Ақ толқынды Аралдың қаламгер қызы
1997 жылы 24 жасымда Шымкент педогогикалық мәдениет институтын бітіргеннен кейін арман қуып ауылға келдім. Ұзамай мәдениет үйіне қызметке орналастым, ауданның мәдени шараларына араласа бастадым, барлық жұмыс аудандық ішкі саясат бөлімімен бірлесіп, келісіліп ұйымдастырылатын. Сол жылы «Аудан әкімінің жүлдесі үшін» қысқы ойындардан отбасылық спартакиада біріншілігі орталық алаңда өткізілді. Қысы қатты, қары қалың жыл болды. Жарасымды жанұялар апта сайын бақтарын сынап, түрлі сайыстарды еңсеретін. Мәдени-спорттық шараны жүргізуші қыздың алғаш дауысын алыстан естідім, ашық даусы, интонациясы, сахналық тілі, үн тарап дикциясы қандай керемет десеңізші! Айтылған әрбір сөзі құлағыңа келіп қорғасындай өзі қүйылғандай, ғажап, ерекше дауыс иесі екенін бірден сездім. Тіпті күнде есітіп санаңда қалыптасқан дауыс, "кімнің дауысы, қайдан естідім?" деген ойға берілгенім сол еді, бірден "Қазақ радиосының дикторы, журналист Сауық Жақанова есіме түсті.
Иә, "бұл Сауық апаның дауысы, ол Аралда қайдан жүр, мүмкін емес" деген ой қиялымда шарықтап алаңға жеткізер емес. Аяғымды адымдап басып, қысқы қалың күртемді сүйрете-мүйрете алдыға өттім. Иә, соның дәл өзі, бар қазақтың төрінен, талай бағдарламаларды жүргізіп, жағымды даусымен үлкенге де, кішіге де құрметті болған Сауық апай. Дауысын таспадан есітетін, біз үшін «Жұлдыз» саналатын арда жанды бір-жар рет көксандықтан көргенім бар Ал бүгін алыстан болса да дидарын көріп, төбем көкке жеткендей болды. Қуанышымда шек жоқ, біріншілікке қатысушылар көк мұзда шанасымен жүгіріп, бірі мертігіп, бірі құлап межеге жете алар емес. Алаң азан-қазан, жанкүйкерлер ысқырып, бәйгеге ат қосқандай қиқулатып «Шабандоздарға» қуат бергендей, ал менің көзім мен құлағым тек Сауық апайдың дидарын көріп, дауысын есту, ырғақты дауысын созып, құдды теледидардағы футбол коментаторынан кем емес. Әрбір сюжет, әрбір көріністі жүрегіне салып, спортшымен бірге қиналып, қуанғанын дәл суреттеп, көрерменіне жеткізуде. Сонымен, спартакияадамыз да өз межесіне жетіп, нәтижесінде жас та жарасымды жанұя №64 мектептен қатысқан Мұрат Махамбетов пен Жұмагүл Қосымбаеваның отбасы жеңімпаз болды. Жүлделерді аудан әкімі А.Баймырзаев табыстады. Сауық апайым біріншілікті аяқтай келе өзін таныстырды, спорттық шараны жүргізген аудандық спорт және жастар бөлімінің бас маманы Құндыз Дәуітова дегенде, таңғалдым. Өзім де көк мұзда ыңғайсыздау тұрсам керек, көзімді ашсам, езуінен күліп досым Арман Тілепов қолын созып тұр. Кінәнің бәрін етіктің табанына аударып менде үстімді қардан қағып апыл-тапыл тұрып Базар апама жүгірдім. Ол да менің құлағанымды алыстан көрсе керек, «абайламайсың ба, балам» деп жерден қар алып бастан-аяқ ұшықтап әлек. Осындайда анаңдай жанашыр жанға қалай риза болмайсың. "Базар Қостайқызын аудан өнерінің анасы" десек, артық айтқандық емес. Ал оның осы қамқорлығын мейірбандылыққа қалай теңемейсің?!
Базар апа, жаңағы кешті жүргізген апай кім? –деп сұрағаным сол еді, ол Құндыз апайың, ауданда өткізілетін іргелі мәдени шараларды ұйымдастырады, сценарий жазу қабілеті де бар, өзі кештерді жүргізеді, бір сөзбен айтқанда, әмбебап жан деп сыртынан таныстырып, барлық жақсы қырларын жіпке тізіп айтқанда, өзімнің оңбай қателескенімді сонда білдім. Иә, бұл жандардың арасында шынында ұқсастық бар, бірі Алатаудан алашына үн қатса, бірі Аралдың айдынынан шағаладай көркем дауысымен әуелетіп тіл қатып тұр. Келбетінде де, жан дүниелерінде де ұқсастықтар бар деп білемін.
