Көңілге сәуле құйған сапар
– Құдайдың құдіреті, қолымызды аспанға көтерген сәттен бастап көзімізге жас келді. Бойымыздан өтіп жатқан бұл құбылысты өзіміз де түсіндіре алмаймыз. Зияратқа барған жиырмамыздың да жүрегімізді керемет күй шарпыды. Дұға қылған алақанымызды түсірмей ұзақ тұрдық, – деді Мейрамкүл апай.Шұрайлы әңгіме тарқатып отырған шағын топқа келіп мен де қосылдым. Ортадан қосылған соң Мейрамкүл апайдың әңгімесін бөлгім келмеген, бірақ мектеп бөлмесіндегі мәнді сұқбаттан құр қалғым келмей:
–Апай, қайда сапарлап келдіңіз? – дедім жандарына жайғасып.
Сөйлеу мәнерімнен «басынан бастаңызшы» деген өтініш те сезіліп тұрса керек, апай да қарсылық білдірмеді, керісінше осы сөзді күткендей лезде әңгімені жалғап әкетті.
– Биыл мектеп бітіргенімізге 40 жыл толды. Мерейлі сәт қой, бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар, қаншама сыныптасымыз қазір ортамызда жоқ. Міне, соларды еске алайық, ұстазымызға құрмет қылайық деп қатар-құрбы атап өтеміз деп шешкенбіз. Содан құр думан қылмай, мағыналы өткізуді жоспарладық, мезгіл-мекенін белгіледік. Алдымен сырттан келетін сыныпастарымызды күтіп алу, одан соң ауылда бірнеше басқосу өткізу, қонақасы ұйымдастыру деген секілді... Марқұм сыныптасымыз Мырзабектің шаңырағынан қонақасын ішіп, рухына Құран бағыштадық. Одан Бақытжанның, Рысбайдың дастарқандарынан дәм татып, түнгі ауылды тамашаладық. Сыныптастар отырысында ең алғаш қалам ұстатқан Әлияш Қамашова апайымызға құрмет көрсетіп, тілегін тыңдап, батасын алдық. Әйтеуір не керек, көп жыл көрмеген достарымызбен хал-жай сұрасып, марқайысып қалдық. Одан соңғы ең басты шарамыз Тараз қаласында тұрып жатқан, бізге сынып жетекшілік жасаған ұстазымыз Рахима Жүнісбаеваға арнайы барып, шәкірттік шын ниетімізді, құрметімізді көрсету болды. Одан бөлек, Оңтүстік өңірге экскурсия жасауды да ойластырдық. Жоспарды тиянақтап алған соң Алладан медет тілеп, жолға шықтық.
Жап-жаңа көлік, жайлы орын бізге жол азабын сездірген жоқ. Теңіз бетіндегі қайықтай тербетіп отырып ұлы жолдың бойымен жүйткіп отырды. Ең алғашқы аялдамамыз – Түркістан шаһары. Қожа Ахмет Ясауи мен Арыстанбаб бабалардың басына барып, әулиелерге тәу етіп, Құран бағыштауға ниеттендік. Ақыры не керек, сан әулие жай тапқан, ғайыптан сыр тартқан оңтүстік өңірге де келдік. Көне қала ескі мен жаңаның арасына алтын көпір салып, тарих пен бүгінгіні тамырластырған. Алдымен Арыстанбаб әулиеге тәу еттік. Бір тасы бұзылмай бүгінге жеткен кесенеге келушілердің қарасы қалың. Осы бір сәтте ғой, қол жайған қалпымызда көзімізге жас үйірілгені. Іштей тыныстап, өзімізге естілер күбірмен бар тілегімізді айтып жатырмыз. Одан соң мыңжылдықтардың куәсіндей менмұндалап тұрған Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келіп, түркі тектес халықтарға ортақ әулиенің күмбезді үйін аралап, мал шалып, садақа еттік. Өмірден өтіп кеткен достарымызға, ұстаздарымызға Құранның шарапатын тіледік. Осы рухани рәсімнің барлығы біздің бойымызды жеңілдете түскендей. Кейде күйбең тірліктен көз ашпай, дүниенің талауына түсіп жүріп, жанның қалауын ұмытып кетеміз-ау. Баба басына келгенде адамдық болмысымыз қайта ашылып, рухани тазалыққа түскендей болдық.
Одан кейінгі бағытымыз – Жамбыл облысындағы Сарыкемер ауылы. Тұмса табиғатпен тыныстап отырып, сынып жетекшіміз тұрып жатқан ауылға келіп тоқтадық. Жақындаған сайын бойымызды жылылық билеп барады. Апайды көрген бетте қанша жылдан бері ұстаздық жолда жүрген менің мұғалімдік мінезім лезде жоғалып, балалық сезім қайта оянып, еңгезердей сыныптың ұлдары шағын бойлы Рахима апайдың құшағына сыйып жатты. Төсек тартып жатқан апайымыздың қол-аяғы жеңілдеп кеткендей... Жүрек түкпіріндегі ауылға, оқушыларына деген сағыныш тұнық көзінен тамшы болып сырғанап жатты. Ұстаз туралы ән шырқап, би тербетіп, айнала толғадық. Кеудеде қуаныш, көзде жас, ерекше күй кештік. Енесін іздеген қозыдай жамырасқан шуылымыз одан өрі амандық-саулыққа ұласты. Бізбен бір сыныпта оқыған жалғыз ұлы Карим мен жары Мешітбаев Мұхиядин ағайдан айырылып отырған апайдың сынық көңіліне сәл де болса демеу болғанымыз іштей қуантты. Әруақтарға дұға етіп, өткенге салауат білдірдік.
