әңгімесі еш таусылмас еді-ау...
КӨЗІ БӘРІБІР КҮЛІМДЕП ТҰРАТЫН
Тәрбие завучі, физика пәнінің мұғалімі Қанатбаев Жеткерген ағайымыздың дауысы кең коридордың әр тұсынан естіліп қалатын. Жоғары класс оқушылары біздің өзіміз жым болып, ығысып жүре беретінбіз. Әйтсе де, оқушының аты оқушы. Үзілістен сабаққа бәрібір кешігіп кіреміз. Үшінші қабатқа жүгіре көтеріліп, есікті тықылдатып, бірімізді-біріміз итеріп класқа топырлаймыз. Біздің алдымызда ғана кірген ағай мұғалімдер үстелінен тұрып, бізге қарай жақындайды. Ұзын бойлы, ірі денелі ағайымыздың сұсы басып, бірімізге біріміз тығыла түсеміз.
- Қайда жүрсіңдер? – дейді даусын әдейі қатайтып.
Жауап жоқ. Басымызды тұқыртып, біріміздің артына біріміз тығылып, шегіншектейміз. Алдыңғы баланың тасасында тұрсаң, ағайға көрінбейтін, білінбей қалатын тәріздісің.
Бір кезде пышырай сетінеген балалық батылымызды жиып, басымызды көтеріп, көз астымен ағайға қараймыз. Даусы қанша қатаң шыққанмен, көзі күлімдеп тұрады. Мейірімді, жылы шуақты көз. Тұла бойыңды бір ізгі сезім шарпып, жеңілдеп сала бересің.
- Отырыңдар, - дейді.
Топырлап, бірімізді қаға-маға партамызға асығамыз.
ӘКЕМІЗДІ КӨРГЕНДЕЙ ҚУАНДЫҚ
Математика пәнінің мұғалімі Қайролла Байшораев ағайымыз: «Қазіргі балаларды қой, қалаға оқуға барса, әке-шешесін ертіп жүреді. Бұрында біз оқу іздеп, үлкен қалаға аттанғанда, шабаданымызды тілерсегімізге соғып, өзіміз жолға шығатынбыз» – деді.
Осы сөз қамшы болып, «Толқын» газетінің белсенді штаттан тыс тілшісі, №13 мектептің оқушысы Шархан Қазығұл екеуміз Алматыға тарттық. Менде таныс үй жоқ, Шарханның алыстау нағашылары бар екен. Пойызда пәлендей алаңдамадым, өйткені кластасым Кірбасова Майра апайымен болды.
Пойыз Алматыға кешке, күн бата келді. Еңселі ғимарат, қызылды-жасылды жарқылдаған шамдар, ары-бері топырлаған көп адам, аласапыран шу – Шарханда қайдам, есімнен тандым да қалдым. Жалғыздық күй басыма түсті.
Қайта Майраның ағасы көлікпен күтіп алып, бізді баратын адресімізге жеткізіп салды. Қара көлеңкеде Шархан қақпаның есігін тоқылдата қағады. Әрі-беріде ашыла қойған есік болмады. Сонда да ол тоқтамайды. Құдды қазір нағашысы шығып, қуана қарсы алатындай. Үйден көзі бағжаңдаған қара кемпір шықты. Шархан салдырлап сөйлеп жатыр.
- Аралдағы Қазығұлдың баласымын...
Кемпір бәрібір шырай бермеді. Алма ағаштың түбінде керуетте қатар жатырмыз. Алма көп. Исі бұрқыраған тәтті алмалар төгіліп жатыр. Алма таңсық. Түннің бір уағына дейін алма жедік. Ертең қалай да үй іздейміз дейміз бірімізді-біріміз демеп. Сөйтіп жатып ұйықтап кетіппіз. Ертеңіне таңертең күнде естіп жүрген таныс дауыстан оянып кеттім. Қанатбаев Жеткерген ағай! Әкемізді көргендей қасына жетіп бардық.
- Иә, қайдан жүрсіңдер? – деді ол алғаш таңырқап.
- Оқуға келдік.
Ағай біздің жайымызды бірден түсінді.
- Таныс үйлерің бар ма?
- Жоқ.
- Онда қазір шәй ішіп алайық. Сосын бірге пәтер іздейміз.
Қуанышта шек жоқ. Биік теректермен көмкерілген 11-линия, 12-линия деген көшелер екен. Ағай алдымызда. Алып Геркулес іспетті. Адымдап ілгерілеп кетеді. Соңынан ілесіп жүгіріп қоямыз. Сол күні түсте бізді бір үйге орналастырды. Үй иесіне тапсырды. Көз алдында пәтер ақысын төлетті. Қорада шағын баспана бар екен. Хан сарайындай көрінді. Рақат. Өзімізбен өзіміз. Қолымызда кітаптар. Алма ағаштың түбінде отырып құныға оқимыз.