Шығармашылық қызметімде Құндыз Ержігітқызымен ширек ғасыр ауданымыздың мәдени қызметін қалыптастырып, талай шараларды бірлесе өткіздік. Аудан әкімінің орынбасары Зеріп Рүстемқызы бастамашы болып барлық салаларда мамандықтарын жетілдіруге арналған кәсіптік сайыс, байқаулар, форумдар, слеттер, мерекелік кештер, бірлестіктер мен клубтар жүмысына жан бітірдік. Ауылдық округтердің мәдени келбетін қайта жаңғыртып, республикалық дәрежедегі байқауларға қатыстырып, мәдениет қызметкерлеріне қолдау шараларын ұйымдастыруға жол аштық. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осы жолда Құндыз апайымды жақсы танып білдім десем де болады. Ақ көңіл жан поэзияға ғашық, мұзбалақ Мұқағалидан бастап, жергілікті ақиық ақындардың жыр өлеңдеріне жігер қосып арқаланып оқығанда, бойыңа патриоттық рух жинайсың, туған жердің тарихи жер-сулары мен өлкесіне, батыр бабалары мен аңыз-дастандарына танымы бай жан. Танымдық шолу мақалалары республикалық, облыстық, аудандық баспасөздерде талай жарияланып, ұрпаққа ұлықталды.
Құндыз Ержігітқызының әкесі Ержігіт Қосуақұлы Сексеуіл темір жолының кұретамырында майталман маман қызметін атқарса, анасы Алмаш Шарапқызы көркем мінезімен де, ақыл-парасатымен ата-енесінің бабын тауып, қызметін жасаған адал жар, аяулы ана, бақытты әже болды. Берекелі отбасы иелері 12 перзент сүйіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған жандар, 36 немересіне де бас-көз болып, 22 шөбересінің маңдайынан сүйіп, қолдарынан май жалаған қазыналы қарттар еді. Тегінен Жылқаман батырдың бел баласы Қосуақ ақсақалдың ұрпағына берген батасы қабыл болып, шүкір, өсіп-өніп келеді. Ержігіт пен Алмаш та мәуелі бәйтеректей ұрпағына ұлыс болып тамырын тереңге салды, ұлдары мен қыздары республикамыздың барлық аймақтарында, бірі теміржолшы болса, енді бірі ұстаздық қызметтерде сала мақтанышына айналды. Заман талабымен кәсіпкерлікті дөңгелетіп отырған балалары да бар.
Құндыз Ержігітқызы Қазақтың мемлекеттік ұлттық Қыздар университетінің тарих факультетін 1970 жылы үздіктер қатарында бітіріп, бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау облысының Сағыз стансасына жұмысқа жолдамамен жіберіледі. Мұны естіген Ержігіт ақсақал "Сағызда не бар? одан да Сексеуілге кел, айырмашылығы жоқ, екеуі де бірдей станса ғой" деп, қамкөңіл түлекті ауылға алдырыпты. Ол кезде Сексеуіл поссоветке қараса керек. Клуб, кітапхана біріктірілген орталықта, мәдениет орталығын Сейітқали аға басқарады екен. Ерекше дауыс иесі, қазақтың халық әндерін шебер орындаушы, ел мақтанышына айналған арда азамат Құндызды ауыл кітапханасының меңгерушісі етіп қызметке қабылдап, өмірлік жолына ақ батасын беріп, бағытын бағдарлапты. Марқұм Сейітқали Сейтмұратовты ақын Әбілхан Маханов «Біржан салға» телитін, ондағысы сері жігіттің бойындағы сан қырлы өнері болса керек. Ұлағатты ұстаз шәкірті Құндыз екеуі Сексеуілдің ажарын келтіріп, қаншама мәдени іс-шараларды бірлесіп өткізді. Елдің ықыласына, үлкен-кішінің қошеметіне бөленді. Жалынды жас қыз әп дегеннен қоғамдық жұмыстарға да белсене араласа бастайды. Алғашқы қадамы мәдениет үйінің тораптық комсомол комитетінде сектор меңгерушісі, кейін №424 мектеп №177 мектепке атауы ауысып жатқан кезеңде білім ордасының босатылған мектеп комсомол комитетінің хатшысы болып бекітіліпті. 1980-1985 жылдарда кент жастарын жаңа бастамалармен, көшбасшылық, лидерлік қырларымен елге танылып, жас буын өкілінің дарабоз даралығы, көркемсөз шеберлігі, іскер ұйымдастырушылығы аудан басшылығына жетіпті. Қайсар қыздың қабілетін, тұлпарды тұяғынан танитын мемлекет және қоғам қайраткері Е.Әуелбеков аудан орталығына бірден қызметке алдыртыпты. Аудан орталығындағы қызметі де табысты басталды. Бірнеше қызметтерде сатылап өсіп, ел қамына жауапкершілікпен еңбек етті, ізденді, жүгірді, талмай талпынды.
