Әміржан Қосан: "Аралдың жайлы түндері өзгеше боп көрінетін"
Бір атадан тарағанбыз, әкемнің өте жақын немере інісі еді. Әкем Сағидрахман Қосанов тым ерте (1997 жылы, 59 жасында ғана) өмірден өтті де, Сабырбай аға әулетіміздің үлкені боп қалды. Өткен жылы қайтыс болған анам Сәкеңді «қайным», ол үйдегі Бақыт жеңешемізді «менің жеке дәрігерім» деп аузынан тастамайтын. Жастары кіші болса да, ең сыйлы қонағындай төріне шығарып, дастарханын жайып, өле-өлгенше құрметтеп өтті.
Бала кезімде әке-шешеме еріп, Сәкеңнің Аралдағы үйінде қонақ боп, балыққа тойып алып, түнде ауласындағы сәкіде жатып, аспандағы жұлдыздарды санап, кітап оқып, армандап жататынбыз. Сапақта туып-өсіп, Қазалыға көшіп кеткен біз үшін батпағы мен масасы жоқ Аралдың жайлы түндері өзгеше боп көрінетін.
90-жылдардың ортасы. Мен үкіметте жұмыс істеп жүрмін. Қызылордада әкемнің жалғыз ағасы Сағат қайтыс болып, сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өз қарамағындағылармен көңіл айтуға келді.
Сонда Сәкеңді «Кезінде бүкіл Совет Одағына аты мәлім «Барсакелмес» қорығының директоры болған», - деп таныстырып жатсам, Бекең: «Мен болсам, мына тұрған өз қызметкерлеріме: «Жұмысты дұрыс істемесеңдер, «Барсакелмеске» апарып тастаймын!», - деп қорқытамын», - деп қалып еді. Сол сөзді Сәкең жиі еске алатын: не облыс басшысының қалжыңын ұнатты ма, не өз атын «Барсакелмеспен» байланыстырғанға риза болды ма, білмедім.
Сәкең тұла бойы тұнып тұрған интеллигент еді. Білімді, кітапты көп оқыған еді. Адамдармен араласуда өте-мөте мәдениетті, сыпайы-тұғын. Біреуді жамандап не біреуге қабақ шытқанын көрмеппін.
Ол кісінің Арал өңіріне сіңірген еңбегін замандастары айтып жатыр. Саяси күресте жүріп, «ағайынға не жора-жолдасыңа салқыным тиіп кетпесін» деген ойда жүретінің де рас. Сол себепті қызметте не бизнесте жүрген олармен байланысты азайтатын кездер де болады. Бірақ қай қызметте жүрсе де, ағамен қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Ұрылып-соғылып, сотталып, қамалып жатқан күндері ағалық қолдауын көрсетуден қашқан жоқ.
Және де 17 жасында ауылдан Алматыға арман қуып кеткен менімен хабарласқанда туыстық жаңалықтармен шектелмей, Сыр елінің жағдайы, Арал тағдыры, қоғамда орын алған проблемалар жайында хабардар етіп, азаматтық ұстанымымен бөлісіп отыратын. Туған жердің нағыз патриоты еді ағамыз!
Бақыл бол, Аға! «Ақұдай, қалайсың? Күні-түні күресіп, шаршаған жоқсың ба?» деген даусыңды сағынатын болдым енді.
Сабырбай аға, Сабырбай аға!
Аралым ашты бағыңды-ай, Аға!
Аға мен іні толқындай толқып,
Бұл өмір өзі - сағымдай, Аға!
Ағалық көңіл – мәңгі есте, аға,
Ұғындым оны мен кеш те, Аға!
Адамдар барып, қайтпайтын мекен
Кеттің бе Барсакелмеске, Аға?
Әміржан ҚОСАН