Сол күні таңертең дачадан оралған ағай болмаса, ұшы-қиыры жоқ алып шаһарда біз қайтер едік.
МАТЕМАТИКАҒА ДА ШАБЫТ КЕРЕК
Математикадан Қайролла Байшораев ағайымыз сабақ берді. Ұзын бойлы, ақ сары кісі. Шабыттанып сөйлеп кеткенде, не оқушыларға ашуланғанда, қаны бетіне теуіп қызарып, алаулап шыға келеді.
Ал алгебрадан, геометриядан сабақ түсіндіргенде, тақтаға жазып жатып, қызулана, шабыттана сөйлейді. Тақтаның беті есептің шешілу жолдарына толады. Бормен тақтаға жазып, бір жағы сөйлеп тұрып та, екі көзі оқушыларда. Кімнің қалай тыңдап отырғанын қалт жібермейді. Сілтідей тынамыз. Түсіну, түсінбеу – өз алдына шаруа. Бірақ тыңдамасқа шараң жоқ. Жылдам жазу мен құйын перен шабытты сөз, біресе төмен, біресе жоғары құбылған дауыс ырғағы – еркіңді еріксіз билеп алады. Түйдектелген, бірінен бірі туындаған сандардың жұмбағы да шабытты сөздің арқауы болады екен-ау...
Ағайдың түсіндіруі шырқау биігіне жетеді. Міне, енді шешімі! Ақырғы теңдік белгісінен соң, қажетті санды жазып, оны дереу қоршап, соңғы нүктесін қоя, борды тақтаға сарт еткізеді.
- Солай ма, Қарауымбетова?!.
Қарсы алдында, бірінші партада отырған тостаған көз, әдемі қыз селк етеді. Бейқамдау, аңырайып тыңдап отырған біз де театрдың соңғы сахнасында тосыннан мылтық атылғандай селк етеміз.
Математика спектаклі мәресіне жетті! Үстінен тау қопарылып түскендей ағай бір сәт үнсіз қалады. Әрқайсымызға тесіле қарайды. Қарауымбетова Балзира, Кірбасова Майра, Жасақбаев Болатбек, Ерімбетова Сәулеш, Дәрмағамбетова Сара тәрізді математикадан біршама жақсы оқушылар бойын тіктеп, мойнын созып мұғалімге тіке қарайды. Ал біз... көзіміз тайқып, басқа мекенді шарлаймыз.
Қайролла ағайдың жан дүниесін жарып шығатын шыншыл сөзі шәкірттерінің жүрегіне нұр болып ұялайтын.
«АЛ, НЕ ІСТЕЙСІҢ, ҚЫЛАРЫҢДЫ ҚЫЛЫП АЛ!..»
Бәрібір оқушымыз ғой. Түрлі қызықтар болады. Кей күндері алгебра бесінші сабақ болады. Ал Ерсейітов Несіпбайдың бесінші-алтыншы сабаққа қатысуы жоқ. Байласаң тұрар ма? Ешкімге айтпайды да, білдіртпейді де. Бір қарасаң, орнында жоқ.
Сондай күндердің бірінде алгебра болды. Класқа кірген Қайролла ағай оқушыларды көзбен тексеріп шықты да, мұғалімдер столы тұсындағы үлкен терезеден сыртқа қарады. Салалы саусағымен кейін қайырылған қалың қара қоңыр шашын салалап тұрып:
– Әне, Ерсейітов кетіп барады. Ал, не істейсің, қыларыңды қылып ал! Әне, кетіп барады... Әне!.. Сені адам деп көзіне ілсе, не дейсің?.. – деді.
Ақ сары өңі алаулап кеткен.
Бәріміз өре түрегеліп, терезеден сыртқа қараймыз. Үшінші қабаттағы терезеден көзкөрім айнала алақандағыдай көрінеді. Несіпбай молаларды жағалай созылған күре жолмен кібіртіктей басып, үйіне қарай тартып бара жатады. Ұзап барады. Бір кітап, екі-үш дәптерін шалбарының ішіне салып, белін буып алған.
Сол Несіпбай да елден кем болмай, бұйырған нәсібін теріп жеп, бұл жалғаннан өтіп кетті.