Қаладағы іргелі білім беру ошағы, қара шаңырақ – №71 мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыройлы атқарып, талай шәкіртке тәрбие беріп, ұлағат биігінен көрінді. «Жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені ол мектептің жүрегі» деп Ыбырай Алтынсарин айтқан даналы да қанатты сөздің кейіпкеріне айналды. Шәкірттері білім берген ұстазын мақтан етіп, Құндыз апайымыздың пайымды іскерлігін әлі де мақтан етеді. "Мектепішілік ұйымдастырған толымды шаралары күні бүгінгідей көз алдымызда" деп талай шәкірттің ұстаздар күнгі мерекеде құшағын гүлге толтырғанының біздер талай куәсі болдық.
Құндыз Ержігітқызы 1994 жылы Арал аудандық әкімшілігінде, 1999 жылы аудандық «Толқын» газетінде жауапты қызметтерді нағыз толысқан, біліктілігі мен парасат-пайымы артқан шақта басқарды. Әрбір ісі туған жері, қасиетті Аралын көркейтуге арналса, әрбір ізі толғауы тоқсан ұрпақ қадамына арналды. Толқыны мен айдынын, теңізі мен балығын, батыры мен абызын, табиғаты мен жер қойнауын, тұзы мен құмын, мирас мұрасын дәріптеуге қалам тартты. Сырға тұнған жазбалары ел мұратын біріктіруге, отбасы құндылықтарын сақтауға, үлкеннен ізеттілікке, кішіден құрметтілікке, дос қадірін білуге, тәуелсіз еліміздің іргесіне бекем болуға, рәміздеріміді қадір тұтуға, ұлттық сал-санамызды жаңғыртуға бағытталды. Өзі қасиетті «Қағбаға» балаған қасиетті мекен «Толқын» газетінде айшықты мақалалары көзі ашық оқырманның жадында сақталды. Ел ағалары дарынды журналистің әрбір жазбасына оң бағасын беріп, тілеуқош пейілдерін арнады. Жазушы, ауданымыздың құрметті азаматы Шәкірат Дәрмағамбетов «Ауданымыздың ғана емес, облыстық, республикалық газеттерге де көлемді, таңдаулы мақалаларды «Өндіре» жазған талант иесі – Құндыз» деп пікірін жазса, Қазақстанның құрметті журналисі Жұмабай Жақып «Редактордың орынбасары Құндыз шабыттанған сәтте бір өзіне "Толқынның" бір беті жетпейді» деп шабыт иесінің журналистік жүйрік шабандоздығын айшықтап лебізін білдірді. Ал әріптес, сыйлас ағасы Толыбай Абылаев «іскер ұйымдастырушы, еңбеккеш журналист» деп бір ауыз сөзбен бар болмысын дөп дәріптеген.
Сөз сойылы соғылған ғибадатханада төстікті тезге салып, «көрікпен» жел қауып, алау отқа сөз құдіретін балқытып, балғамен бабын келтіріп , иінін жазып көркем дүниенің көркін қыздырып қаншама жас өркен өсіп келеді Абай Елеш бастаған Алтынбек, Оңталап ескі шеберхананың отын сөндірмей, қызыл оттан, қызыл шоқтай болып жарқырап қызмет арқасында жүр. Иә, бұл – тоқсан жылдық тарихы бар кенен орданың бүгінгі шамшырақтары. Ал Құндыз Ержігітқызы – сөз зергерлерінің ақылшы шебері, мәртебелі тәлімгері.
Бір адам оттай ыстық күні қолына шам алып, ел арасынан бірдеңе іздеп жүріпті. Қолындағы май шамының білтесінен білінер-білінбес оты маздаған шырағданын көтеріп, әрбір жанға тесіле қарап, адамдар ішінен «адам» іздесе керек. Ежелгі грек философы Платон «Адамзаттың алғашқы ұстазы» Аристотельді осылай іздеп тапса, мен де өмір жолымда бағдаршамдай бағыт беретін, әріптестік тәлім-тәрбие, сарқылмас ілім беретін жаны таза, мейірбан ақылшы жанмен осылай кездестім және таптым.
Ал қаншама жастарымыз адамдар арасынан «Адам» атты ұлы есімнің иесін іздеп шарқ ұрып жүр...
Айбек ЕСМАҒАМБЕТ,
Арал аудандық «Балықшылар» музейінің ғылыми қызметкері