Тас түскен жеріне ауыр. Қанша қиындықты өткеріп отырса да сол бір байыпты қалпымен, басын тік көтеріп отырған ұстаз болмысына таңғалумен болдым. Қандай сүйегі асыл, мықты кісі?! – деп сәл кідірді Мейрамкүл апай. Осы бір сәтте мектеп басшысы Күлайша Тәниқызы үзіген әңгіменің желісін жалғады.
– Иә, Рахима апай бәрімізге ұстаз болған керемет жан. Мұғалімдік деген білгенге мехнатты жол ғой. Мыңның баласын тәрбиелеп, жүзден жүйрік оздырып, бар балаға шуағыңды шашу салмақты да, сауапты іс. Рахима апай осы бір жауапкершілікті тұлабойымен сезінген ұстаз болды. Тіпті, менің ұстаздыққа қадам басуыма Рахима апайдың келбеті әсер етті. Оның өзін-өзі ұстауы, сабақты түсіндіруі, бәрі-бәрі жарасып тұратын. Қазақ тілінің теориясын санаға сіңіріп, әдебиет әлеміне жетелеуі ерекше еді, – деді. Өзге көзкөргендер де рас екенін айтысып жатты. Ұстаздық жолды жалғаған келесі буынның естелігін естіп отырып, сабақтастық деген осы болар дедім іштей... Одан соң үзілген әңгіме қайта жалғанды.
Сынып жетекшіміз бізді құр жібермей, ауылда қонақ етіп жіберді. Тура 40 жыл бұрынғы кейпіміз еске оралады. Тек мойнымызға қызыл галстук жетпейді. Әттең, төрт көз түгел болса ғой дейміз. Сол күні жұрттың аузында біз жүріппіз. Көрші-көлем мұндай құрметті бұрын көрген жоқпыз деп жатысты. Мыңдаған шақырымды артқа тастап, арнайылап ұстазды ұмытпай әспеттеген шәкірттерге алғыс жаудырып жатты ауыл халқы.
Қуаныш үстінде жүріп, қайтар уақыттың таяғанын да сезбей қалыппыз. Саулық тілесіп қайта жолға шықтық. Таразға бара жатқанда көне Түркістанның кереметіне куә болсақ, енді қаланың жаңа келбетімен таныспақпыз. Түркістан мен ауыл арасын жол қылып, сауда әліппесін осы өңірден үйренген сыныптасымыз Амантай Керимов «бұл менің екінші өлкем, сондықтан маған қонақсыздар» деп арнайы дастарқан жайдырып, ас берді.
Одан соң рухани астананың сом қалпын тамашалауға кірістік. Саябақтар, зәулім ғимараттар, жанға жайлы орындар мың естігенше, бір рет көретіндей. Қала ортасынан өтіп жатқан жасанды өзен әйгілі Венецияны еске түсіреді. Осылайша сұлу шаһардың суретін тауысып бітуге бір күнімізді арнадық. Одан соң ең соңғы нысанымыз – Қорқыт бабаның монументі. Қайта жаңғырған ескерткішті көбіміз алғаш рет көріп тұрмыз. Қобыз кескінді кесененің кереметіне сөз жетпейді. Желдің өбімен шығатын қобыз үні Жосалы жерін әуенге бөлеп тұрғандай. Қорқыт бабаның мәңгілік мекенінде дұға бағыштап, ауылға беттедік...
Айтып-айтпай не керек, бұл сапар бізге біраз нәрсені ұқтырды. Әсіресе, ауылды сағынып келген сырттағы сыныптастардың көңілінде ерекше орын алды. Сан тарапта алуан шаруаның басында жүрген біз бір сәт бала болдық, бауыр болдық. Өткенді еске алу арқылы болашағымызға энергия жинадық. Осы үшін бір-бірімізге, ұстаздарға алғыстан өзге айтарымыз жоқ, – деді Мейрамкүл апай.
Әлгіннен бері мойын бұрмай тыңдап отырған маған бұл басқосу ерекше әсер етті. Қандай қуанышты болмасын даңғазаға ұластыратын қазіргі уақытта кез келген істі осындай мән-мағынаға толтыру керектей көрінді. Шынында да, аядай ғана бір сынып бөлмесінен тарау-тарау жолға түскен достардың осы бір өнегелі ісі көптің көңіліне сәуле түсірсе екен дейміз.
М.ЖАСҰЛАН