МАЙРА МЕН САРА
Оқушы болса да, Майраның көзінде терең мұң болатын. Күліп, жадырап сөйлесе де, сол мұң бәрібір көзінен жазылмайтын. Кейде бүгінгі күнге дейін, сол мұң не болуы мүмкін деп ойлағанмен, бәрібір шешімін таппаймын. Сара – кішкентайынан бірге өскен досы. Фамилиясы Дәрмағамбетова. Қазіргі бүкіл елімізге танымал қарт журналист Шәкірат ағамыздың қызы. Көп сөйлей бермейтін Сараның мінезінде бір қаталдық болатын. Тіпті ер балдардың өзі ығысып қалатындай еді.
Басқаны білмеймін, оқушылардың өресі математика пәнімен өлшенетін еді ғой. Майра да, Сара да математикаға жақсы еді. Әсіресе, Майра. Қиын деген есептердің өзін жолын тауып шығарып келеді. Класымыздағы математикаға тағы бір жүйріктің бірі Болатбек Жасақбаев.
Алгебра сабағы болардың алдындағы үзілісте Майраның, Болатбектің, Сараның, Балзираның, Сәулештің дәптерлерінен жаппай көшіреміз. Оларда дұрыс болса, бәріміз де дұрыс. Олардан бір қате шықса, бәрімізден сол қате шығады.
Алайда, Қайролла ағай кімнің кім екенін жақсы біледі. Өзімше «жазғыш» мені математикаға қинамайды.
Сөйткен Майра да өмірден тым ерте озды. Аралға тән сырқат - емсіз обыр. Майра, шын мәнінде, асыл жан еді. Сара да өмірден өтті. Бәлкім, ұрпақтары бар болар. Қайран, өмір-ай, десеңші. Пенденің қолында не бар?!
БАЛЗИРАНЫҢ БҰРЫМЫ
Балзира класымыздағы көрікті қыздардың бірі еді. Толықша денелі, тана көз оның әсіресе иықтан асыла түсіп, белден төмен құлайтын білектей бұрымы алдымен көзге түсетін. Оның үстіне өзі ашық та жайдары. Бірақ класымыздың балдары оған «сөз айта» қоймаған тәрізді. Оның себебі – бізден бірер жас үлкендігі бар, басқа мектептін «қутұяғы» оған келгіштейтін.
Сөйткен, Балзира ешкімге бұйырмады. Алматыдан Қыздар институтын бітіріп, Шымкенттің жігітіне тұрмысқа шықты. Шымкентте шалқып тұрды. Күйеуі бизнесмен. Соңғы жылдары мектептің бірге бітірген қыздарымен, ұлдарымен жақсы байланыста болды. Бұрынғы ашықтығы мен жайдарлылығын сақтады. Сөйтсе, мына жарық дүниенің тамшы сәулесін құдірет тұтқандай екен-ау...
АҚ БАС ҚАРА ТУФЛИ
Мода дегенің әр жылдары өзгеріп отырады ғой. Сол 70-жылдардың басында да түрлі мода болды-ау. Киім үлгісіндегі өзгерістерді кластасымыз Сатаев Қанжарбектен байқайтынбыз. Шалбарының қыры сынбайды. Костюміне қылау жұқпайды. Үсті-басын қашан да үпіліктеп жүргені. Кең балақ шалбар да сонда. Костюмнің сыртына жейденің жағасын шығарып қоюды да алғаш содан көрдік. Қалтасында айна мен тарақ. Үзіліс сайын оңашада үсті-басын қағып-сілкіп, шашын қайта-қайта тарап жатқаны. Әсіресе, менің ойымда қалғаны өзгеде жоқ ақ бас туфли. Ондай туфли ол кезде бүкіл Аралда болмады-ау шамасы. Еш жерден таппайсың. Еріксіз көзіңе түседі. Қатарлас балдар тұрмақ, талай қыздар көзінің астымен білдіртпей қараған шығар-ау. Өзі бірінші партада отырды. Ендеше, талай ағай-апайлардың көзі де еріксіз ақ бас туфлиге түсті. Класымыздың сал-серісі болатын.
P.S. Ойлансаң, әлі де көп нәрсе ойға келетін тәрізді. Мектептегі жылдар әдемі балалық шақ қой. 9-10 класс бой түзеген шағымыз. Жасырынып вешір жасайтын, вешірге баратын кезіміз. Ол кезде Арал теңізінің бағы соншалықты тая қойған жоқ-ты. Теңіз шалқып жатады. Күннің қандай аптабында да салқын самал теңіз жақтан соғатын. Өткен өмір – таусылмайтын бір дастан.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
№220 мектептің 1973 жылғы түлегі